Арыста жараланғандардың қазіргі халі

- Жарнаманы баса кетіңіз -

«АРТЫМЫЗҒА ҚАРАМАЙ ҚАШТЫҚ»

73 жастағы Жұмабек Қалымбетов – Арыстағы әскери қару-жарақ қоймасы жарылған кезде жарақат түскен 77 адамның бірі. Өртенген қоймадан атқылаған оқ-дәріден бас сауғалап қашып бара жатқанда снаряд жарылып, жарықшағы басын жыртқан. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы Жұмабек Қалымбетовке ота жасап, емдеген.

– Таңғы асымызды кемпірім, балам үшеуміз бірге ішіп отыр едік. Үш немерем алаңсыз ұйықтап жатқан. Гүрс етті. Терезелер сынып, сыртқы есік жұлынып ішке түтін кірді. Балаларды оятып, сыртқа жүгіріп шықтық. Әскери қалашық жақта тағы бір рет жарылыс болып, жан-жақтан снаряд ұша бастады. Жұрт көшеге шығып, қашты. Есік ашық қалды. Үйдегі құжаттарды алып үлгермедік. Артымызға қарамай біз де қаштық, – дейді ол.

Ақсақалдың айтуынша, жарылыс кезінде босқан жұрттың күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жыпырлаған көлік, өріп бара жатқан жұрт. Жан-жақтан атқылаған снаряд. У-шу. Жұмабек Қалымбетов бір шақырымдай жүріп, мешітке жете бергенде снаряд көлікке тиіп, жарылған. Басын снарядтың жарықшағы кесіп, үсті-басы қан жоса болған. Баласы жейдесін шешіп, басына таңған. Көтеріп, мешітке кіргізген.

– Қан тоқтамады. Мешітті балаларымен бірге паналап отырған бейтаныс келіншек мені көріп, күйеуінен үйінен дәрі әкелуді сұрады. Жақын маңда тұрса керек, алып келді. Сол дәрімен қанды тоқтатты. Енді ес жиғанда «Ойбай шығыңдар, су келе жатыр!» деді. Жанталасып жедел жәрдем көлігіне мінгізді де, әуелі Ақтас ауылына тоқтап, сосын Монтайға алып барды. Арыстың бас дәрігері сол жерде екен, бірден Шымкентке жіберді, – дейді ақсақал.

Жұмабек Қалымбетов снаряд жарылғанда жарықшағы тиіп, қайтыс болған Панабек Есмағамбетовпен бірге құлағанын айтады. Оның сөзін жалғаған зайыбы Тұрдай апа: «Ол кісі (Панабек Есмағамбетовті айтады – ред.) тіл тартпай кетті» дейді. Снаряд түскен көліктің сол жағында қашып бара жатқан Жұмабек Қалымбетов басы жараланған соң тәлтіректеп артқа қарай шегініп құлаған. Көліктің оң жағында көк жейделі, бас киімі бар Панабек Есмағамбетов құлаған күйі орнынан тұрмаған. Жарылыстан қашып, мешітке кірген жұрт марқұмның мәйітін далада қалмасын деп ішке кіргізген.

– Ауруханаға барған соң шалым: «Үйге кетем, мешітке барам» деп сандырақтай берді. Балам күндіз-түні әкесінің қасында болды. Немерелерім қорқып қалған ғой. Сол кезде мына балам (алдында жатқан шамамен алты жастағы немересін көрсетті, бала бетін жауып әжесінің қойнына тығыла қалды) тілден қалды, Ақтасқа барғанда бір-ақ сөйледі. Ана қызым (бөлменің бір бұрышында отырған шамамен 7-8 жастағы қызды көрсеткенде оның көзі жасаурап кетті) қорыққаннан қолымнан шығып кетті. Қашып бара жатқан жерінен әкесі ұстап алды. Құдай сақтады, сол күнді ешкімге көрсетпесін, – деді Тұрдай апа көзіне үйірілген жасын жасырып.

Азаттық тілшісін үйінен балдаққа сүйеніп шығарып салған Жұмабек Қалымбетовтың қазір денсаулығы жақсарып келеді. Басын медициналық дәкемен орап алған. Күнде дәрігерлер келіп, жара орнын тазалап, таңып кетеді. Жұмабек Қалымбетовті жарақаттап, Панабек Есмағамбетовтің өліміне себепші болған снаряд түскен көшедегі ойық топырақпен тегістелген. Сол маңдағы қашқан жұртқа пана болған мешіт зақымданбаған.

