Арнайы жасақтың резеңке таяқ қолданғанын тексереміз

0

1 мамырда Нұр-Сұлтандағы наразылыққа жиналған адамдардың алдына келген полиция өкілі «арнайы жасақтың адамдарды резеңке таяқпен ұрғанын» тексеретінін айтты.

Наразылардың бірі полицияға арнайы жасақтың адамдарды резеңке таяқпен ұрғанын, сол сәтті видеоға түсіріп алғанын жеткізді.

— Видеоға түсіріп алсаңыз, бізге беріңіз. Заңға сай тексереміз, — деді полиция.

​1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ бірнеше адамды ұстап әкетті. Арнайы жасақ адамдарды ұстап жатқанда резеңке таяқ қолданғаны байқалды. Наразылар сол маңға келген прокурорлар мен полиция өкілдерінен ұсталғандарды босатуды талап етті. Полиция ұсталған адамдар «ұсақ бұзақылық жасағанын, көп ұзамай босатылатынын» айтты.

Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев — біздің президент емес!», «Дариға — спикер емес!», «Нұр-Сұлтан — астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халықтың пікірмен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айғайлады.​

Azattyq