Жаңаөзен жарасына 10 жыл: «Еститін мемлекет» емдеуге жарымай тұр

0
469

Алғаш бас көтерген мекемелердің бірі Қаражанбас кеніші жұмысшылары 17 сәуір ереуілге шықты. Бірер күннен кейін наразылыққа үш жүз шақырымдағы Жаңаөзен жұмысшылары да қосылды. Сарапшылар мен белсенділер Құрық, Қаражанбас, Жаңаөзенді шарпыған ірі ереуілге билік дер кезінде оң әрекет етсе, қанды трагедияның жолын кесуге болар еді дейді.  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында тарихтың қанды парағына хатталған Жаңаөзен оқиғасының алғышарты, жай-жапсары, ереуіл барысы, арандату әрекеті, қантөгіс күні, шынайы баға беру т.б. тақырыптар жөнінде мұнайшылар мен сарапшылардан сұрап көрдік.

Бұл туралы kznews.kz сайты хабарлайды orda.kz порталына сілтеме жасап.

Ереуіл атқа ер салмай…

Наразылардың бірі Әділбек Сағындық машинист ретінде Маңғыстау ауданынан Қаржанбасқа қатынап жұмыс істеген. Көктем шыға наразылық артып, жағдай шиеленісе түскен. Мұнайшылар қатарында белсенділігімен көзге түскен оны сәуір айында-ақ жұмыстан шығарып тастаған.

– Қаражанбас мұнай мекемесінде 5 мыңдай адам жұмыс істедік. Бастапқыда бәрі шықты, мыңға жуығы соңына дейін табандап тұрды. Көбіне қорқытып-үркіту, мараторий деген әдіспен жұмысқа оралуға мәжбүрледі. Басында екі апта кен орнында шатыр-күрке тігіп жаттық, белсенділерін үйіне апарып тастады. Мамырдың алғашқы жұмасында 20 шақты жігітті ұстады дегенді есіте салып бірден қалаға барып, 7 мамыр босатып алдық, – дейді.

Жеті айға созылған наразылық кен орны мен Ақтаудағы компания кеңсесі арасында өтті. Жалақы мен еңбек жағдайындағы алалаушылықты жоюды сұраған мыңдаған жұмысшының талабын орындаудың орнына қысым үдей берді. «Мәселелер тек қантөгістен кейін ғана шешілгені өкінішті» дейді ол.

Өзенмұнайгаз қарамағындағы Ембі мұнай кен орнының оператор жұмысшысы Мұратбай Жұмағалиев «көп нәрсе жетіспеді, еңбек жағдайы нашар еді, тіпті жуынатын суға дейін болмады» деп еске алады ереуіл алғышарттарын. Оның айтуынша,  ереуіл тұсында полиция мен биліктің қысымы өзіне дарымаған соң олар отбасын, ата-анасын қорқытып-үркіте бастаған. Ол Жаңаөзен мұнайшыларының белсендісі ретінде байқалады.

Билік ереуіл кезінде түрлі «қитұрқы әрекеттерге» барғанын айтады.

– Спортшыларды жанжал шығаруға жұмсады, мұнайшыларды қамаласың-жұмыстан шығасың деп қорқытты, біразын ақша беріп көндірді. Қарапайым киімде келген полицейлер қол көтеріп, арандатуға тырысты. Туыстарымызға доқ көрсетті. Содан уақыт өте басында 5 мың адам болған арамыз біршама сиреді. 1200-дейі ақырына дейін төзді, – дейді Жұмағалиев.

Жарты жыл бойы мұнайшылар аштық жариялады, ұсталды, өзін жаралауға тура келді, ереуілшілердің ортақ қазанын төңкерді, жаппай күш көрсетті… осыған ұқсас түрлі баяндауыштан тұратын ақпарат жиі тарады.

Мемлекеттік БАҚ ереуілшілерді «құбыжық» етіп көрсетті

Ереуіл кезінде жарты жылдай мұнайшыларға құқықтық тұрғыда көмек көрсеткен Ерлан Қалиев мемлекеттік ақпараттық саясат теріс жүргізілгенін айтады.

– Жеті ай бойы мемлекеттік ақпараттық пропоганда наразы мұнайшыларды «маргинал», «масыл», «қанағатсыз» деген сипаттап, сыңаржақ бағытта ақпарат таратты. Айдос Сарым, Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов сияқты танымал тұлғалар жаңаөзендік жұмысшыларды айыптап-қаралады, – дейді ол.

