«Асылдық» Ғалия өмірдегі қиындықтары мен алғашқы жүктілік кезіндегі қателіктерін айтты – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

«Дүниеге бала әкелсем, өнерім де, бизнесім де құлдырап кетеді» деп қорқатын қоғамда нәзік жандылар көп. Алайда мұндай үрей «Асылдық» Ғалияны ешқашан мазалаған емес. Бүгінде екінші перзентін күтіп жүрген арумен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, алға қойған мақсаттарын, өмірлік ұстанымдарын біліп қайтты.

Ғалия МаратқызыСурет: instagram.com/galiyamaratkyzy/

— Жоспарлы сәби көтеру туралы не айтар едіңіз? Қаншалықты қолдайсыз?

— Әрине, дұрыс қой. Толықтай қолдаймын. Қазір небір вирустар мен ауру түрлері дамыған заманда отбасының әр баланы жоспарлап, емделіп, тазаланып, ниет қылып, тілеп көтергені дұрыс деп ойлаймын. Бірақ, бәрі Алланың бергенімен, бұйырғанымен болады. Мысалы, біз бірінші баламызды жоспарлап күтіп жүрген едік. Алайда, бірінші сәбиіміз Алланың тосын сыйы ретінде болды. Ал екінші сәбиімізді жоспарлап, мен емделіп, дәрігермен кеңесіп, диета сақтап, тазаланып, ниет етіп екінші бөпемізді көтердік. 

— Яғни тұңғышыңызға жүктілік қиын өткен сияқты ғой?

— Иә, әсіресе босанатын кезде біраз қиындықтар болды. Балам ішімде кіндікке оралып қалыпты. Содан мені жедел түрде ота жасауға алып кетті. Былайша айтқанда, бір өлімнен аман қалдық. Аллаға шүкір, қазір сол ұлымыз азамат болып өсіп келеді. 

— Отағасының серіктес ретінде перзентханаға кіруін қолдайсыз ба?

— Тұңғышымды босанатын кезде жолдасым менімен бірге кіреді деп жоспарлап қойған едік. Бірақ, бәрі жоспардағыдай болмады. Жоғарыда айтып өткендей маған жедел ота жасау керек болды. Ал күйеуім есіктің артында қалды. Негізі қолдаймын. Меніңше, оның ешқандай жамандығы жоқ сияқты. Керісінше, жарының өмір мен өлімнің арасында арпалысып сәбиін дүниеге әкелгенін көрген ер азаматтың отбасына деген сыйластығы мен құрметі, махаббаты басқаша болатын сияқты. Оның үстіне бәрін көрсете беретін дәрігерлер де жынды емес қой. Ер адамдар тек бас жағыңызда тұрып, моральдық көмек береді ғой. 

— Бала тәрбиесінде қандай қателік жіберуден қорқасыз?

— Мен, біріншіден, өз баламды ренжітіп және қорқытып алудан қорқамын. Есіңізде болса, біздерге ата-аналарымыз көп нәрсеге тыйым салатын: былай болмайды, ананы жасама, мынаны жасама деп. Оларды да түсінуге болады, әрине. Біздің болашағымыз үшін алаңдады ғой. Бірақ, қазіргі балаларға олай тыйым салуға болмайтын сияқты. Мықты бала психологтары да, бала тәрбиесі туралы кітаптарда да психика жағынан қорқытпауға кеңес береді. Мен оны қолдаймын. Шынымен де, кішкентай балаға мынаны жасама, ананы ұстама дегеннен гөрі дұрыстап түсіндіруге тырысу керек.

Тіпті, баланы қақпай, еркіндік беріп, қалаған нәрсесін жасатып көру керек деп ойлаймын. Басына тиген кезде ғана олар дұрыс еместігін түсінеді. Мен сондай позицияны ұстанамын. Өзім қатты ұрысып, ұрудан, балама қатты ашулы кездерімді көрсетуден қорқамын. Және жолдасыма да үйге негативті немесе жаман көңіл-күймен келме деп айтып отырамын. Баламның бойына тек позитив жинағым келеді. 

