Атамбаевты ұстау операциясында он шақты адам жараланды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Бішкек уақытымен кешкі сегіздер шамасында арнайы жасақ елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таштағы үйіне келді. Елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы жасақ тек резеңке оқтармен қаруланғанын, операция жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Атамбаевтың жақтасы Мирбек Айтикеев әлеуметтік желіде бір сағаттай тікелей трансляция таратты. Видеода Атамбаев үйінің маңында маска және арнайы жасақтың формасын киген қарулы адамдар көрінді. Видеодан мылтықтың дауысы да естілді. Кейін аймақта байланыс пен интернет нашарлап, тікелей эфир үзіліп қалды. Атамбаевтың жақтастары оның үй ішінде отырғанын айтты.

Азаттықтың Қырғыз қызметі кем дегенде 15 адамның жараланғанын, біразын ауруханаға алып кеткенін хабарлады. Жараланғандардың арасында 24.kg сайтының тілшісі Аида Жумашева да бар. Оның аяғына резеңке оқ тиген.

Елдің денсаулық министрлігі Кой-Ташқа 8 жедел жәрдем бригадасы жіберілгенін мәлімдеді. Министрлік кешкі тоғызда жараланған бес адам Арашандағы Бішкек травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығына жеткілгенін хабарлады. Министрлік дерегінше, Кой-Ташта уақытша медициналық бөлімше ашылды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері Кой-Таш аймағында ұялы байланыс нашарлағанын, ауылға кіреберісте полицейлер тұрғанын хабарлады. Атамбаевтың жақтастары Кой-Ташқа кірер жолдағы ағаштарды құла бастағаны да айтылды. Кой-Ташта жүрген Атамбаевтың қолдаушылары үйге кіруге тырысып жатыр. Азаттықтың Қырғыз қызметінің ақпаратынша, Атамбаев үйінің бір бөлігі өртеніп жатыр.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қысқа мерзімді демалысын үзіп, Бішкекке қайтып келе жатқаны хабарланды. Жээнбеков 5 тамызда қысқа мерзімді демалысқа шыққан.

Жогарку Кеңештің экс-спикері, депутат Чыныбай Турсунбеков Атамбаевты ұстау әрекеті кезіндегі қақтығысты «Қырғызстанның абыройына дақ салатын өкінішті жағдай» деп бағалады. Ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне «Мәселе тіл табысу жолы арқылы шешілу керек еді. Өзара түсіністік әрекеті жоқ. Бәрі амбицияға тірелген оқиға» деді.

Алмазбек Атамбаев Кой-Ташта. 27 маусым 2019 жыл.

Алмазбек Атамбаев Кой-Ташта. 27 маусым 2019 жыл.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

Шілденің соңында Атамбаев Ресейге барып келген. Онда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Атамбаевтың сөзінше, ол Путинмен Қырғызстандағы ахуал, саяси тұрақтылық қажеттігі жайлы сөйлескен.

Кремльдің хабарлауынша, Путин Атамбаевпен «аймақ пен Қырғызстандағы ахуалды» талқылаған. Хабарламада Путиннің қырғыздарды қазіргі президент төңірегінде топтасып, мемлекет дамуына көмектесуге шақырғаны да айтылған.

Azattyq

Загрузка...