Жаңаөзен трагедиясынан кейін оппозицияны қудалау күшейді. Ереуіл кезі мен қантөгіс күндері дәйекті түрде ақпарат таратқан «тәуелсіз БАҚ өкілдеріне қысым артты, «Республика», «Взгляд» сияқты 30 шақты ақпарат құралын мәжбүрлеп жапты» дейді құқық қорғаушы.

Наразылықтың басы-аяғында болған Әділбек Сағындық өздері туралы мемлекеттік БАҚ «жалған» мәлімет бергенін қиянат деп бағалайды. «Пропоганда «еріккеннен, тойынғаннан, қанағатсыздықтан шығып жатыр» деген сыңайда өрбіді. Осы сарында көп хабар жарияланды» деген белсенді ақпараттық бұрмалаушылыққа «шыдай алмай өңірдегі ауылдарды аралап, мақсатын түсіндіруге тырысқан».

Жергілікті билік мұнайшылар наразылығын «саудаға салды»

Наразылыққа шыққандар 2011 жылғы ереуілге дейінгі бірнеше жылда болған жағдайларды қорыта келе, ортақ тұжырымға келгенін айтады. Сағындық «сол кезде естіп-білген, көрген дүниемізден кейін түйген тұжырымымыз. 90-95% шындыққа жанасады» деп есептейді. Оның айтуынша, әу баста Қаражанбас мұнайы іске жарамсыз, тозып жатқан кезінде индонезиялық кәсіпкер қолға алып, қанадалық мамандарды тартқан. Техниканы жаңалап, еңбек жағдайы мен базаны жақсартты, жергілікті жұмысшыларға іс үйретті деген ол биліктің ашкөздігі қарапайым жұртты ажалға айдады дейді.

– Канада мен Индонезия мамандары кен орнын аяққа тұрғызған соң билік түрлі шарғымен қысым жасап, күн көрсетпеді. Содан Қаражанбасты Қытайға сатуға мәжбүр болады. Олар үлескерлікке Назарбаевпен келіседі. Ол уақытта Көшербаев басқарып отырған өңір басшылығы бұрынғылардан  үлес алып отырған. Кен орнын иемденіп жатқан қытай кәсіпкерлерін «сындырмақ» болады. Қытайлар астанамен келіскеніне сеніп, әкімдіктің дәмесін өтеуден бас тартады. Сөйтіп облыс әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов еңбекақы коэффициенті 1,8 болуы керек деп мұнайшылар кәсіподағын лаңға салды. 2008 жылдары ол жұмысшы жігіттерге «сендердікі дұрыс, жалақыларың 250-500 мың теңге арасында болуы қажет» деп жанашыр кейіп танытып жүрді. 2010 жылға қарай бірден тонының түсін құбылтып, жұмыс берушілердікі жөн деп, өзгеріп сала берді. Жұмысшы табын наразылыққа итермеледі, – дейді «құпия схема» жайлы.

10 жыл бұрынғы 16 желтоқсан

Бұрын соңды Жаңаөзенде Тәуелсіздік күніне концерт ұйымдастырылып көрмеген. Мыңнан аса ереуілші тұрған алаңға мерекеден бір күн алдын әкімдік сахна құрылымдары мен киіз үйлер әкеліп құра бастаған. Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарбөпеев жарты жылдана аса тұрған наразы мұнайшыларға қарата тұрғындарға арнап концерт өтетінін айтып, ешқандай арандату болмайтынына уәде берген.

16-сы сағат 10.00 шамасында полицейлер алаңды қоршауға алған. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, сақшылар жұмысшыларға жұртқа дәм-тәтті үлестіруге кедергі келтіріп жатқанын айтып шүйлігеді. Ереуілшілер мерекелік шараны «Мұнайшы» мәдениет сарайында өткізуді сұрап, тарамайтынын ескертеді.

Жұмағалиевтің айтуынша, полицейдің артында бүркеніп жүргендер көз жасаурататын газ шашқан. Биліктің алаңнан аластатпақ болған амалынан ештеңе шықпаған соң кенет топалаң басталған. «Сағат 10.00-де қарудың даусы естілді» дейді мұнайшы.

