Әскери сарапшы Ердоғанның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Әскери шолушы Юрий Котеноктың пікірінше, Түркия өңірлік держава дәрежесіне ұмтылып қана қоймай, стратегиялық деңгейге шығуды көздеп отыр 

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Түркия президенті Режеп Ердоған Ресейден С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алу туралы шешімінен бас тартпайды. Әскери шолушы Юрий Котенок Sputnik радиосының эфирінде бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.

Режеп Ердоған америкалық президент Дональ Трамппен Вашингтонда кездескеннен соң, Түркия ресейлік С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алуға құқығы бар екенін мәлімдеген.

«С-400 зымыран кешенінен толығымен бас тарту талабы дұрыс емес деп ойлаймыз. Одан толығымен бас тартып, Patriot-қа (америкалық әуе шабуылына қорғаныс жүйесі) көшу мүмкін емес. Біз Patriot-ты сатып алуымыз мүмкін екенін айттық. Бірақ оны сатып алып, С-400-ден де бас тарта алмаймыз. Бұл – біздің құқығымыз», — деді президент түркиялық журналистерге ұшақ бортында. Ақпаратты түркиялық NTV телеарнасы таратқан.

Режеп Ердоған АҚШ-қа сапары сәтті болғанын, әрі арадағы түсінбеушілікті шешу үшін диалог орнату қажеттігін айтқан.

«Біз F-35 (америкалық әскери ұшақ) келіссөздерінен нәтиже күтеміз. Бірақ мен осы жолы бұл мәселеде Трамптың көзқарасы оң екенін байқадым», — деді мемлекет басшысы.

Осы орайда Sputnik радиосының эфирінде әскери шолушы Юрий Котенок бұл мәселелерге қатысты өз ойын айтты.

«Ердоған тағы да алған бетінен қайтпайтын позициясын көрсетті. Бұл маңызды қадам. Яғни әлемде бір мемлекет басқаларға өз дегенін жасай алатынын көрсеткісі келеді. Сондықтан Ердоған зымыран кешенін сатып алу мәселесінде АҚШ-тың ұсынысын қабылдамай отыр», — дейді Юрий Котенок.

Алайда Түркия билігінің алдында қиын таңдау тұр.

«Түркия өңірлік держава дәрежесіне ұмтылып қана қоймай, стратегиялық деңгейге шығуды көздеп отыр. Мұнда Ердоғанның алдында өте қиын міндет тұр. Себебі, солтүстік альянс келісім ұйымының (НАТО) мүшесі бола тұрып, Мәскеумен де байланысты жақсарту қажет. Бұған Америка Құрама Штаттарының көңілі толмайтынын көріп отырмыз. Сондықтан Ердоғанның АҚШ-қа сапары барысында оны өз ойынан айнытуға әрекет жасалды», — дейді әскери шолушы.

Оның айтуынша, Ердоғанның (С-400 зымыран кешені туралы – редакция) мәлімдемесі президенттің өз пікірінен бас тартпағанын білдіреді.

«Алайда америкалықтардың түрлі әрекеттерге бара алатынын ұмытпайық. Олар мұны Түркия билігіне қолдануы мүмкін. Сондықтан бұл жағдай Түркияны өңірдегі әскери-саяси және басқа да саяси арандатушылыққа тартуы мүмкін», — дейді Юрий Котенок.

Айта кетейік, Түркияның Ресейден С-400 әуе шабуылына қорғаныс жүйесін сатып алуы, 2019 жылы шілденің ортасында Анкара мен Вашингтон арасының суып кетуіне себеп болған. Түркия билігі С-400 зымыран кешені толығымен 2020 жылдың сәуірінде іске қосылатынын мәлімдеді.

Вашингтон Түркия билігіне бұл ойынан бас тартып, Patriot америкалық әуе шабуылына қорғаныс жүйесін сатып алуды талап еткен. Ал егер бұл талап орындалмаса, бұл елге F-35 әскери ұшақтары сатылмайтынын, әрі санкциялар енгізілетінін мәлімдеген. Соған қарамастан Анкара бұл талапты орындаудан бас тартқан.

 



sputniknews.kz