«Араб Әмірліктерінде әр туылған балаға $150 000»: Қазақстан мұнайдан түскен пайдамен халықпен неге бөліспейді – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Отандық заңгер Алия Садырбаева үкіметке табиғи ресурстардан түскен пайданы халықпен бөлісу туралы арыз жолдамақ. Ол барлық қазақстандықтарды бейжай қалмай, бастамасын қолдауға шақырады. Stan.kz тілшілері қай елде табиғи қазба-байлықтан түскен қаржыны халыққа бөліп беретінін зерттеп, Қазақстанның да осындай тәжірибені енгізуге мүмкіндігі бар ма деген сауалды экономистерге қойды.

«Мен енді бұл халыққа қарсы үкіметке маған және менің отбасыма Қазақстанның сатып жіберілген байлықтарынан тиесілі үлесімді төлеуді талап етіп, азаматтық қуыным беруді шештім», – деп жазады әлеуметтік парақшасында заңгер. Сонымен қатар ол барлық қазақстандықтарды бейжай қарамауға, қолдау көрсетіп, азаматтық қуынымға қосылуды сұраған.

«Бізге болмашы жәрдемақы сияқты садақа қажет емес. Азғантай тиын-тебендері үшін ақталып жатырмыз», – дейді Алия Садырбаева. 

Дамыған елдерде табиғи ресурстардан түскен пайданың бір бөлігін халықпен бөліседі. Қазақстанда да оқтын-оқтын осы мәселе көтеріліп, біз неге Эмираттағы арабтар сияқты тұрмаймыз, бізде де мұнай бар ғой деп айтылып жатады.

Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Сауд Арабиясы сынды Парсы шығанағының жағалауында орналасқан елдерде елдің әрбір азаматына дүниеге келген мезетінен бастап жеке шотына нақты бір сома аударылып тұрады. Бұл  мұнайды сатудан түскен пайыз деп аталады. Бұл елдердің жергілікті халқы аз болғандықтан, ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 3000 долларға дейін барады. Мәселен, Араб Әмірліктерінде туылған сәбидің шотына $150 мың салынса, одан басқа әлемнің кез-келген елінде тегін оқу деген сияқты жеңілдіктер бар. Кувейтте әрбір туылған жаңа азаматқа мемлекет шот ашып, 3000 доллар салады, одан басқа кез-келген азаматы бір мәрте пайызсыз 220 мың доллар көлемінде баспана құрылысына несие ала алады. Кәмелет жасына толмаған әрбір балаға ай сайын $170, ал үй шаруасындағы әйелге $300 төленіп тұрады. Сауд Арабиясында туылған баланың шотына $10 000, баспаналы болуға $80 000, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлекке $13 000 беріледі. 

Скандинавия елдерінде де осыған ұқсас саясат бар. Оны жүзеге асыру үшін ел билігі салықтан және экспорттан түскен қаржыны жұмсайды. АҚШ-та Аляскада осы штатта алтын өндірісі жүріп жатқандықтан әр тұрғынға $1000 тиесілі. Сонымен қатар жалпы сомасы 30 млрд доллардан асатын мұнай қорынан аймақ халқы жыл сайын қомақты қаржы алады. 

ХХ ғасырдың басында балық аулаумен күн көрген Норвегия бір ғасыр өтпестен әлемдегі ең дамыған, әл-ауқаты жоғары елдердің қатарын бастап тұр. 1969 жылы алғашқы мұнай-кен орны ашылып, мұнай халық байлығы деп жарияланды. Одан түскен пайда әлеуметтік бағдарламалар мен Ортақ Қорға жұмсалады. Қазір «болашаққа» деп арналған қордағы қаржы көлемі $90 млрд-тан асқан. Соның арқасында жалпы ішкі өнім көлемі 40 мың долларға жетті. Норвегияда да жергілікті тұрғындардың шотына туғаннан бастап кем дегенде 3000 АҚШ доллары аударылып тұрады, әрбір азаматтың шотында ең азы 100 000 АҚШ доллары жиналған.

