Ақтөбеде мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер үстінен іс қозғалды

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназия асханасын жалға алған кәсіпкердің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

19 сәуірде мектептегі асханадан ас ішкен 21 оқушы мен бір мұғалім уланып, ауруханаға түскен. Осыдан кейін Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын тексеріп, жуындыдан ішек таяқшасын, алтын түстес стафилококк тапқанын хабарлады.

Ақтөбе қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мектеп асханасын тексеріп, «бірнеше олқылықты анықтаған». Басқарманың мәліметінше, «тоңазытқыштағы мал еті мен тауық етінің сапасы жайлы құжаттар, мұздатқышта термометр болмаған, жуылған ыдысты кептіретін орын да талапқа сай емес. Кәсіпкер санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алмастан 3 сәуір күні жұмысын бастап кеткен».

Мектеп асханасы 20 сәуірден бері жабық тұр. Ал мектептегі асхананы жалға алған жеке кәсіпкер Әлібек Наурызбаев өзіне тағылған айыптардың бірқатарымен келіспейді.

– СЭС мені рұқсатсыз жұмыс істеді деп айыптап отыр. Санитарлық тұжырымдама алу үшін құжаттарымды күні бұрын тапсырдым. Алайда бюрократияның кесірінен тұжырымдама дер кезінде дайын болмады. Ал мектеппен жасалған келісімге сай, асxана жұмысына дереу кірісуім керек болды. Амалсыздан жұмысты бастауыма тура келді. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес. Ақтөбенің біраз мектебінде кәсіпкерлер СЭС-тің тұжырымдамасынсыз жұмыс істеп жатыр, – дейді ол Азаттыққа.

Әлібек Наурызбаев астан уланған балалардың жүректері айнып, дене қызулары көтерілгенін жоққа шығармайды. Бірақ «балалардың іштері өткен жоқ. Демек бұл уланудың аса ауыр түрі емес» дейді ол.

19 сәуірден бастап Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназиясының асханасынан тамақтанған оқушылар ауруханаға түскен. Дәрігерлер 26 адамның емханаға қаралғанын айтады.

Azattyq

Загрузка...