Арыс тұрғындары паналаған пунктердегі ахуал

- Жарнаманы баса кетіңіз -

«ҚҰНДАҚТАУЛЫ БАЛАММЕН ҚАШТЫМ»

Шымкент қаласы әкімдігінің есебінше, маусымның 24-і күнгі Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстан соң Шымкентке келген тұрғындар саны 26 мыңнан асты. Олардың кейбірі туысқандарының үйіне барса, кейбірі қала тұрғындарының үйінде жатыр. Ал Түркістан облыстық әкімдігі ашқан Шымкенттегі 40-тан астам эвакуациялық пункте мыңдаған адам паналап отыр. Сондай пункердің бірі – «Ақмешіт» мешітіне маусымның 26-ы күні тағы мыңнан астам адам жиналды. Көбінің жанында балалары бар. Құндақтаулы баламен жүргендер де кездеседі. Мешіт алдындағы көгалға көрпе-көпшік төселген. Кейбірі осы жерде түнеген. Көбінің қолында нан мен су. Араларында бір реттік пайдаланатын ыдысқа тамақ салып алғандар бар. Мешіт қызметкерлері еріктілер алып келген киім-кешекті мешіттің артына төккен. Онда әйелдер отбасына қажетті киімдерді қарап, теріп алып жүр.

Мешіт жанында он шақты медбике қан қысымы көтерілген, басы ауырған не жүрегі айнып, іші ауырған адамдарға медициналық көмек беріп жатыр. Арыстан келген жұртты тіркеуге алып жатқан төтенше жағдай өкілдері де осында. Әр жерде қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген полицейлер де бар. Мешітке жақын көше бойындағы ағашты көлеңкелеп жүздей адам отыр. Ондағы балалардың бірі – ұйықтап, бірі ата-анасының етігінен ұстаған. Ойнап жүрген бала жоқ.

Шымкенттегі эвакуациялық пункте отырған тұрғындар. 26 маусым 2019 жыл.

Шымкенттегі эвакуациялық пункте отырған тұрғындар. 26 маусым 2019 жыл.

Бірін-бірі таныған тұрғындар Арыс қаласына кіргендерден қаланың күйін сұрап жатыр. Кейбірі үйінің жанып кеткенін естіп, «енді қайттік? қайда барамыз?» деп жылайды.

«Үйден шыққанымыз сол еді, үйге снаряд түсіп жарылды. Құндақтаулы баламмен бірге жерге құладым. Екі кішкентай балам етегімнен ұстап алған. Бәріміз қырға қарай қаштық. Үйіміз қирады. Арысқа бармаймыз, бара алмаймыз» деп жылады шамамен 30 жастағы келіншек.

Арыстықтардың ертеңгі күні не болады? Арысқа баруға қорқамыз. Жүрегіміз ауырып тұр.

Оның сөзін қоштаған жанындағы үш келіншек те «үйге бара алмаймыз» десті. Өзін Сәуле Байдабекова деп таныстырған тұрғын Арысқа баруға қорқатынын айтып көзіне жас алды.

– Арыстықтардың ертеңгі күні не болады? Арысқа баруға қорқамыз. Жүрегіміз ауырып тұр. Көзімізді ашсақ, соғыс сияқты болды. Қалай өмір сүреміз, қалай тыныш ұйықтаймыз, келешегіміз не болмақ? – деді ол.

Мешіт маңындағы әйелдер «балаларымыз Арыста түсірілген видеоларды көргенде бетін басып, басын шайқайды. Үш күніміз үреймен осы мешітте өтті» деді.

Көңілдері түскен әйелдердің жанына еріктілер азық-түлік пен киім-кешек әкелді. Сол маңда отырған отыз шақты әйел жалпа-жан тұрып, киім-кешектерге таласты. Қолына тиген затты алып шыққан әйелдің бірі «жалаң аяқ жүрміз, таласпағанда қайтеміз» деді. Мұндай сәттер бірнеше рет қайталанды. Бір уақытта сол маңға келген ер адам жиналып тұрғандарға ақша үлестіре бастады. Жақын жерде жол бойында отырған жас отбасыны ақшаға таласқан адамдар басып кете жаздады.

Шымкенттегі эвакуациялық пункте дәрігерлер тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. 26 маусым 2019 жыл.

Шымкенттегі эвакуациялық пункте дәрігерлер тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. 26 маусым 2019 жыл.

«Ақмешіт» маңында жүрген бірнеше тұрғын Азаттық тілшілеріне тек еріктілер ас-сумен көмектесіп жатқанын, биліктен «мардымды көмек болмай отырғанын» айтып шағымданды.

