Аятолла жұма намазында ирандықтарды татулыққа шақырды

0

17 қаңтарда Тегеранда Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи жұма намазында жұрт алдында уағыз оқып, елді татулық пен бірлікке шақырды. Аятолла бұл уағызын елде наразылық күшейіп тұрған тұста оқыды. Мосалла мешітіндегі жұма намазында ол «Батыс елдері ирандықтарды тізерлете алмайды» деді.

Сегіз жылдан кейін алғаш рет жұма намазында (2012 жылы ақпанда Иран ислам революциясының 33 жылдығы тұсында жұма намазында уағыз оқыған) мәлімдеме жасаған 80 жастағы Хаменеи Тегеранда Иран зымырандары тиіп құлаған украиналық ұшақтың апатын «орны толмас қасірет» деді.

Ол «жауларымыз украиналық ұшақтың апатын Иранға, әскерімізге қарсы қолданып жатыр» деді.

Уағызға мыңдаған адам жиналды. Мешіт маңында күзет күшейді. Ел билігі жұма намазынан кейін халықты Иран әскерін қолдайтын шеруге шақырған.

3 қаңтарда Иракта АҚШ ирандық әскербасы Касем Сүлейманидің көзін жойған. 8 қаңтарға ауған түні Иран «кек қайтару» үшін Американың Ирактағы екі базасын зымырандармен атқылаған. Осы оқиғадан бірер сағат өткенде Тегераннан Киевке ұшып шыққан украиналық ұшақ санаулы минуттан соң Иран астанасы маңына құлады. МАУ компаниясының Boeing 737 ұшағындағы 176 адамның барлығы қаза болды. Ұшақта алты елдің азаматы болған. Оның ішінде көбі – Иран азаматы. Одан кейін аталатын Канада азаматтарының дені – Канада азаматтығын алған ирандықтар.

Кейін Тегеран украиналық ұшаққа ирандық зымыран тигенін мойындаған. Осыдан соң елде билікке қарсы наразылық күшейіп, жұрт Хаменеидің биліктен кетуін талап еткен.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз