Алматыда логистикалық орталық құрылады – Жандос Оразалиев

0
28 Қараша 2018, 14:58 307 0

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ертең «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы өтеді және онда шетелдік инвесторлардың қатысуымен меморандумдар жасалып, бірнеше құжатқа қол қойылады. Бұл туралы «KAZAKH ІNVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Жандос Оразалиев брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, форумға 20 елден инвестициялық компаниялар қатысады және елімізге келген инвесторларды жергілікті кәсіпкерлермен біріктіріп, олардың жобасын ары қарай іске асыру көзделген.

«Елімізге инвесторларды тарту үшін көптеген шаралар жасалуда. Мәселен, Ұлттық инвестициялық стратегия қабылданды және Алматы қаласының «2020 даму» бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға байланысты қаламызға келген инвесторлармен мемлекет пен еліміздің кәсіпкерлері тарапынан қандай қолдау қажеттігін талқылайтын боламыз», — дейді ол.

Сондай-ақ ол, «KAZAKH ІNVEST» ұйымының негізгі мақсаты – елімізге келген инвесторларға қолдау көрсету екендігін және қаладағы кәсіпкерлердің 24 жобасы инвестор табуға тырысатындықтарын айтып өтті.

«Бұл жобалардың көлемі 1,7 млрд долларды құрайды. Оның сыртында қаламызда тағы 15 жоба жүргізілуде, соны да ары қарай жалғастыру көзделуде. Бұл жобалардың алтауын трансұлттық компаниялар жүргізуде. Үлкен жобамыздың біріне тоқталсам, мәселен Еуробус деген мекеме автобус шығару жобасын жүргізуде. Одан тыс 423 млн АҚШ долларын құрайтын тағы 7 жоба жүргізіледі. Олардың қатарында Қаржылық және әлеуметтік іскерлік орталықты салу бойынша Downtown Almaty жобасы бар, оны түрік кәсіпкерлері жүргізеді», — дейді ол.

Ж. Оразалиев сонымен қатар, қаладағы индустриялық зонада Логистикалық орталық құрылатындығын, ол жобаның көлемі 10 млн доллар екенін айтып өтті.

Жыл сайынғы «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы 29 қараша күні өтеді.

Форум барысында франчайзингтік жобалардың жәрмеңкесі өтеді, онда барлық мүдделі кәсіпкерлер «дайын бизнес» форматындағы жобалармен таныса алады екен.

Бұдан басқа, форум аясында инновациялық стартаптардың көрмесі, Кремний даласының инноваторлары мен инвесторларынан шеберлік сағаттары мен Almaty Innovation Festival өтпек.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