Алматы облысында дала өрті кезінде қаза болғандар наградаға ұсынылады  

0

Қаза болғандардың бірі 1984 жылы туған азаматтың отбасына мемлекеттік қордан тұрғын үй беріледі

ТАЛДЫҚОРҒАН, 6 тамыз — Sputnik. Жаркент түбіндегі дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан үш адам мемлекеттік наградаға ұсынылады. Сонымен қатар, олардың біреуіне мемлекеттік қордан тұрғын үй беріледі, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Панфилов ауданында болған дала өрті кезінде 7 адам зардап шегіп, 3 адам көз жұмған болған еді. Бүгін Алматы облысының әкімдігі зардап шеккендердің денсаулық жағдайы жайлы айтты.

«Кеше Панфилов аудандық орталық ауруханасына 7 адам жеткізілген. Оның 5-еуі амбулаториялық ем алу үшін үйіне қайтарылды, екеуі ауруханада. Біреуі – жансақтау бөлімінде, екіншісі – хирургиялық бөлімде. Олардың жағдайы бірқалыпты», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Сонымен қатар қаза болған үш азаматты жерлеуге көмек көрсетілетіні айтылды. 

«Қаза болғандардың екеуі бүгін, үшіншісі ертең жерленеді. Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Марқұмдар мемлекеттік наградаға ұсынылады. Сондай-ақ қаза болғандардың бірі 1984 жылы туған азаматтың отбасына мемлекеттік қордан тұрғын үй беріледі», — деді баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында өртті сөндіру кезінде үш адам қаза болды 

Марқұмдардың бірі – Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, екеуі – өрт сөндіруге көмектескен жергілікті тұрғын.

Өртті сөндіру үшін суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылған.

«Апат кезінде ауа райы қолайсыз болды. Салдарынан айналаны көру қиындады, өте көп күш жұмсалды», — деп хабарлады ІІМ.



sputniknews.kz