Алматы облысында тасқын болған ауылдың тұрғындары суды өздері сорып жатқанын айтты

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Алматы облысында толассыз жауған жаңбыр салдарынан тұтас бір ауыл су астында қалды. 270-тен астам үйдің ауласын ағынды су шайып, көбінің үйіне кіріп үлгерген. Белуардан су кешкен жұрт кешелі-бері баспаналарына кіре алмай, сенделіп жүр. Жарықтары да сөніп әбден әбігерге түскен. Шенділердің жіберген «көмекшілерінен» бұрын өздері су сору жұмыстарымен айналысып кеткен.

Ашулы жұрт табиғат апатын қолдан жасаған шенділер деп күйініп отыр. Әйтпесе, небір нөсерге төтеп берер бөгетіміз де, арығымыз да бар, дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы»

Кеше сағат үш жарымда басталған жауын екі сағаттың ішінде ауылдағы үш бірдей көшенің ауласын басып қалған. Қазір тізеден келетін суды тұрғындар сәл тартылғаны дейді, әйтпесе, кеше белден кешіпті. Олардың малға деп жинаған шөптерінің де түгі қалмаған. Төрт түліктерін де жұрт қорадан шығарып үлгермеген. 

«Бұл апат қолдан болды. Қолдан болды» , – дейді ашынған тұрғындар.

Тура өзен арнасынан тасығандай күй кешкен жұрт кешелі бері әлі ұйқы көрмеген. Бірінің қорасын бұзған, екіншісінің гаражының қабырғасы құлаған, үшіншісінің әжетханасы орнынан жылжыған. Темір қорғанның өзі нөсер жауынның ағысына төтеп бермепті. Алдындағысын жайпап, ел-жұрттың зәресін алған. Бала-шағасын көпшілік өздері көтеріп үйден шығыпты. Келген төтеншеліктерден пайда болмады деп ашулы. 

«Ешкім келген жоқ. Міне, жүрміз ғой көшеде. Өтірік, ешкім келген жоқ. Түннен бері өзіміз кәушігімізбен ары-бері тасып бір-бірімізге көмектесіп жүрдік», – дейді Пенжім ауылының тұрғыны Нұрлы Әбдірахманова.

Сөйтіп, жарықтары сөнген көпшілік тас қараңғыда су кешіп, үйлерін тастай қашқан. Алыстағы туғандарын паналап, таңертең келсек, баспана түгілі, ауламызды тану қиын болды, дейді. Суы тартылғанымен, лайы бес елі. Аудан әкімі де бүкіл нөкерлерімен үй-үйді аралап жүріпті. Бірақ су едендер сүртіледі, шығын жоқ деп елді сабырға шақырғансыпты. 

«Бұл келген су Құдайдың суы дейді. Судың бәрі кіріп кетті. Гараж құлап жатыр. Дәретхана орнынан жылжып кетті. «Көмек бермейміз» дейді. Сонда кім қол ұшын созады?» – дейді ауыл тұрғыны Тоқтаргүл Әубәкірқызы.

Ал төтеншеліктер үйлерге су кірмеді деп сүйінші сұрап жүр.

«Су тұрғын үйлерге кірмеген. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ», – дейді ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.

Алты мың тұрғыны бар Пенжімге тура осындай жауынның үш есесі тоқсаныншы жылдары жауған екен. Ол кездің өзінде тек 40 аулаға кіріпті. Шенділер сайдағы елді мекеннің сыртын қоршап, бөгет жасапты. Алайда кейінгі әкім-қаралар сол қар су мен жаңбырдың ағысы жиналатын орынды біреуге сатып жіберді деп ашулы. 

«Кім судың арнасына, ағынына үй салады? Кім рұқсат береді? Қандай басшы? Әйтпесе мына бөгетті әдейі су үшін салған. Ауылды қорғау үшін салған. Ал мына үй ауылды қорлау үшін салған нәрсе», – дейді тұрғындардың бірі. 

Арық толқын боп тасыған суға төтеп бермеген. Бүгінде қирап жатыр. Кесірінен ауылдағы 270 тен аса ауланы басып, үйлердің ішіне кіріп үлгерген. Шенеуніктер 200-ге жуық жұмысшы мен 30-дан астам техника келді дейді. Барынша бәріне көмектесеміз деп сендіруде. 

«Көмектесіп, жасап береміз. Халықтың шығыны болса да, төтенше жағдай жариялап, төлеп береміз.  Бізде төтенше жағдайға арналған арнайы ақша бар. Қазір содан санайық. Сонымен қатар бізде демеушілер бар, солар жасап береді», -дейді Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов.

Атқамінерлер шығын жоқ дегенімен, елдің бәрі бүгін өз үйлеріндегі жарамсыз жиһаз, кілемдер мен техникаларын көзімізге шұқып көрсетті. Егер табиғат апаты деп өтеуі болмаса, онда тағы бас көтереміз, дейді. Өйткені төтеншеліктер бәрін қатырып жатырмыз деп ақпарат бергенімен, жұрттың өзі жолдарды жөндеуге, аулаларының суын соруға кірісіп кеткен.

stan.kz

Загрузка...