–  Алаңның шет жағында тұрған 5 жасар қыздың маңдайына оқ тиіп өлді. Полиция қызы мен күйеубаласын көруге келген 90 жастағы қарияны өлтірді. Арнайы жасақ алаңды айналып, кейбірін қуып жүріп атты. Бір кезде етігімді оқ жанап өтті. Әріптестерім көз алдымда оққа ұшып жатты. Басында резеңке оқпен атып жатқан болар дедім. Шадияр деген мұнайшы, тағы бір жұмысшының ұлы Юсуп Радик өлгенін көргенде ғана көзім жетті. Жараланғандарды жедел жәрдем көлігіне салып жіберіп тұрдым. Шамамен 70-80 адамды өз қолыммен тиеп жібердім. Бірі бауырынан, бірі әкесінен қарап тұрып айырылған жастар тым қатты ашынып кетті. Түн ауа, сағат 2.00 кезінде үйге қайттым, – дейді.

Қаражанбастық жұмысшы Әділбек Сағындық түсте Жаңаөзенде қырғын болып жатыр дегенді естіген бойда көлік жалдап, ауылы Жыңғылдыдан Ақтауға тарттым дейді.

«Кешкісін 150 шақты адам қантөгісті тоқтатуды талап қылып, қаладағы Ынтымақ алаңына жиналдық. Әскерилер келіп, 3-4 автобуспен алып кетті. Содан УВД-ға жеткізіп, сонда бірер сағат тергеді. Кеш қарая облыстық ауруханаға бардық. Көргенім, айнала у-шу, абыр-сабыр, жедел жәрдем көлігі тынымсыз келіп жатты» дейді.

Арандатушы топ кімдер?

16 желтоқсанда жеті айға созылған ереуілді мұнайшылар формасын киген ашулы белгісіз топ бұзды. Сахнадағы техниканы сындырып, кейін мемлекеттік нысандарды өртеді. Тәртіпті қалпына келтіреміз деген полиция алаңдағы жұртты оқ атып таратты.

«Алаңның шырқын бұзып арандатқандар – полицейлер, үкімет адамдары» екеніне сенімді Жұмағалиев қақтығыс басталарда маңайда жетімдер үйінің балалары көбейіп кеткенін айтады. Оның пікірінше, билік оларды айдап салған, полиция жансыздары алаңды бүлдірсе, жеткіншектер өртеген, арасында бірді-екілі мұнайшы ызаланған болуы мүмкін. «Жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне алдын ала дүкен тонауға, өрт қоюға ерік-нұсқау берілген». Құқық қорғаушы Қалиев балалар үйінің кенеттен жабылғанын растады.

– Оқиғадан екі апта ілгері 115 ОМОН, облыстың жер-жерінен учаске инспекторларын тартты. Қылмыстық тергеу нұсқасында қару-жарақ табельге тіркелмегені сөз болды. Кез келген полицей қалағанынша қолдануға мүмкіндік алған. Көлікте отырған студент Көшеровтің желкесінен оқ тигенін осындай күштік құрылымдардағы салғырттықтың салдарынан көруге болады. Орны толмас олқылыққа жол берген полиция бөлімінің басшысы жауапқа тартылудың орнына шені өсті, – деп қынжылады Қалиев.

Қаражанбас ереуілшілерінің белсендісі Әділбек Сағындық 16 желтоқсан таңертең телефонына белгісіз нөмірден хабарлама келгенін айтады. «Сөзбе-сөз есімде жоқ, хабарлама «Әділбек, қазір бастаймыз, сендер не істейсіңдер?..» деген мағынада, аса мән бергем жоқ, түсінбедім» дейді.

– Арандатушы топ болды. Ереуіл кезінде бізге жиі келді. Қаражанбас жұмысшыларының зардап шекпеуінің бірден-бір себебі – арамызға бөтен адамды жолатқамыз жоқ. Біреу президенттің кеңесшісімін, көмектесемін деп келіп, құжат сұратқандар болды. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дау деп ешкімді жуытпадық. Жаңаөзендік мұнайшылардың ешқайсы ондай бүлікке бармайды. Бұл жерде іріткі салып, биліктің өзі қолдан арандатты, – деді машинист.

