«Әлем барысында» ел намысын қорғайтындар анықталды

- Жарнаманы баса кетіңіз -
«Әлем барысында» ел намысын қорғайтындар анықталды


Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын боз кілемдегі бәсекеге 30 елдің апайтөс балуандары қатысады.

2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолюттік әлем чемпионаты өтеді. Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын боз кілемдегі бәсекеге 30 елдің апайтөс балуандары қатысады.

«Әлем барысы» биыл үшінші рет ұйымдастырылуда. Алғаш рет 2016 жылы Павлодарда өткен бәсекеде кубалық Оскар Рене Видаль Брайсон топ жарды. Өткен жылы Айбек Нұғымаровтың асығы алшысынан түсті. Биыл кімге бұйырар екен?

Биылғы бәсекеге еліміздің атынан 5 балуан қатысады. Атап айтар болсақ, Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрдәулет Жарылғаповпен Айбат Сейтен. Балуандардың салмақ өлшеу рәсімі 1 желтоқсан күні өтеді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай келген балуандар бәсекесін «Qazaqstan» және «QazSport» арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Қазіргі уақытта жарыстың билеттері сатылымға шығып үлгерді. Билеттер бағасы 500-5000 теңге аралығында. Тағы бір айта кететіні, билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылмақ. Жүлдеге «Renault Logan» автокөлігі тігіліп отыр. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар.

Дереккөз: vesti.kz

Загрузка...