«Алтын түрмеден» қашқан ханшайым. БАӘ билеушісі әйелін іздеп жүр

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Драмаға толы бұл оқиға – роман немесе көркем фильм желісіне арқау болар дайын сценарий. Қазір бұл жайт бірнеше мемлекет арасындағы қарым-қатынастың ушығуына әкеп соқты. Мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдары араласып, әлем назары араб елдеріндегі әйелдер құқығы тақырыбына қайта ауды.

45 жастағы араб ханшайымы, Иордания королі Абдалла II туған қарындасы Хайя бинт әл-Хусейн 2004 жылы сәуірдің 10-ы күні БАӘ премьер-министрі және вице-президенті, Дубай әмірі шейх Мұхаммед ибн Рашид әл-Мактумға тұрмысқа шыққан. Сол кезде Хайяның өмірі ертегідей боп көрінетін. Ол ұзақ уақыт бойы күйеуінің алты заңды әйелінің ішіндегі көпшілікке ең танымалы болды. Ол күйеуімен бірге өңірлік және халықаралық шараларда жиі төбе көрсетіп, шетелдік көшбасшыларды қарсы алып, көпшіліктің алдында сөз сөйлеп жүрді. Мұның бәрі Парсы шығанағы әмірлерінің әйелдері үшін тосын жағдай болатын. БАӘ-де өткен ресми шараларда ханшайым жабық киімдер киіп, басына жеңіл шәлі ораса, шетелдік сапарлар кезінде Батыстың бай-қуатты әйелдерінен кем киінбейтін. Хайя үнемі сұхбат беруден, суретке түсуден бас тартпайтын.

Хайя бинт әл-Хусейн.

Хайя бинт әл-Хусейн.

Хайя ханшайым бастауыш білімді Иорданияда, орта және жоғары білімді Ұлыбританияда алған. Ұлыбританияда ханшайым қыздарға арналған Бадминтон мектеп-интернатында оқыған. Бұл мектепте бір кездері Үндістанның премьер-министрі Индира Ганди білім алған. Хайя Оксфорд университеті Қасиетті Хильда колледжінде философия, саясаттану және экономика салалары бойынша бакалавр дәрежесін тәмамдаған. Ағылшын, француз тілдерінде сөйлейді. Орыс тілін қоса алғанда тағы төрт тілді түсінеді.

Хайя бинт әл-Хусейн ат спортымен әуестенеді. 13 жасынан бастап ол өз елінің атынан халықаралық жарыстарға қатысып, 1992 жылы өткен Араб елдерінің ойындарында қола медаль иеленген. Ол бүкіл ойын тарихында ат спортынан жүлдеге ілінген алғашқы әйел болды. Хайя ханшайым 2000 жылы Австралияда өткен Олимпиада ойындарында Иордания делегациясының туын ұстап жүрді және ат спортынан жарысқа түсті. 2002 жылы ол Испанияның Херес қаласында өткен ат спортынан әлем чемпионатына қатысқан алғашқы араб әйел болды. 2006 жылы Хайя ханшайым халықаралық ат спорты федерациясының президенті және халықаралық олимпиада комитетінің мүшесі болып сайланды.

Жақында ол әлемге басқа қырынан танылды. Әлем енді оны монархиялық отбасынан шыққан күйеуінен қашып, Батыстан жарқын өмір іздеген әйел ретінде де біледі. Хайя – Дубайды билеуші отбасынан қашуға талпыныс жасаған үшінші әйел (тек Хайяның ғана жолы болды). Ол өзімен бірге 7 жасар ұлы Заид пен 11 жасар қызы Әл-Джалилуді алып кеткен. Ақпан айынан бері көпшілік көзіне түспеген ханшайым Германиядан баспана сұрап, ажырасуға арыз берген. Кейінірек ол Лондондағы құны 107 миллион долларға бағаланған зәулім үйінде көзге түсті. Хайя Дубайдан 39 миллион доллар ақша алып кеткен. Батыс басылымдарының дерегінше, ол Біріккен Араб Әмірліктерінен өміріне қауіп төнгендіктен кетуге мәжбүр болған. Қазір Хайя күйеуінің ізінше Лондонның жоғарғы сотына ажырасу туралы өтініш беруге дайындалып жатыр.

