Алматыда жас тарихшылардың халықаралық конференциясы өтті

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инстиуты еліміздегі көп салалы ғылым жүйесіндегі өз орны бар академиялық мекеме. Қазақ жерінде тарих ғылымының тамыр жайып, өркендеуі және бұл салада кәсіби тарихшы мамандардың бірнеше буынының қалыптасуы осы ғылыми мекеменің қызметімен тікелей байланысты. Институт қабырғасынан құрылған Жас ғалымдар кеңесі  алдыңғы аға буынның салып берген ғылым жолымен ілгері дамып, жаңа белестерді бағындыруды мақсат тұтқан. Жас ғалымдар аталған конференцияның негізгі көздегені де осы екенін айтады.

Конференция гуманитарлық саладағы  бірнеше негізгі бағыттарды қамтыған. Жас ғалымдар Елбасының мақаласында қамтылған бастауларды жүзеге асыру бойынша өздерінің ізденістері және жаңалықтарымен бөлісіп, пайымды ұсыныстарын ортаға салды. Биыл конференция жұмысына еліміздің әр өңірінен, қалаларынан білім, ғылым, мәдениет ордаларынан жас ғалымдардың ғылыми  жұмыстары мен мақалалары келіп түскен. Бір қуантарлығы сол,  дәстүрлі шараның шеңбері  жыл сайын кеңіп келеді. Оған дәлел биылғы байқауға Қырғызстан, Тәжікстан, Польша, Ресей, Ауғанстан сияқты елдердің жастары өз жұмыстарын ұсыныпты. Байқауға ұсынылған 80-ге тарта ғылыми мақалалар редакция алқасымен қаралып, таңдаулы 70 мақала конференция жинағына енгізілген.  Осы жұмыстар негізінде жыл сайынғы  Ермұхан Бекмаханов атындағы республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталып отыр. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының демеушілігімен биылғы байқаудың жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құраған. Байқау қорытындысына сәйкес Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты – Мурзаходжаев Қуаныш жеңімпаз деп танылды.

«Сейдазым Қадырбайдың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» тақырыбында мазмұнды зерттеу жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3-курс студенті Әбеу Бағлан мен «Алаш автономиясының ұлттық қазынасы қалай қалыптасты?» атты мақаласы үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы, тарих ғылымдарының магистрі Ержан Шағимолдин қос бірдей екінші орынды еншіледі.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің 1-курс студенті – Советхан Инабат, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Азамат Дукомбайев, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2-курс магистранты  Малика Морякова  жүлделі ІІІ орынға ие болды. Жас ғалымдар Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы қарапайым адам тағдыры, қазақ-моғол байланыстарына қатысты мұсылман деректері сынды өзекті тақырыптарда өткір зерттеу жүргізген. Жүлдегерлерді марапаттау барысында   қаржылай сыйақы сертификаты мен арнайы дипломдар табыс етілді.

«Ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы ұстанымдарының негізінде Институт қабырғасында Жас ғалымдар кеңесі әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Оның негізгі функциясы – Институттың ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатын жүзеге асыру және қалыптастыру аясындағы жас ғалымдар арасындағы ұжымдық кеңес болып табылады. Оның құрамына 35 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер, мамандар, магистранттар, PhD докторанттар, ғылым кандидаттары кіреді. Кеңес ғылыми-зерттеу мекемелер қабырғасындағы жас ғалымдар мен мамандардың көзқарастары мен қызығушылықтарын қолдайтын ғылыми іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырушы және үйлестіруші ұйым. Жас ғалымдар кеңесінің негізгі атқаратын қызметі – институттың жас ғалымдарының кәсіби маман ретінде қалыптасуына, өзіндік ғылыми зерттеу бағытын айқындауға, кәсіби ғалым тарихшы ретінде өсуіне ықпал ету. Тарихымызды зерделеуге шақыратын Елбасының тағылымы мол мақаласы жас ғалымдарымызды жаңа ізденістерге жетелейтін анық», – дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұргүл Нұрсұлтанқызы.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Загрузка...