Ғалия Маратқызы

— Қандай бизнес ашуды армандайсыз?

— Негізінде мен бизнеске, ақшаға құмар емеспін. Бизнес ашуды армандамаймын. Менің жолдасымның жұмысы жақсы болып кетсе деп армандаймын. Үлкен сахнаға ұшып, өзінің мықты әнші, әртіс, музыкант екенін көрсеткісі келеді. Мен де жолдасымның қандай мықты музыкант екенін күллі қазақ білсе екен деп армандаймын. 

— Әдемісіз. Сұлусыз. Тұрмыс құрмаған кезде қымбат сыйлықтарды көп алған шығарсыз? Ең қымбат сыйлығыңызды айтып бересіз бе?

— Әрине, мен үшін ең үлкен сыйлық – отбасым, жолдасым, ұлым, болашақ сәбиім. Ал, материалдық түрде болса, маған ешкім ешқашан қатты қымбат сыйлық берген емес. Әрине, «Асыл» тобының қыздарымен бірге тұрғанда продюсеріміз брендті көзілдірік, сөмке т.б. сыйлайтын. Басқа үлкен сыйлықтар есімде жоқ екен. Көлікті де, пәтерді де өзіміздің адал еңбегіміздің нәтижесінде келдік, ұнаған заттарды да өзім сатып алдым. Тойымызға ең көп ақшалай берген менің ағам мен жеңгем. Бір миллионнан астам ақшалай сыйлық берген еді. 

— Қазір отбасылық дуэттер өте көп. Жұлдыз жұптарға деген сұраныс та аз емес. Жолдасыңызда өнер адамы ғой. Дуэт болу жоспарда жоқ па?

— Отбасылық дуэт болу менің жоспарымда болған. Ал жолдасым оған жеңіл қарайды. Мен оған «Екеуміз күштілеп тойдың әнін жазайық. Тойға шығайық. Сені – музыкант, мені – «Асыл» тобының әншісі ретінде біледі. Ақырын-ақырын қимылдап, біз де дуэт болып шығайық. Қанша адамдар шығып жатыр ғой» деп айтамын. Бірақ, жолдасым тойдың әндерін айтуға қарсы. Білетін шығарсыздар, Ален саксофонист, кәсіби музыкант қой. Оның музыкалық тәрбиесі, көзқарасы Еуропа, Америка жаққа келеді. Сондықтан, мен оны той индустриясына қарай бұра алмай жатырмын.

Бірақ, өзім де «тойский» әндер айтқым келмейді. Бізде таза тойдың билейтін әні шығады деп ойламаймын. Бізде әдемі бір аккордтармен, гармониясымен ерекше ән шығатын сияқты. Әрине, оған да уақыт, қаражат, идея, жарнама керек. Музыкасын Ален өзі жазады. Оның сазгерлік туындылары да ерекше. Кейде «осы әнді маған берші, ақындарға сөз жаздырайын» десем, қарсылық білдіреді. Өз-өзіне сенбейді. Әр шығармасына үлкен сынмен қарайды. Сондықтан да, бізден әзірге отбасылық дуэт шықпады. 

— Егер бір чемодан ақша тауып алсаңыз, не істер едіңіз?

— Доллар ма, әлде теңге ме? Бір чемодан теңге тауып алсам да, күшті болар еді. Бірақ, маған ондай оңай олжа ешқашан кездеспейді. Ал егер тауып алсам, қайырымдылық жасаймын деп өтірік айтпай-ақ қояйыншы. Өзімізге көп нәрсе керек. Үй алатын едім, екі жақтың ата-анасына көмектесетін едім. Одан ақша қалып жатса, науқас балалардың еміне жұмсайтын едім. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.



stan.kz

Загрузка...