«Ауыл» партиясының үміткері Рақымбеков құжаттарын тапсырды

0

«Ауыл» партиясы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған Төлеутай Рақымбеков 26 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді. Ол қазақ тілі сынағын 27 сәуірде тапсырады. Бұл туралы ОСК хабарлады.

26 сәуірде «Қазақстан кәсіподақтар федерациясы» ұсынған кандидат Амангелді Таспихов қазақ тілі сынағын тапсырды. Тіл комиссиясы Таспихов «қазақ тілін жетік біледі» деген шешім шығарды. Ол «Менің елім» тақырыбына шығарма жазып, Қадыр Мырзалиевтің шығармаларын оқып, «Тіл тағдыры — ел тағдыры» тақырыбында ой-толғау айтқан.

«Ақ жол» партиясы ұсынған үміткер Дания Еспаев да 26 сәуірде қазақ тілі сынағын тапсырды. Сынақ нәтижесі әлі жарияланған жоқ.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президен сайлауына кандидаттар ұсыну 28 сәуір кешке дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:

Azattyq