Хайя ханшайым әкесі, Иордания королі Хусейнмен. Әкесі бақилық болған:

Хайяның оқиғасынан кейін БАӘ-нің Ұлыбритания және Германиямен ара-қатынасы ушықты. Кейбір дерек бойынша, Хайяның күйеуі 69 жастағы Мұхаммед ибн Рашид әл-Мактум Берлин мен Лондоннан әйелін қайтаруды сұраған. Бірақ Ұлыбритания мен Германия талапты орындамады. Бұл оқиға Хайяның туған ағасы, Иордания королі Абдалланы да қиын жағдайда қалдырды.

Батыс Шейх Мұхаммедті үнемі реформалар жүргізуге мүдделі саясаткер ретінде бағалап келген. Оның байлығы 12 миллиард долларды құрайды. Мұхаммед ибн Рашид әл-Мактум Дубайды әлемдік деңгейдегі заманауи астанаға айналдыру жобасына жеке өзі жетекшілік еткен. Ол Emirates әуе компаниясын құрып, әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж Халифа құрылысын бастаған.

Вид с воздуха на курорт Палм-Айленд в Дубае.

Вид с воздуха на курорт Палм-Айленд в Дубае.

Бұл драманың көп бөлігі әлі де құпия күйінде қалып отыр. Халықаралық дауға айналған оқиғаның қалай өрбігені туралы әртүрлі әңгіме бар. Мәселен, британдық Sun басылымының дерегінше, шейх Мұхаммед Лондонда жүргенде әйелі бұрын британдық әскерде арнаулы қызмет офицері болған жас күзетшімен көңіл қосты деп, күмәндана бастаған. Хаяй ұзақ уақыт бойы күзетшіге бағалы сыйлықтар жасап жүрген. Бұл күйеуінің көңілінде күдік туғызған. Бірде зәулім үйіне аяқ астынан келген шейх әйелін күзетшімен «күмән туғызатын жағдайда» ұстап алған. Әйелінің қылығы көңіліне қатты тигеніне қарамастан, шейх әйелі Хайядан БАӘ-ге қайтуды сұраған. Бірақ ханшайым күйеуінің айтқанын тыңдамаған.

Осы оқиғадан кейін Дубай әмірі өлең жазады. Бұл өлеңді маусымның соңында шейхтің жақын достарының бірі әлеуметтік желіде жариялады.

Шығармада шейх жақын әйелінің сатқындығы мен өтірігі туралы жазады. Төменде өлеңнің бір бөлігін мысалға келтіріп отырмыз (араб тілінен тура аударылған. – ред.):

Сатқындық деп аталатын қателіктер бар,

Сен шектен шықтың.

Менің қымбат сенімімді сатқан жан,

Менің жаным қиналса, сенің ойыныңды әшкерелейді.

Әлемге сенің өтірігің белгілі болса да, жалғандықтың дәуірі өтті

Біздің кім болғанымыз енді маңызды емес.

Менде сен жасаған күнәнің айқын дәлелдері бар,

Ең үлкен қателігің аттың басын еркін жібергеніңде емес, өтірік айтқаныңда.

Мені қорлайтын әрекет жасадың,

Бірақ бәрінен бұрын сен өзіңді қорладың.

Енді менің жанымда саған орын жоқ,

Кіммен көңіл қоссаң, соның жанына кет.

Жамандығың өзіңе жар болсын,

Өлісің бе, тірісің бе, маған енді бәрібір.

Араб әлемі шейх Мұхаммедті ақын ретінде де таниды. Ол әдетте Таяу Шығыстағы және әлемдегі саяси, әлеуметтік оқиғаларды өз өлеңдерінде Парсы шығанағы елдерінде танымал «набати» деп аталатын ұйқаспен жазады. Шейхтың жоғарыда берілген өлеңі мұсылман мемлекеттері халқын таңғалдырды. Өйткені әйелімен қарым-қатынасын жариялау, оның басқа біреумен көңіл қосқаны туралы ашық болжам жасау араб азаматына, оның үстіне белгілі араб билеушісіне тән әрекет емес.

Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум мен Рим папасының суреті. БАӘ, 2019 жыл ақпан.

Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум мен Рим папасының суреті. БАӘ, 2019 жыл ақпан.

