Азат Перуашев халықтың кредитін кешіруде әділетсіздік барын айтты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Мәжіліс депутаты кредитті адамның мүмкіндігіне қарай беру керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мұқтаж адамдардың кредитін кешіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бұл жерде әділетсіздік бар. Себебі кредитті төлемеген адамдарға жеңілдік жасалып отыр. Ал тура сондай көп баласы бар, бірақ кредитті уақытында төлеп отырғандарға ештеңе жоқ. Қалай төледіңіз, тура солай төлей беріңіз деген сияқты», – деді Перуашев журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, осы акцияны бастаудың алдында барлық мәселені ескеру керек еді. Сөйтіп, заң аясында реттеп қойған дұрыс. Депутат кредит алғанда мүмкіндікке қарау қажет деп санайды.

«Кредитті жабуға жағдайым болмаса, мен оны алмайтын едім. Мәселе сонда ғой», – деп атап өтті Перуашев.

Тағы оқыңыз: Мемлекет қарызын өтегендерге қайта кредит беріле ме?

Оның ойынша, кредитті кешіргеннен кейін банктен несие алуға қиын болады. Себебі берешек мемлекет тарапынан өтелсе, банк ондай қарыз алушыларға басқаша қарайтын болады.

«Банктер ол адамдарға күдікпен қарайды. Себебі бұған дейін қарызды өз күшімен жаба алмады. Сондықтан осы мәселені де заңмен реттеп қою керек еді», – дейді Перуашев.

Айта кетсек, президенттің жарлығына сәйкес көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асырушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың кредитінің 300 мың теңгесі мен оған жазылған өсімпұлдары кешіріледі. Бірақ қарыздың жалпы сомасы 3 миллионнан аспауы керек.

Тағы оқыңыз: Кредит бойынша қарыздың кешірілгенін қалай білуге болады?

Бүгінде кредиті кешірілетін адамдардың тізімі электронды үкімет порталында бар. Сол жерде электронды-цифрлық қолтаңба арқылы кез келген адам тізімде бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ, «111» байланыс орталығына хабарласып, қажетті ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар.



sputniknews.kz

Загрузка...