Сол кездегі президент Назарбаев оқиғадан кейін бір апта өткенде, 22 желтоқсанда Маңғыстау облысына барған сапарында «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде қарулы арандатушы адамдар бүлік шығарды, бұл  жастарға 20 мың теңгеден ақша мен арақ берген» деп айыптап еді. Арандатушылар мен ұйымдастырғандарды қайда бой тасаласа да «бәрібір табуға, шындықты аштыруға» уәде еткен. Дегенмен Назарбаев президенттік тұсында нақты айтпады. Тек биыл 2 желтоқсанда көрсетілген өзі туралы кезекті фильмде экс-президент «бұл – Әблязовтің ісі» деп қуғындағы банкирді кінәлады. Қазақстан соты сырттай өмір бойына соттаған Мұхтар Әблязов осы аптаның басында өзіне айтылған айыпты терістеп мәлімдеме жасады. Ол арандатуды (сол кездегі Атырау облысының әкімі) Бергей Рысқалиев, (ПӘ жетекшісі) Аслан Мусин мен (президент) Нұрсұлтан Назарбаев бірігіп ұйымдастырды деді. Ал Қазақстан билігі 17 жылға сырттай соттаған Рысқалиев мұны «абсурд» деп атап, Әблязов пен Назарбаевты жала жапты деді. Қалай десе де бірін-бірі арандатушыға балаған саясаткерлер ақпараттық айтыста нақты дәлел ұсынбады.

17 желтоқсан – Ақтау, Жаңаөзен, Шетпедегі толқулар

Жаңаөзенде желтоқсанның 17-сі президент Назарбаевтың жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Қалаға кіріп-шығу қиындады. Интернет пен байланыс нашарлап, қатаң тексеріс жүрді. Соған қарамастан келесі күні шамамен 5 мың жаңаөзендік бас алаңға «Бейбітішілік болсын!» деген жазуы бар ақ мата ұстап шықты. Жаңаөзендік Жұмағалиев алаңды қарулы жасақ қоршап тұрғанын көрген.

Сол күні Жаңаөзендегі ереуілшілерді қолдау ниетімен әрі әскерді шығару талабымен бір топ адам Шетпе станциясына ереуілге шықты. Ереуілшілер станциядағы теміржол пойыздарының қозғалысын бөгеуге тырысты. Шетпедегі толқулар кезінде де полиция оқ атты. Бір өрт сөндіруші қаза тауып, 12 адам жараланды.

– Қырғын болған күннің ертеңіне Ақтаудағы орталық алаңға 4-5 мың адам қайта жиналдық. Желтоқсанның 20-ына дейін сағат 11.00-ге дейін Үкіметке талап қойып, сонда тұрдық. Сол арада Шөкеев пен Қазмұнайгаздың басшысы келді. Жаңаөзенге сырттан кіргізілген әскерді шығаруын, қару жұмсамауды талап еттік, – дейді Қаражанбас жұмысшыларының бірі Әділбек Сағындық.

Құқық қорғаушы: Арандатушыларға қатысты нұсқалар

Жаңаөзен оқиғасына байланысты айтары көп құқық қорғаушы Ерлан Қалиев қантөгіске себеп болған арандату әрекетіне байланысты бірнеше нұсқа барын айтады.

– Оқиға күні Өзенмұнайгаздың кеңсесі өртенді. 3-қабаттағы бухгалтерлік-қаржылық құжаттар сақталатын  қойма өртеніп, оған қоса күзеті мықты мекемеден 270 компьютердің жады сақталатын қатты дисктері қолды болған. Қатардағы қарапайым жұмысшы қарбалас кезде қысқа уақытта жүздеген хард дисктен бірін де қалдырмай тып-типыл тазалап кетуі мүмкін бе?.. Мұның бәрі қылмыстық істе тіркелген. Бүліктің мақсаты – Өзенмұнайгаз дерекқорын жою көзделген болуы мүмкін. Бұдан жергілікті филиалдың басшылығы таза болмаған, орталық кеңсеге жалған есеп берген деп болжауға болады. Мәселен, қағаз жүзінде 50 мың тонна мұнай өндірілді десе, шынында 70 мың тонна өндірілген, артығы заңсыз саудаланған. Мұнай бар жерде ұрлық болатыны белгілі. Көп мысалдың бірі, Ақтөбеде «Төрт ағайынды» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың мұнай ұрлап, заңсыз сатумен айналысқаны есіңізде болса керек. Сонымен қоса, екі бухгалтерия жүргізіліп, жұмысшы шынтуайтында 120-150 мың алса, құжатта 500 мың көлемінде көрсетілген. Егер жалақы тап ресми есептегідей болса, жұмысшыларға ереуілдетудің не қажеті бар. Осының бәрін жуып-шаюға жаппай тәртіпсіздік керек болды, – дейді.