«ҚАНСЫРАП, ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

«Ақмешіттің» маңында Арыстағы жарылыс кезінде қаза тапқан 55 жастағы Панабек Есмағанбетовтің туыстары да жүрді. Марқұмның туысы Асылан Есенбаевтың айтуынша, Панабек Есмағанбетов жарылыс болғанда үйінен шығып қырға қашқан. Қашып бара жатқанда жанына снаряд түсіп, қалдықтары тиген. Оқиға орнында қансырап қаза тапқан марқұмның денесін жедел жәрдем қызметі Шардара қаласындағы мәйітханаға жеткізген.

– Әйелінің қан қысымы көтеріліп, Шардарадағы аудандық ауруханада жан сақтау бөлімінде жатыр. Мектепте оқитын баласының аяғы күйген. Ол да жан сақтау бөлімінде жатыр. Екеуімен де сөйлесе алмай отырмыз. Дәрігерлер рұқсат етпеді. Панабекті бір күн іздеп, денесін мәйітханадан таптық, – дейді Асылан Есенбаев Азаттыққа.

26 маусымда «Ақмешіт» мештінде Панабек Есенбаевтың жаназасы шығарылып, қаладағы зираттардың біріне жерленді.

«БАЛАЛАРЫМА ТАМ КЕРЕК»

Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасқан «Алтын бала» балабақшасында Арыстан келген екі жүзге тарта адам жатыр. Олар еріктілер мен жергілікті әкімдік көмек беріп жатқанын айтады.

Шамамен 200 шаршы метрге жететін залдың ортасында жерге екі қатарға ондаған төсек салынған. Осы жерде жеті баласымен жатқан ана Разия Мырзалиева жарылыс болған күнді күрсіне еске алады.

– Күйеуім Арыстағы әскери бөлімшеде істейді. Жұмысқа шақырып, сонда кетті. Жарылыс болған күні жеті баламмен бірге көршімнің үш баласын алып қаштық. Апамызды кейін таптық. Шашырап кеттік, – деді ол.

Осы тұста әңгімеге Разия Мырзалиеваның енесі Жаңыл Бекмамбетова қосылды.

– Нан жауып жатқанда балам келіп, «жарылыс болды, кеттік» деді. Қашып қырға шықтық. Бір көлік алмайды. Екі аяғымыз ісіп кеткен. Балаларыма «кете беріңдер, сендер аман болсаңдар болды» дедім. Қайтем енді, артынан балаларымды таппай қалдым. Кейін үлкен ұлымды кездестіріп, «балаларыңа ие болшы, айналайын» дедім. Балам кейін арықтан су әкеп беріп, балаларын іздеуге кетті. Балаларымның барлығын кейін Шымкенттен таптым. Енді балаларыма там (үй – ред.) керек, – деді ол жыламсырап.

Балабақшадағы арыстықтардың бірі – әйелін, енді бірі күйеуі мен балаларын таба алмай жатқанын айтты.

«Күйеуімді, балаларымды таба алмай отырмын. Тірі ме, білмеймін. Кім қайда, білмеймін. Қан қысымым көтеріліп, қайта-қайта ауырып қалып жатырмын» дейді өзін Сәрсенкүл Жұмаханова деп таныстырған әйел.

Оның айтуынша, жарылыс кезінде 58 жастағы күйеуі Марат Егембердиев бір баласын күтіп Арыста қалған.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Маусымның 26-ы күні Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада баспасөз мәслихатын өткізіп, Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.

Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

– Әкімдік қызметкерлері мен қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнімен-түнімен жұмыс істеп жатыр. Instagram парақшама есеп беріп отырдым. Өтірік ақпараттар тарады. Бәріне өзім жауап беріп отырдым. WhatsApp желісінде «үлкен бомба жарылады» деген аудиолар тарады. Бәрі жалған ақпарат. Осындай оқиғадан кейін «хайп» қуғысы келген адамдар өтірік ақпарат таратып, халықтың көңілін алаңдатып жатыр. Өзім де «Ақмешітке» бардым. Әкімдік пен еріктілер қолдан келген бүкіл шараны жасады, әлі де жасайды, – деді Шымкент әкімі.

Маусымның 26-сы күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те баспасөз мәслихатын өткізіп, Арыс тұрғындарын қалаға кіргізу үш күнге, яғни маусымның 28-іне дейін шегерілетінін айтты. Шөкеевтің сөзінше, билік Арыс қаласын бір айдың ішінде қалпына келтіруге тырысады.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің есебінше, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырықтан астам, облыстың басқа аудандарында жиырмаға жуық эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Сапер Арыс қаласынан снаряд іздеп жүр. 26 маусым 2019 жыл.

Сапер Арыс қаласынан снаряд іздеп жүр. 26 маусым 2019 жыл.

25 маусымда екі жүзге жуық адам Арыстың кіреберісіне барып, үйлеріне өтпек болған. Бірақ оларды сол маңда тұрған полиция мен әскерилер қалаға кіргізбеген еді. Билік «қалада 500-ге жуық саперлер жұмыс істеп жатқанын» хабарлаған.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq

Загрузка...