Алжир президенті өтпелі үкімет құрамын бекітті

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика өтпелі үкімет құрамын тағайындады. Бұл туралы Алжирдің мемлекеттік APS ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өтпелі үкімет құрамында Алжир қорғаныс министрінің орынбасары, бас штаб бастығы Ахмед Гаед Салах те бар. 26 наурызда генерал-лейтенант Салах 82 жастағы Бутефликаны «қызметке жарамсыз» деп тануды талап етіп, елдегі саяси дағдарысты Алжир конституциясындағы арнаулы баппен шешуге шақырған. Ол бап бойынша, президент өз міндетін орындай алмаса, Конституциялық кеңес оны «қызметке жарамсыз» деп тани алады. Осылайша, президенттің орны босайды да, елде мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келген Әбделәзиз Бутефлика 2013 жылы инсульт алған. Ол содан бері көпшілік алдына шықпайды. Жылдың басында ол Швейцарияда емделіп жатыр деп хабарланды. Биыл 10 ақпанда Бутефлика сәуірде өтетін Алжир президенті сайлауына қатысатынын жариялағаннан кейін елде мыңдаған адам жаппай наразылыққа шығып, оның сайлауға қатыспауын талап етті. Арада бір ай өткенде, 12 наурызда Бутефлика сайлауға түспейтіні туралы мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: «Режимнің ұзақ ауыспағаны ұқсайды»

Алжирде президент сайлауы сәуірден 2019 жылдың соңына ауыстырылды. Оған дейін Бутефлика орнында қала береді деп хабарланды. Елде наразылық акциялары жалғасты.

Бутефлика бұған дейін төрт рет сайлауға түсіп, жеңіске жеткен. 1991 жылы Алжирде діни топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика елде азамат соғысы жүріп жатқан кезде, 1999 жылы билікке келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді» дейтіндер де бар.

Azattyq

Загрузка...