Жаппай төбелестен кейінгі Пенжімдегі жағдай қандай?

0
1043

 

Фото: ©Tengrinews/Рашит ИльясовФото: ©Tengrinews/Рашит Ильясов

Сынған терезелер, қақпалар, көліктер. 28 қазанға қараған түнгі жаппай төбелестен кейінгі Пенжімдегі жағдай қандай? Tengrinews.kz тілшісі оқиға куәгерлерімен сөйлесті.

Пенжім ауылы Алматыдан төрт сағаттық жерде орналасқан. Мұнда 12 мыңнан аса халық тұрады, оның жеті мыңы қазақтар, бес мыңы — ұйғырлар.

Ұйғыр тілінен енген «пенжім» сөзі «бас ауыл» дегенді білдіреді. Өйткені, елді мекен қашаннан жүгері егетін кәсіподақ орталығы болған. Мұнда әр үй ауласынан жүгері кептірілетінін байқауға болады.

Қазір ауылдағы үйлерде терезелер сынғаны байқалады. Оқиға жергілікті әкімдік пен полиция ғимараты маңында болған.

Жиналғандар кейбір қоршауларды да қиратқан.

Пенжім тұрғындарының бірінің темір қақпасы қираған. Ол қоршауды қалпына келтіріп жатыр.

«Басында кешкісін халық жиналды, ешкімге тиіспеді. Бірақ кейін түнгі сағат 1-лер шамасында бұл жерде белсенділік басталды. Басқа ауылдардан келіп, тас лақтыра бастады. Біздің үйге тиіспейтін шығар деп ойладым, мен — қазақпын.

Бұл жерде арандату болды. Бала жарақат алды, бірақ не болғанын түсініп, дұрыс қарау керек. Сабырлы әрекет етпегендіктен қаншама терезе сынды, қаншама отбасы зардап шекті. Олар келіп, терезелерді өлшеп, жөндеуге уәде берді», — дейді оқиға куәгері Айгүл Қарашева.

Барлығы Абдулла Розыбакиев атындағы мектепте болған төбелестен басталды. 30 шақты бала мектеп ауласында жаппай төбелес шығарды. Мектеп әдеттегідей жұмысын жалғастырып жатыр. Директор түсініктеме беруден бас тартты.

Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі Талғат Өміралиевтің айтуынша, мектеп оқушылары үзіліс кезінде жанжалдасып, кейін жағдайды көшеде шешуге жүгірген.

«Үзіліс кезінде олар бір-бірін итеріп, жанжалдасып қалды, кейін көшеге шықты, бәрі бір минутта болды, содан кейін олар бөлініп кетті, бәрі көрді. Бала құлап, басын соғып алды. Оған бардық, есін біледі, қол-аяғы аман, бірақ оған оңалту қажет. Қазір құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғайтын-қозғамайтынын тексеріп жатыр.

Көбінесе терезе сынған. Кәсіпкерлер есебінен үш бригада жұмыс істеп жатыр, барлығы қалпына келтіріледі. Қомақты сома болады деп ойламаймын. Бұл — бұзақылық дер едім, біреулер ұлтаралық алауыздық деп жазған. Бұл жерде ұлтаралық қақтығыстың жоқтығына көз жеткіздік. Ауыл тұрғындары бұрыннан тату-тәтті өмір сүріп жатыр», — деді Талғат Өміралиев.

Жарақат алған бала — қазақ. Кейінірек әкім екінші зардап шегуші – 53 жастағы ұйғыр азаматы да бар екенін айтты.

Оқиға куәгері Әлжан Самраев екінші жәбірленушімен таныс екенін айтты. Олар егістікте бірге жұмыс істеген.

«Бәріміз бір-бірімізді танимыз. Ол басқалармен бірдей, жермен айналысады. Өзіміз үйде болдық. Бірден олардың тірі, сау немесе жаралы екенін тексердік — ондайлар болған жоқ. Сосын жігіттер телефон соғып, бұзақылар терезелерді сындырып жүргенін айтты. Ауылда үнемі тыныш. Біз көрші тұрамыз: тойларда, еске алу кештерінде, алқаптарда бірге жұмыс істейміз, жүгері өсіреміз. Сол күнге дейін мұндай қиындықтар болған емес. Бізде тіпті жаман ой да жоқ. Біз үшін ең бастысы — балаларды тамақтандыру және жүгері өсіру», — деді Әлжан Самраев, ауылдық округтің өзін-өзі басқару органының мүшесі.

Бұған дейін 27 қазанда Алматы облысындағы Пенжім ауылының мектеп территориясында жаппай төбелес болып, 16 жастағы бала ауруханаға түскені хабарланды.

Кейін Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы Пенжім ауылында жаппай төбелес кезінде зардап шеккен оқушының жағдайы туралы мәлімдеді. 27 қазанда 2005 жылы туған мектеп оқушысы Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасына түскені белгілі болды. Пенжім ауылындағы арандатушылар туралы ҚХА ресми өкілі Майя Бекбаева да мәлімдеме жасаған еді. Ол ауыл тұрғындары тыныштық пен бейбітшілікті қалайтынын айтқан. Алматы облысының Полиция департаменті Пенжім ауылындағы жаппай төбелеске қатысты өрттің оқиғаға қатысы бар-жоғы туралы пікір білдірген.