2011 жылғы қарашаның аяғында өткен тараптардың соңғы кездесуінде облыс әкімінің орынбасары Айтқұлов пен Қазмұнайгаз басшыларының бірі Мирошников үзілісте даудың мән-жайы жайлы тосын ақпарат айтты дейді.

– Олар шу 2010 жылы басталғанын жеткізді. Сол жылы мамыр айында Ақтау әкімдігінде өткен жиында (Маңғыстау және Атырау облысының өкілдері қатысқан) премьер-министр Кәрім Мәсімов батыс элитасының өңірдегі мұнайдан түскен пайданы астанаға құя бермей аймақты дамыту үшін Қазмұнайгаздың бас кеңсесін Атырау немесе Ақтауға көшіру туралы талабын бір айда қарастырып, орындауға уәде берген. Тап сол күні наразылық отына май құйып, өршуіне, жалғасуына жергілікті элитаның ықпалы болды деген де долбар бар, – деп топшылайды.

Мұның бәрі тәуелсіз кешенді зерттеуді қажет етеді дейді сарапшылар.

22 жылдан бері құқық қорғаумен айналысып жүрген Бахытжан Төреғожина арандатушылар туралы құпияның түбі ашыларына сенімді.

– Шығыс менталитеті басым халық ретінде бәрі туыс, біліс өңірдегі тұрғындар көп дүниені айтуға жүрексінеді. Арандату туралы қауесеттер тарағанымен, Жаңаөзендей шағын қалада бірін-бірі жақсы білетін жұрт ішінде ұзынқұлақтан мұндай ақпаратты жасыру мүмкін емес. Сотқа тартылған 37 айыпталушының арасында Досмағамбетов пен Әміровтен өзге куәгерлердің көзі тірі. Олар ашып айтуға тартынады. Себебі трагедия авторлары әлі де билікке ие, – дейді ол.

Жараланғандар мен қаза болғандар есебі күмәнді

Ресми дерек бойынша, Жаңаөзендегі қырғын салдарынан 17 адам қаза болып, жүзден астам азамат жараланған. Билік дерегіне күмән келтіретіндер көп. Мұратбай Жұмағалиевтің айтуынша, алаңда 300-дей адамға оқ тиіп жараланған.

Ерлан Қалиев алты ай мұнайшылардың қасында болған адам ретінде айтары – «Жаңаөзен оқиғасында саяси жетекшіліктің бейбіт азаматтарына қару жұмсауы халықаралық норманың бірде-біріне сай келмейді. Бұл тарихқа туған халқына қарсы жасаған қылмыс ретіне енді» дейді.

– Қарулы күштер қалай болса солай атқан. Биліктің қалың топқа бей-берекет оқ жаудырғаны еш заңға, ақылға, адамгершілікке сыймайды. Ресми дерекке қарағанда, алаңда мыңдаған адам болған. Қанша адам өлгенін айту қиын, – дейді.

Ресейлік «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко қанды қырғыннан кейін орайын тауып, Жаңаөзенге жасырын кіріп арнайы зерттеу жүргізді. Ол материалында 64 адамның өлгені туралы жазды.

Ерлан Қалиев Елена Костюченконың айтқаны тек үлкен кісілер туралы дейді. Құқық қорғаушының мәліметінше, алаң маңындағы көлікте отырған жерінен оқ тиіп өлген 16 жасар Рахат Көшеровтің анасы ұлының денесін алуға мәйітханаға барғанда жас балалардың сүйегі көп болғанын айтқан. Ересектер мен балалардың денесі екі бөлек орында жиналған деседі.

Ол бұл сөздің дәлелі ретінде Жаңаөзенде Кеңес кезінде құрылған жетімдер үйі оқиғадан кейін аяқ астынан таратылып, ондағы балалар әр аймақтағы мекемелерге жіберілуін алға тартады.

