Әміржан Қосанов жаңа оппозиция құруды қолға алатынын айтты

0

Президенттікке кандидат болған Әміржан Қосанов әлеуметтік желіде жазба жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Президенттікке өз кандидатурасын ұсынып, қазақстандықтардың 16,23%-інің даусын жинаған Әміржан Қосанов сайлау қорытындысы мен өзінің алдағы жоспары туралы айтты. 

«Оппозиция өзгеруі тиіс»

Ол ең алдымен, өзіне қолдау көрсеткен сайлаушыларға алғысын білдірген. 

«Мен үшін сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді. Ал бұл бір жарым миллионға жуық адам. Қазақстандық оппозицияның бірде-бір өкілі (саяси партиялар мен қозғалыстарды қосқанда) мұндай нәтижеге жеткен емес. Бұл біздің ортақ жетістігіміз», — деді Қосанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында. 

Сондай-ақ, ол өзінің сайлау кезінде ұсынған бағдарламасынан бас тартпайтынын жазған. Демократиялық құндылықтарды қорғап, қоғам мен билік арасындағы диалог орнатуға барын салатынын айтқан.

«Біз әрдайым билік өзгеруі керек дейміз. Менің ойымша, оппозиция да өзгеруі тиіс. Оның құрамына енетін адамдар бағдарламалары мен алдағы іс-әрекеттерін айқындап алуы тиіс. Демократиялық күштер арасындағы өзінің орнын табуы керек » , —  деді ол. 

Қосанов өзінің алдағы жоспарымен де бөлісті. Қоғамның басым бөлігі оны қолдайтынына сенім білдірген. 

«Менің ендігі міндетім – жаңа оппозицияның жаңа толқындағы институтын қалыптастыру. Бұл қозғалыс билікке таласа алуы тиіс. Қазір қоғамда оппозициялық ұстаным заңды мәртебеге ие болуда, қоғамның екінші күші деуге де болады», — деп жазады Қосанов.

Тағы оқыңыз: Әміржан Қосанов: Тоқаевтың уәдесіне сеніп келдім

«Сайлау қорытындысына алдын ала болжам жасалған кезде менің 5 немесе 7,9% дауыс жинайтыным айтылды. Мұндай болжам менің кандидатурама қатысты сын болды деп ойлаймын. Сондықтан экзит-пул кезінде жарияланған 15,9 процентті жетістік деп қабылдадым. Өйткені экзит-пул нәтижесімен сайлаудың нақты қорытындысының арасында айтарлықтай айырмашылық болмайды», — деді ол. 

Өз жазбасында Қосанов тұрғындарды заңсыз наразылық акцияларына шақырмайтынын айтты. Сайлаудан кейін денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскенін де жазған. 

Президент сайлауы — 2019

Еске сала кетсек, 9 маусым күні болған кезектен тыс сайлауға жеті үміткер өз кандидатурасын ұсынды. 

Сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Екінші орынға «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов, ал үшінші орынға «Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаты, жалғыз әйел үміткер Дания Еспаева жайғасты.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев — 70,96%
  • Әміржан Қосанов — 16,23%
  • Дания Еспаева -5,05 %
  • Төлеутай Рақымбеков — 3,04%
  • Амангелді Таспихов -1,98 %
  • Жамбыл Ахметбеков -1,82%
  • Сәдібек Түгел — 0,92%.



sputniknews.kz