Қазір елде мұнайдан түскен пайданы басқа бизнес түрлеріне жұмсап, мемлекет жалпы мұнай өндірісін азайтуда. 65 жаста зейнетке шығатын тұрғындардың зейнетақысы жалақының 2/3 бөлігін құрайды, үй шарауасындағы әйелдер де 4-апталық төленетін демалысқа шыға алады, ал әрбір 17 жасқа дейінгі балаға 1620 доллар көлеміндегі жәрдемақы төленеді. Айта кетсек, мұндай жүйе табиғи қазба байлықтары толығымен мемлекет меншігінде болғанда ғана жұмыс істей алады. Ресей немесе Қазақстанмен салыстырғанда, Норвегияда мұнай мен газ жекелеген тұлғалардың немесе компаниялардың меншігі емес, халықтың игілігі және бүкіл ел болашағы оны дұрыс жұмсаудан тәуелді деген сенімде.

Финляндия мен Швейцарияда осыған ұқсас жүйе енгізуді қарастырды, дегенмен осыдан 4 жыл бұрын өткен референдумда Швейцария халқы ай сайын әрбір азаматқа төленуі тиіс 2200 еуродан бас тартты. Себебі халықтың пікірі бойынша мұндай қосымша ақы жалқаулыққа, жатыпішерлікке, салықтың өсуіне және ел ауқатының төмендеуіне әкелуі мүмкін. 

Stan.kz тілшісі отандық танымал экономист-қаржыгер Сапарбай Досжанмен хабарласып, Қазақстанда «мұнай рентасын» енгізу мүмкін бе, оның нәтижесі қандай болмақ деген сауал қойды. 

Сапарбай Досжан экономист-қаржыгер:

Табиғи ресурстарды сатқан соң, кәсіпорындар бюджетке салық төлейді. Ал бюджеттегі ақша халыққа тиесілі. Оқытушылар мен дәрігерлердің, зейнеткерлердің ай сайынғы еңбекақысын, қорғаныс пен тәртіп сақтауға кететін қаржы сол бюджеттен бөлінеді. Осыны халыққа бөліп беріп отыр деп айта аламыз. Кейбір мемлекеттерде бізге қарағанда көбірек болуы мүмкін. Мысалы табиғи ресурстардың 55-60% әлеуметтік бағдарламаларға жіберіліп, халық пайдасына не инвестициялық жобаларға құяды. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері. Ал Норвегия сияқты елдер халықпен бөліспестен АҚШ-тың бағалы қағаздарына ауыстырып, барлығын болашаққа деп жинап қояды. Ал бізде сондай жағдайлардың ортасы деп айтуға болады. Ұлттық қорға жиналға ақша болашаққа деп жиналса, бюджетке табиғи ресурстарды экспорттайтын кәсіпорындар өте үлкен көлемде салық төлеп отыр. Осы ақша әлеуметтік бағдарламалар мен еңбек етіп отырған халықтың еңбекақысына жұмсалып отыр. Осыны халықпен бөлісу деп айтуға болдады. Демек алтын аралықты сақтап отырмыз. 

Билік халықпен бөліспейді емес, төленіп жатыр. Мысалы, көпбалалы аналарға төленетін 21 мың осы бюджеттен беріледі. Табиғи ресурстарды сатқаннан түсетін ақшадан беріліп отыр. Ұлттық қорда, инвестициялық қор мен зейнет ақы қорында 121 млрд ақша жинап қойғанбыз. Халыққа тікелей бөліп бере салу деген әлемдік тәжірибеде жоқ. Тегіннен-тегін ешкімге ақша берілмейді. Тек қана мұқтаж адамдарға бюджеттен жәрдем беріледі. Оны таратып бер, бөліп бер деген сөз дұрыс емес. Ешқандай пайдасы жоқ. Норвегия сияқты ақшасын жинап отырған ел бекерден-бекер халқына бөліп беретін болса, берілген ақшаның еш қайтымы болмайды. Адам еңбекпен табу керек. Еңбектеніп, өз күнін өзі көрмей, сырттан келген жәрдемнің еш пайдасы жоқ екенін ұғынатын уақыт жетті. Таратып берсін деген сөзді ұмытуымыз керек. Еңбек өнімділігін арттырып, көбірек ақша табуға ұмтылуымыз керек. 

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт, Жанна Мәлік

stan.kz

Загрузка...