72 жастағы қария мүгедек әйелін өлімнен құтқарды

0

Әлемде

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Жан түршігерлік жол апаты Сингапурде болған екен. Ұлы шетелде демалыста жүргенде қос қарт ірі апатқа түсіпті

НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан — Sputnik. Сингапур тұрғыны үрейге ерік бермей, тірідей жанып кете жаздаған әйелін өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды AsiaOne ақпарат порталы.

Оқыс оқиға 28 желтоқсан, сенбі күні Сингапурде болған. 72 жастағы зейнеткер Тан Ченг Уитт 68 жастағы арбаға таңылған әйелі Ху Гек Хвамен бірге қызын жұмыстан алып кетуге бара жатыпты.

Алайда олардың жолында мотоциклші шыға келген. Жүргізуші мотоцикл тізгініне ие бола алмай, жолдың арғы бетіне қарай кеткен.

Тағы оқыңыз: «Жұрт дүрлігіп, жылады»: ұшақта болған кәсіпкер апат кезінде не болғанын айтты

Тан Ченг Уитт жол апатының алдын алу үшін көлік тежегішін жанталаса басқанымен ол әрекетінен нәтиже шықпаған. Мотоцикл жанып, қарияның Toyota Rush көлігінің тура жанынан өтіпті.

Көзді ашып-жұмғанша автомобиль қызыл жалынға оранған екен. Алайда 72 жастағы зейнеткер үрейге ерік бермей, тірідей жанып кете жаздаған әйелін көліктен алып шығып, қауіпсіз жерге апарған.

Тағы оқыңыз: Алматыдағы алапат өрт: дүкен тып-типыл жанып кетті – фото

Тан Ченг Уиттке куәгерлер де көмектесіпті. Апаттан қария да, оның әйелі де зардап шеккен жоқ.

Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция мен өрт сөндірушілер өртті сөндірген. Ал 23 жастағы мотоциклші өміріне жеңіл жарақат алыпты. Ол ауруханаға жеткізілді.

Келесі күні Ху Гек Хва апаттың қалай болғанын айтып берді.

«Мен апат болған кезде қатты қорқып кеттім. Денемді қозғалта алмай қалдым. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Өмірімді құтқаруға ат салысқан адамдарға алғысымды білдіремін», — деді ол.

Кейін Toyota Rush көлігі Тан Ченг Уитттің 38 жастағы ұлы Деррик Танға тиесілі екені белгілі болды. Ол жол апаты болған кезде Таиландта демалыста жүріпті.

Деррик Танның айтуынша, апаттан көлікке қатты зақым келген. Сондықтан оған жаңа автомобиль сатып алуға тура келеді.

Ал полиция қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.



sputniknews.kz