Арысқа жөндеу жұмыстарына барған астаналық жол апатынан көз жұмды

0

Арыста қаладағы үйлерді жөндеу жұмыстарына барған Нұр-Сұлтан тұрғыны Ермек Түтебеков 8 тамызда жол апатынан қайтыс болды. Бұл туралы 9 тамызда Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің ақпаратынша, электр сымдарын орнатумен айналысатын «Астана РЭК» компаниясының жұмысшысы Түтебеков Арыс-Шымкент тас жолында көлік апатына ұшыраған. Рөлде өзі отырған. Жұмысшыны Арысқа Нұр-Сұлтан әкімдігі іссапармен жіберген.

2019 жылдың 24 маусымында Арыс маңындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Сол күні Арыс қаласынан 40 мыңнан астам адам жақын маңдағы елдімекендерге қашты. Жарылыстан үш адам қаза тапқан. Оның екеуі — әскери қызметкер, біреуі — бейбіт тұрғын. Жүздеген адам ауруханаға түскен. Солардың бірі 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда ауруханада көз жұмды. Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.

Жарылыстан қаладағы ғимараттардың біраз бөлігі қираған. Қазақстан билігі қаланы 17 бөлікке бөліп, әр аймақты қалпына келтіруді әр облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына берген. Нұр-Сұлтан Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 тамызға дейін аяқталады дегенімен қалада жұмыс әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайды.

Azattyq