Дегенмен Хайя ханшайымға тағылған айыптарға күмәнмен қарауға негіз де жетерлік. Біріншіден, ол – шейх Мұхаммедтен қашқан бірінші әйел емес. 2018 жылы ақпанда шейх Мұхаммедтің алжирлік әйелінен туған қызы Латифа да сарайдан қашуға әрекет жасаған. Оны БАӘ-нің арнаулы жасағы Үндістан жағалауына жақын жердегі кемеден ұстап, күштеп үйіне қайтарған. Кейін Латифа әкесінің бұйрығымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, таңдау құқығы жоғын айтып, “алтын түрме” туралы видео жариялады. Бұл видео болмағанда оның сарайдан қашқаны туралы оқиғасы құпия болып қалар еді. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бірнеше рет БАӘ-ден Латифаның қазіргі тағдыры туралы дерек сұрап, жауап ала алмаған. Батыс елдері мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Латифаның болашағына алаңдап, БАӘ-ден оны көрсетуді талап еткен. Осыдан соң былтыр желтоқсан айында БҰҰ-ның ерікті елшісі Хайя бинт әл-Хусейн Ирландияның бұрынғы президенті Мэри Робинсонды Дубайға Латифамен кездесуге шақырған. Кейінірек Робинсон көңілі түсіңкі көрінген Латифамен бірге түскен фото жариялаған. Бірақ көпшілік Робинсонды «саяси жарнамаға қатысты» деп сынаған. Хайя ханшайым сынға ұшырады. Осылайша Хайяның ондаған жылдар бойы филантроп әрі құқық қорғаушы ретінде жинаған беделіне қауіп төнді.

Мұхаммед бин Рашид әл-Мактумның әйелі және ат спорты жайлы жазған посты:

Өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде қаңтардың 5-і күні Хайя Латифаға қысым көрсетілгені рас болса, күйеуі шейх Мұхаммедті қорғауды қоятынын айтқан. Осыдан кейін Хайя көпшіліктің алдына шықпаған. Ол бірінші рет маусымда өткен ат спортының басты әлемдік мерекесі – жыл сайынғы британдық Royal Ascot турниріне қатыспаған. Бұл шараға шейх Мұхаммед келіп, Елизавета II патшайыммен бірге суретке түскен. Ал оның әйелінің сатқындығы туралы өлеңі турнирдің соңғы күні жарияланған. Сарай маңында жүрген қызметкерлердің бірі Батыс басылымдарына құпия түрде сұхбат беріп, «Хайя бірінші кезекте балаларын қатал әкеден құтқару үшін қашты» деген.

Журналистер Мұхаммедтің тағы бір қызы Шамса әл-Мактумды 2000 жылы Англиядағы Суррейден ұрлап әкетіп, күшпен отанына қайтарғаны туралы оқиғаны еске алды. Шамса мен Латифаны қорғаушы Лондондағы адам құқықтары жөніндегі адвокат Дэвид Хей британдық сотқа шағым түсірген. Ол Шамсаны Ұлыбританияға қайтарғысы келеді. Адвокат Хайяның Лондон сотына түсірген шағымы Шамса мен Латифаға да көмектеседі деп үміттенеді.

«Хайя ханшайым шейх Мұхаммед балалары үшін қауіпті әке екенін бәріне айтуы керек» деді ол.

Хайя ханшайымның отбасынан қашып кетуі Дубай мен БАӘ-нің халықаралық бизнеске жайлы жер ретіндегі беделіне нұқсан келтіреді. Осы оқиғадан кейін әлемде БАӘ-нің Парсы шығанағындағы мұнай монархиялары арасында әйелдің отбасында зорлыққа ұшырауына тыйым салатын бірде-бір заңы жоқ жалғыз мемлекет (Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Кувейт және Бахрейнде мұндай заңдар бар және бұл заңдар бойынша ер азаматтар өте қатал жазаланады) екені қызу талқылана бастады.

БАӘ-де ажырасуға өтініш берген кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық болғаны туралы факті сот шешімін шығаруға мұлде әсер етпейді. Ажырасудан кейін балалары әкесімен қалады. Анасы шариғат заңдарын бұзбаған болса және қайта тұрмысқа шықпаса, балаларды жасөспірім кезеңге дейін тәрбиелей алады. Күйеуінің шені мен оның Хайяны «сатқындық жасады» деп ашық айыптауын ескерсек, ханшайым шейхпен Дубайда ажырасса, балалардың әкесімен қалатыны сөзсіз еді. Ол тіпті Иорданияға кетіп, король ағасынан қамқорлық іздегеннің өзінде БАӘ мен басқа араб елдері тарапынан көрсетілген қысым арқылы Хайяны Дубайға күштеп қайтаратыны анық болатын.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің мақаласы аударылды

Azattyq

Загрузка...