Ақтөбе облысының соты оқушы өліміне қатысты істе қайта тексеруге жіберді

- Жарнаманы баса кетіңіз -

15 шілде күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Шалқардағы мұз айдынында кісі қолынан мерт болған жасөспірім Мирасбек Дәулетияр өліміне қатысты істі прокуратураға қайта тексеруге қайтарды. Судья Ахметқали Молдағалиев «Шалқар аудандық прокуратурасы қылмыстық істі толық зерттемеген, айыпталушының айтқанын дұрыс тексермеген» деп санайды.

16 жастағы Асылбек Сабырға Шалқар аудандық прокуратурасының 2019 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен «кәмілетке толмаған адамды өлтірді» деген айып тағылған. Судьяның сөзінше, прокуратура істі сотқа жолдаған кезде Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабындағы (99-бап) бөлімдерді қате жазып жіберген.

– Істе Қылмыстық кодекстегі 99-баптың 1-бөлімінде 14-тармақ көрсетілген. Бірақ кодекстің 99-бабы 1-бөлімінде 14-тармақ жоқ. Сондықтан сот істі прокуратураға қайтарып, сотталушы Асылбек Сабырды қамау мерзімін тағы бір айға созу туралы қаулы қабылдады. Қылмысты дұрыс зерттемей, заң бұзушылыққа жол берген Шалқар аудандық прокуратурасының ісіне облыстық прокуратура назар аударуы тиіс. Прокуратураға жеке қаулы жолдансын, -деді судья Ахметқали Молдағалиев.

Осылайша 15 шілде күнгі алдын-ала сот тыңдауы кезінде негізгі сот талқылауы белгіленген жоқ. Іс прокуратураға қайтарылды. Мемлекеттік айыптаушы Қайрат Меңдібаев шалқарлық әріптестерінің ісін «техникалық қателік» деп түсіндірді.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Айтуған Махамбетов «қылмыс бұзақылық ниетпен жасалған» деп санайды. Бірақ ол айыптау актісінде көрсетілмеген. Сондықтан адам тағдырына немқұрайлы қарамай, прокуратура істі қайта тергеуге жібергені жөн деп есептейді.

2019 жылғы 26 қаңтар күні кешкілік Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында екі мектептің оқушылары шекісіп қалған. Айыптау актісіне сай, Асылбек Сабыр Мирасбек Дәулетиярдың сол жақ кеудесіне пышақ сұққан.

Сотталушы Асылбек Сабыр 16 жаста. Шалқар қаласындағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы. Ал марқұм Мирасбек Дәулетияр Шалқар қаласы Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің 10-сыныбында оқып жүрген.

Azattyq

Загрузка...