Жаңаөзенде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деп айыпталғандардың туыстары әділдік талап етті

0
127

17 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деп айыпталғандардың туыстары алаңға жиналып, биліктен істің әділ қаралуын талап етті, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Жиналғандар істің қолдан жасалғанына сенімді. Олар қылмыстық істегі зайттай айғақ – қаруды тінту жүргізгендер өздері тастаған дейді.

2019 жылы шілдеде қауіпсіздік күштері қаладағы ондаған үйді тінтіген. Ұсталған 12 адамның 11-і қазір қамауда отыр, біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Оларға қаруды заңсыз сақтау, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқан деген айыптар тағылған. Іс аясындағы тергеу бір жылға созылды. Өткен айда сот басталды. Алаңға жиналғандардың айтуынша, қазір сотта тараптар сөз жарыстырып жатыр.

Жаңаөзен алаңына шыққандар күдіктілердің суреттерін ұстап тұрды. Олар істің сотта әділ қаралғанын қалайды. Жаңаөзен тұрғыны, зейнеткер Аманбике Егізбаеваның екі баласы осы іспен қамауда отыр. Егізбаева оларға тағылған айыптарға негіз жоқ екеніне сенімді.

Жаңаөзенге Теңге ауылынан келген Төребек Өткелбаев істің саяси астары барын айтты. Оның інісі Нұрғазы Өткелбаев осы іс аясында қамауға алынған.

«Біз саясатпен айналыспаймыз дейміз, бірақ саясат бізбен айналысады. Халықты бастап шығуы мүмкін-ау деген жігіттерді жалған айыптаулармен қамауда ұстап отыр», – деді Төребек Өткелбаев. Оның бауыры Нұрғазы жергілікті мұнай сервисі компаниясында істеп жүрген уақытта кәсіподақ, еңбек жағдайы және жалақы мәселелері бойынша өткен жұмысшылар жиынына қатысқан.

Айыпталушылар арасында Жаңаөзен тұрғыны Самат Қойшыбаев та бар. Ол 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен шартты түрде жазаланған.

Алаңға жиналғандарға Жаңаөзен қаласының прокуроры Ермек Елубаев келіп, олардың бұл жиналысы «заңсыз» екенін ескерткен. Сол жерге Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов және СЭС өкілдері де келді. Тағы бір адам жиналғандарды бейнекамераға түсіріп жүрді.

Акция өткізушілер плакаттары мен суреттерін жинап, алаңды босатты.

Билік Маңғыстаудағы моноқала тұрғындарының түрлі наразылық әрекеттерін ерекше бақылауда ұстап отыр. 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілін полиция күшпен басты. Олар бейбіт шерушілерге қарсы оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен мен Шетпе станциясындағы оқиғалар кезінде 17 адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. Қала тұрғындары мен адам құқықтарын қорғаушылар құрбандар саны одан бірнеше есе көп болуы мүмкін екенін айтты.

Осы оқиғалардан соң 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен сотқа тартылды. Олардың үшеуі ақталды, 21 адам шартты жаза алды. 2012 жылғы маусым айында 13 айыпталушы үш жылдан жеті жылға сотталды. Олар тағылған айыптарды мойындамады. Осы іспен сотталғандардың бәрі кейін бостандыққа шықты.

Бірқатар азаматтық белсенді және Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт тұрғындарға оқ атуға бұрық бергендер әлі күнге дейін жауапқа тартылмады деп есептейді.