Атуға бұйрық берген кім?

Назарбаев оқиғадан кейінгі Маңғыстаудағы сөзінде «…Егер полицейлерге шабуыл жасалса, онда олардың қару қолдануға заңды құқығы бар. Дегенмен ештеңеге қарамаған сақшылар соңғы мезетке дейін әуеге оқ атты, одан қайран болмаған соң жерге ата бастады» деген.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев «авторитарлы режимде өмір сүріп жатқан, билігі вертикалды құрылымдағы ел ретінде бұл бұйрық Ақордадан берілгені анық» деген пікірде.

– Ішкі істер министрінің осындай аса маңызды шешімді өз бетінше қабылдайтындай басы екеу емес. Егер құқықтық мемлекет болғанда, атуға бұйрық бергендер әлдеқашан жауапқа тартылар еді. Конституция кепілі президент десек, Назарбаев бұйрық бермесе, сол кезде-ақ халық жағына шығып беделін өсіріп алар еді, – дейді.

Тағы бір құқық қорғаушы, «Ар. Рух. Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі  Төреғожина шешім қабылдаған шенеуніктер әлі де ықпалды дейді. Ол «сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен  ішкі істер министрі Қасымов қолына қару алмаса да саяси жауапкершілік арқалайды. Олар ешқашан қателігін мойындамайды» деген ойда.

Жаңаөзен шындығы және объективті бағалау

Жаңаөзен қаласы тұрғындары бұған дейін бұрынғы және қазірге президенттерге ереуіл кезіндегі «халыққа оқ ату ісін» қайта тергеуді талап етіп, бірнеше рет хат жолдаған. Азаматтық қоғам мен оппозиция Жаңаөзен шындығын ашу талабын жиі көтереді.

Алайда жақында 25 қараша күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атқарушы биліктің өкілі ретінде соттың шешіміне ешқандай түсініктеме бермейтінін, оған күмән келтірмейтінін мәлімдеді. Арада көп өтпей премьер-министр орынбасары ЕралыТоғжанов  желтоқсанның 14-і бұл жөнінде Жаңаөзеннің «бар шындығы ашылған, нүктесі баяғыда қойылған» деп жауап берді.

Саяси қызметкерлерден бөлек тәуелсіз құқық қорғаушылар басқа көзқараста. Ерлан Қалиев әділ тергеу жайлы халықаралық қауымдастықтың талабы ескерусіз қалғанын алға тартады.

– Бірде-бір объективті зертеу жүргізілмеді. Жаңаөзен шындығы саяси режим ауысқаннан кейін ашылатын болады. Оған дейін тәуелсіз-объективті баға берілуі екіталай. 30-жылдары болған репрессия мен аштық сияқты бұған да уақыт өз бағасын береді. Бұл үшін бүгінгі жүйе толықтай ауысуы керек, – деп есептейді Қалиев.

Бахытжан Төреғожина да қанды қырғынның шынайы бағасы «кешігіп беріледі» дейді. Оның пікірінше, егер шын кінәлілер заң алдында жауапқа тартылса, адамдар шындықтың барына сенер еді. Ал жазықсыз жандар өліп, оған ешкім жауап бермесе, қоғамды үмітсіздік жайлайды. Биліктің қылмысты жазасыз қалдырып, әрекетсіздік танытуы заң үстемдігіне нұқсан келтіреді.

– Полиция мен арнайы жасақтың соғыс қаруын қолдануы, генерал Қасымовтың керек болса тағы да атамыз дегені… Бұл – тарих. Тарихта қолы қанға боялғандар билікте отырғанда дер кезінде объективті баға берілмейді. Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларына қазіргі билік ауысқанда ғана мүмкін… Жуырда Австралия билігі мен қоғамы бірнеше ғасыр бұрын байырғы халықты күштеп отарлағаны үшін кешірім сұрағаны сияқты тарихи шындық кешігіп орнайды, – дейді Төреғожина.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Жаңаөзен оқиғасы қазақстандықтардың толыққанды азамат сезінуіне және Конституцияда бекітілген фундаменталды құқықтарын талап етуден тартынуына, тіпті үрейдің құрсауына түсіп қалуына әсер етті деп тұжырады. Осының салдарынан азаматтық қоғамның дамуы тежелді және саяси күштер белсенділігін төмендетті. Оппозициялық күш болғысы келетін топтарға да үлкен белгі болды. Сондықтан мұның зардабын жылдап тартатын боламыз, тартып та жатырмыз дейді.