Жарылыстан жараланған 28 жастағы арыстық Жұлдызай Асанова қазір туыстарын паналап жүр. Жүктілігіне 23 апта толған. Маусымның 24-інде емханаға анализ тапсыруға барған. Үйіне қайтар жолда жарылыс басталған. Қашып бара жатып, Арысқа кіре берісте Арыс-Шымкент тас жолының бойында орналасқан жанар-жағармай құю бекетінің тұсына келгенде мертіккен.

Осы тұста қашқан жұрттың алдына снаряд түсіп, жер опырылып, тастар ұшқан. Сол кезде білегіне тас қиыршығы кіріп, аяғы мен бөксе тұсын кесіп кеткен. Бірнеше адам жарақатына қарамай жүре берген. Алдынан күтіп алған ағасы Жұлдызайды Шымкенттегі бірінші қалалық ауруханаға көлігімен кешке жеткізген.

– Құдайға шүкір, өзім де, балам да аман. Он күн емделіп шықтым. Қолым әлі толық жазылған жоқ. Арысқа бармадым, Жетісайда төркінімде жүрмін, – дейді Жұлдызай Асанова.

ЕМДЕУ МЕН ӨТЕМАҚЫ

Арыс қалалық ауруханасының бас дәрігері Ерғали Әлімбаев жарылыс кезінде жараланған 67 қала тұрғын ауруханада емделіп шыққанын айтады. Төрт науқасты республикалық деңгейдегі медицина орталықтарына санавиациямен жеткізген. Олардың екеуі – ересек, екеуі – бала. Бес жаралы әскери қызметкерді әскери ауруханаға алып кеткен. Облыстық балалар ауруханасында жатқан 16 жастағы Бектөре Медетовтің емі әлі біткен жоқ.

– Зардап шеккендердің көбі жарылыс кезінде ауа толқынынан, снарядтар жарықшақтарынан зақым алған. Олар – тікелей жарылысқа қатысты бар науқастар. Одан бөлек, жарылыс кезінде жол апатына түскен бір бала Астанада емдеу орталығында жатыр, – дейді бас дәрігер.

Ерғали Әлімбаевтың айтуынша, жараланып, ауруханадан үйіне шығарылған Жұпар Есмағамбетова мен Жұмабек Қалымбетовке емдеп-таңу, басқа тұрғындарға психологиялық көмек жасалып жатыр. Жаралы болғандардың барлығын есепке алу, емін жалғастыру және сауықтыру орындарына жіберу әлі түгел шешілмеген.

– Жарақат алғандар толық жазылып кету үшін сауықтыру орындарына жіберу керек. Сол бағытта жұмыс істейміз, – деді дәрігер.

Күйеуі қайтыс болып, баласы мен өзі жараланған Жұпар Есмағамбетова «қаламаса да, амалсыздан Арысқа оралған». Ол үйінде балдақпен жүріп көңіл айтып келген жұртты күтіп, күйеуін жоқтап отыр.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, жарылыс кезінде снаряд жарықшағы тиіп, оқиға орнында қайтыс болған Панабек Есмағанбетовтің отбасына әкімдік пен Қорғаныс министрлігі қолма-қол миллион теңгеден өтемақы берген. Одан бөлек түрлі мекемелер мен кәсіпкерлер, қарапайым адамдар отбасына көңіл айтып, заттай және қаржылай көмек көрсетіп келеді. Жұмыссыз жүрген баласы жұмысқа орналастырылған.

Әкімдіктің мәліметінше, Есмағамбетовтар отбасы баспанаға мұқтаж адамдар санатына жатпайды, оларға заң бойынша жаңадан үй берілмейді. Қайтыс болған екі әскери қызметкердің отбасына қорғаныс министрлігі миллион теңгеден өтемақы берген. Екі отбасы да жалдамалы пәтерде тұрғандықтан оларға баспана алып берілетін болған.

– Жараланғандарға өтемақы беру қазірге қозғалған жоқ. Оларға өтемақы төлеу мәселесі әлі шешілген жоқ, – деді әкім.

Арыс қалалық ауруханасының бас дәрігері Ерғали Әлімбаевтың мәліметінше, маусымның 24-і күні Арыста болған жарылыс кезінде 77 адам жараланған. Олардың бесеуі – әскери. Төтенше оқиға кезінде екі әскери, бір тұрғын жан тәсілім еткен.

Azattyq

Загрузка...