Әкемнің басын дуалап тастады: Қазақ жігіті өгей шешесінің зұлымдығын айтып, көмек сұрады – Қазақстан жаңалықтары

- Жарнаманы баса кетіңіз -

«Айрандай ұйыған отбасының шаңырағын шайқап, отағасының басын айналдыру арқылы бар дүние-мүлкін тартып алу оп-оңай. Бізге хабарласыңыз!» Қара сиқырды меңгердім деп жүргендер ғаламторда дәл осылай жарнама жасап жар салуда.

Әкемнің басын дуалап тастады: Қазақ жігіті өгей шешесінің зұлымдығын айтып, көмек сұрады

Біздің редакцияға келген көрермен өз отбасының осындай жағдайға душар болғанын айтып, көмек сұрауда. Оның айтуынша, мұндай құйтырқы әрекетке баратындарға біздің елде заң жүзінде жаза жоқ екен, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.

Мұхамед Егінбайұлы өгей шешесінен күдіктенетінін айтады. Әкесін дуалап алғанына сенімді. Қария отбасынан өз еркімен кетпегеніне көз жеткізу үшін өз зерттеуін жүргізіпті. Ақыры келіншек балгердің көмегіне жүгінгенін анықтаған. Дәлелі қолында. Алайда заң бойынша жауапқа тарта алмай жүргеніне 10 жылдан асқан.  

«Қазақстанда осыған байланысты заң қарастырылмаған. Ол екінші минус. Үшінші минус осындайлардың көптігі соншалық Қазақстанда өте көп көлемде таралып кеткен. Мен өзім білетін ячейкалар Оралда 7, Алматыда 11, Шымкентте 24, Семейде 3, Тадықорғанда 3 жерде орналасқан. Бұл баю жолдары», – дейді Мұхамед Егінбайұлы. 

Мұхамедтің айтқанына дәлел табылар ма екен деп интернетті ашып бақсы-балгер, қара сиқырдың өкілдерін іздеп көрдік. Ғаламторда толып тұр. Солардың біріне қазір хабарласып, қызметінің құнын біліп көрейік. 

Біз 100 хабарландырудың ішінен бірін таңдадық. Бұл бақсыға жазылудың өзі оңай шаруа емес екен. 

–          Фотосы бар ма?

–          Иә. Сізге тағы не апаруым керек?

–          Фотосын алып маған келесіз. Мен көрейін. Сосын сізге қалай жасалатынын айтамын.

–          Жұмысыңызға кепілдік бере аласыз ба?

–          Сомасына қарай кепілдік болады. 

–          Мысалы?

–          10 минуттан соң хабарлассаңыз?

–          Шамамен қанша болады?

–          50 мың теңгеден басталады. 

50 мың теңге. Бір отбасын ойран қылуға осынша сома жеткілікті деп сендірді. Жоғарыда пікір білдірген Мұхамедтің айтуы орынды-ақ. Ол шетел асып бірер елдің заңын саралаған. Мысалы Малайзияда кінәсі дәлелденсе, жаңағы тәуіпті де тапсырыс берушіні де 12 жылға түрмеге жабады екен. Ал Араб әмірліктерінде тіпті өлім жазасына кесетін көрінеді. Біздің ата заңда дәл осы сиқыр мен дуалауға байланысты нақты жаза жоқ.

«Мұны көтеру керек. Түбегейлі зерттеп барып қарастыру керек. Негізі ондай нәрсе деген бар. Жадылау, адамның басын айналдыру деген нәрсе бар. Иманы бар адам, құдай деген адамға ондай нәрсе жұқпайды. Сақтану жолдарын қарастыру қажет. Имамдар бар рухани жағынан. Екінші жағынан мұны арнайы істеген адамдар болса, міндетті түрде өте қатаң жазамен жазалануы керек», – деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан. 

Әлеуметтанушы Айдар Хамит бұл Орталық Азиядағы посткеңестік мемлекеттерге тән дүние екенін айтады. Ленин мен коммунизмге құдайындай сеніп келген жұрттың атеизмнен алшақтаған соң белгілі бір дінге, сенімге деген сұранысы артқан.  

«Бұл идеологиялық тұрғыдан бұрынғы адамдар енді болашаққа коммунистік сеніммен тұрса қазір осы сенім тұрғысынан белгілі бір вакум қалыптасты. Сол 90-жылдан бастап ешмі, балгер, балгерсымақтар көптеп тарады», – деді әлеуметтанушы Айдар Хамит.

Исламда бұған байланысты не делінген? Дін өкілдері құран аяттарынан мысал келтіреді.  

«Құран Кәрімде Алла Тағала айтады «Ішімдік ішу, арақ ішу, құмар ойын ойнау, бал ашу және сиқырлау бұл шайтанның амалдарынан. Бұдан аулақ болған кезде ғана адам құтылады». Яғни осы аяттың астарына үңілетін болсақ бұл балгерлікпен айналысу, адам өмірін болжау, өткенін болашағын болжау ислами тұрғыдан харам саналып тыйылғанын көрсетеді», – деді ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы. 

Айтты-айтпады бұл да өз алдына жеке проблема. Көз жұма қарайын десең еліміздің әр өңірінде «бал ашамын, бақ ашамын, сүйгеніңді қаратамын, мұң-қайғыңды тарқатамын» дейтіндердің саны артқан. Мұндай «мамандардың» мәселесін заң жүзінде қайта қарау сұранып-ақ тұрғандай.

 

stan.kz

Загрузка...