– Жаңаөзен трагедиясына там-тұмдап жекелеген түрде баға беріліп жүр. Бірақ шынайы объективті зерттеу, мемлекеттік деңгейде баға беру саяси билік ауысқанда ғана болады деп ойлаймын. 30 жыл басқарып отырған билік өз-өзіне трагедияға жеткізген әрекеті үшін баға беруі қиын және оған тырыспайды да. Демократиялық жолмен келген билік тарихи ақтаңдақтарға саяси карикатураның көзімен емес, ғылымның көзімен қарар деп үміттенемін. Оған дейін азаматтық қоғам өкілдері өз бетінше шама-шарқынша зерттеп-баға беруге тырысады. Мемлекеттік баға тек тұтас жүйе ауысқанда берілуі мүмкін, – дейді сарапшы Нұрсейітов.

«Еститін мемлекет» құруды көздейтін билік халқына қарсы қару кезене ме?

Құқық қорғаушы Төреғожина «бүгінгі билік жекелеген азаматтардың түбіне жетпек түгілі қалың топты атып салудан тайынбайды» десе, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов ақпараттық ашық заманда дәті бара қоймайды деп есептейді.

– Билік Жаңаөзен трагедиясын қайталай алмайды. Әлеуметтік желілер кеңінен қолданылатын кезде мемлекеттік БАҚ-ты цензурада ұстап отырып, ақпаратты құпия ұстауы мүмкін емес. Халықаралық ұйымдардың қысымы мен демократиялық елдердің ықпалы барын жақсы біледі. Өзін элита санайтын азаматтардың шетелде актив-мүліктері бар, онда туыстары, отбасы мүшелері мекендейтіндіктен Батыспен байланысты үзуге мүдделі емес. Сондықтан тек қудалап-қысым көрсетеді. Бірақ кісі өліміне жеткізбейді, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Жұмағалиевтің хабарлауынша, Маңғыстау билігі жақында жараланған 72 адамға 350 мың теңгеден, қайтыс болған 16 марқұмның отбасына 700 мың теңгеден берді. Ғабиден Бақытжан (Шетпедегі оқиғадан кейін бес жылға қамалып, түрмеде өкпе ауруына шалдығып қайтқан) мен Мақсат Досмағамбетовті (Жаңаөзен оқиғасына қатысты 6 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан ереуілшілер белсендісі үш жыл алдын 36 жасқа қараған шағында ауруханада көз жұмды. Полиция тергеу кезінде азаптап, автомат дүмбісімен бет сүйегі мен қабырғасын сындырған, кейін бұл қатерлі ісікке айналып, емге көнбей ақыры қайтыс болған) қақтығыс кезінде оққа ұшпады деген себеппен бұл көмектің тізіміне қоспаған. Жұмағалиев жұрт ортадан жылу жиып, Досмағамбетовтің 6-сыныпта оқитын ұлына 400 мың теңге табыстағанын айтты.

Ереуілшілердің жеке өмірі қиындады. Кейбірі жолдасынан ажырасып, шаңырағы бұзылды, туысы суынды, жақындары алыстады. Денсаулығы сыр берді. Болашақ еңбек жолына салқынын тигізді. Ең бастысы, мемлекетке сенімі сетінеп, психикалық тұрғыда ауыр күйзеліске ұшырады. Реабилитация жұмысы жүргізілмеді.

 

Азаматтық қоғам жеті ай бейбіт ереуілде тұрған, қанды қырғыннан кейін де билікпен бейбіт келісімге ұмтылған Жаңаөзен жарасын ұлттық трагедия ретінде Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қатыгез әрі ірі қантөгіс оқиғасы ретінде бағалайды.

«Қазақстанда белсенді болу – басыңды өлімге тігумен тең»

Бүгінде көпбалалы отбасылардың отағасы болып отырған екі ірі ереуілдің (Қаражанбас және Жаңаөзен) лидерлері Әділбек Сағындық пен Мұратбай Жұмағалиев Қазақстанда белсенді болу өте ауыр деп санайды.

