Алматы облысында перзентханаға өз аяғымен келген келіншек тоғыз ай комада жатып, есін жимастан қайтыс болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Өткен жылдың шілде айында Алматы облысы Ұйғыр ауданының перзентханасында кесар тілігімен босанған Динара Мусаева отадан соң 9 ай комада жатып қайтыс болды. Келіншектің ата-анасы сап-сау қызымыздың ажалы ақ халаттылардан болды деп отыр. Марқұмның отбасының адвокаты Stan.kz тілшісіне шын мәнісінде оқиға қалай болғанын тарқатып айтты.  

динара

Ұйғыр ауданының тұрғыны Динараға кесар тілігі алдын-ала жоспарланған күні жасалған. Адвокаттың айтуынша, ота жасалған соң Мусаеваны палатаға шығарған. 20 минуттан кейін жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер 2-5 минут ішінде жүрек жұмысын қайта қалпына келтіреді. Бірақ оған қарамастан жас келіншек комаға түседі. 

— 1989 жылы туған Мусаева комаға түскеннен кейін 9 ай жатады. 2019 жылдың сәуір айында есін жимастан қайтыс болды. Келіншектің жүрегі тоқтаған, — дейді адвокат Рүстем Гаитов.

Бұл іске 3-4 ай өткен соң араластым деген адвокат осы уақытқа дейін келіншектің барлық медициналық құжаттары түзетілгенін, фальсификация жасалғанын айтады. 

— Ота жасаған акушер-гинеколог кабинетін біраз уақыт аштырмай отырды. Тергеушілер бұзып кіріп, сол жерден құжаттардың барлығын тәркілейді. Бұл іс бойынша сараптама тағайындалып, 7 ай бойы жүргізілді. Сараптама аяқталғаннан кейін эксперттер дәрігерлердің қателіктері бар екенін көрсетті. Сараптамада өрескел қателіктер жіберілгені жазылған. Сонымен қатар, «Мусаеваға ота жасауда қателіктер көп кеткенімен, оның комаға түсуіне бұның қатысы жоқ» делінген.

Кейін сәуірде қайтыс болған соң қайтадан сараптама тағайындалып, тәуелсіз сарапшыларға құжаттардың бәрін өткіздік. Олар тексеріске берілген барлық медициналық құжаттарға фальсификация жасалғанын анықтайды. Сол үшін дәрігерлердің іс-әрекеті медициналық құжаттарда көрсетілген нәтижелерге сай келмейді. Соны дәлелдеу керектігін көрсетеді», — деген адвокат қазір тергеу аяқталмағанын айтады. 

Ең қызығы, кесар тілігін жасаған кезде тірі туылған баланы медициналық құжаттарда 14 мамыр күні «бала іште шетінеген» деп жазған. Мұны растайтын қағаздар бар. Ал жекеменшік эсарапшылар: «Жатырында қан жиналған, оны акушер көрмеген» деп мүлде басқаша қорытынды шығарды. Қазірше осының бәрін тергеу керек. Бұйыртса, 1 айдан кейін сот басталады деп отырмыз», — дейді құқық қорғаушы. 

Айта кетерлігі, осы оқиғадан кейін аурухана басшыларына ешқандай шара қолданбаған. Облыстық денсаулық басқармасындағылар аурухана директоры Долаеваны жұмыста босатылғанын айтқанымен, бұйрықта ол кісі өз еркімен арыз жазып кетті деп тұрғанын айтады адвокат. Сорақысы сол кейіннен Долаеваны Талдықорғандағы бір ауруханаға бастық етіп тағайынған.

Мусаеваның ісі бойынша әлі ешкім күдікті деп танылмаған. Бірақ соңғы сараптаманың қорытындысы бойынша Дунгешова Гульнардың қателіктерін көрсетіп отыр дейді адвокат. 

Марқұмның отасына қатысқан дәрігерлер әлі жұмыс істеп жатыр. Ота жасаған Дунгешова марқұмның ата-анасынан 30 мың теңге көлемінде ақша алғаны да расталды. 

Естеріңізге сала кетейік, Ұйғыр ауданының перзентханасында дәрігерлердің дөрекі қателігінен бес баланың анасы Дильмира Максутова қайтыс болғанын хабарлаған едік. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

 

 

 

 

 

 

stan.kz