Сағындық ереуілден кейін де біраз жылдар өткенде азаматтық ұстанымы үшін жұмыстан шеттетілген. Ал Жұмағалиев полиция өзін жыл сайын негізсіз себептермен ұстайтынын, былтыр көлігін өртеп, биылдың өзінде сегіз мәрте қамағанын айтады.

– Қоғамда белсенді болған адамның жолын жауып, ойға кіріп-шықпайтын әдістермен қысым көрсетеді. Тағы бір қорқынышым – жұмысқа орналасқан күнде де бәле жауып қаматып жіберуі мүмкін. Маңғыстауда көптің сөзін сөйлеген бір дәрігерге өзіне дейінгі бар мәселені іліп, істі қылып жіберді. Кез келген нәрсемен арандатып, түрмеге тығудан танбайды. Қазақстанда азаматтық ұстанымын еркін айтатын белсенді болу өте қиын. Кейде үн қатпай өз жайыңа жүрген дұрыс па деймін. Талай жерлес белсенділерді қолдан істі етіп жіберді. Аудан-аймақтағы мәселелерді көтеріп жүремін. Оным шенеуніктерге жақпайды. Мені тоқтар деген оймен әкемнің туған ағасын Жыңғыл ауылының әкімі болып тұрған жерінен орнынан алып тастады. Арамыз біраз уақытқа суынып, маған ренжіп, үй-ішімен араласпай кеткен кезі болды. Нәтиже болмаған соң екі айдан кейін қайта орнына тағайындады. Мені қатты алаңдататыны – үлкен балам Ақтауда колледжде оқиды. Ұлыма қастандық жасап, бопсалай ма деп мазам қашады. Сол үшін тұңғышыма артық жүріс жүрме, тура жүр, ештеңе бүлдірме, шама келгенше ілікке себеп берме деп қақсап отырам. Бұл үкіметтен бәрін күтуге болады, ештеңеден тайынбайды, ешкімді аямайды, – дейді маңғыстаулық Әділбек Сағындық.

Оның айтуынша, 2017 жылы көлік цехының басшысы болып жүрген жерінен жұмыстан шеттетіп, кейін шығарып жіберген. 19 ай тергеуде полиция, финпол түрлі «жала жабуға тырысты». Алғашында бір мердігермен сөз байласып, мекеменің 1,2 млн теңге көлемінде «қаржысын жемек болдың деген айып тақпақ болды». Іліктің реті келмеген соң сот КазАТК-да (бұрынғы атауы – М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы) 2006-2011 жылдары сырттай оқып алған дипломын «негізсіз, жарамсыз деп таныған». Осылай деген Сағындық бес жылдан бері жұмыссыз. Әңгіме барысында белсенді Атамекен кәсіпкерлер палатасының сотталғанын сылтауратып кепілді несие беруден бас тартқанын айтып қапаланды. Оның айтуынша, бір ай курс оқыған соң шағын құс шаруашылығын дамытуға үйін кепілге қойып несие алуға өтініш білдірген. Барлық құжатым дұрыс әрі жарамды бола тұра қанағаттандырмады дейді.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты 3 жылға сотталған, кейін жарты жылдан кейін шартты мерзіммен босап шыққан Мұратбай Жұмағалиев абақтыда қатты азапталғаны сонша, бойынан қорқыныш сезімі жоғалғанын айтады. «Сөйле дейді, сөйлеп шындықты айтсаң ұрады» дейді. Шартты мерзімі аяқталғалы белсенділігін жалғастырып келеді. Былтырғы Қордай оқиғасына байланысты 174-бап экстремизм айыбымен іс қозғалғанын айтқан белсенді немен аяқталғанынан бейхабар.

Ол билік өкілдерінің өзіне 11 желтоқсан күнгі марқұмдарға арналған астан кейін қаладан кету керектігін немесе 20 күнге әкімшілік қамалатынын ескертіп, екеуінің бірін таңдау жөнінде шарт қойғанын жеткізді. Тәуелсіздік күні қарсаңында жыл да қамалатын ол биыл өзімен қатарлас Жаңаөзен оқиғасының қатысушылары Нұрлыбек Нұрғалиев және Нұржан Наренов үшеуі жұмыс орны ұсынған әлеуметтік пакет аясында Түркістан облысындағы Сарыағаш шипажайларының біріне барған. Жұмағалиев мұны «айқын қысым» деп атады.