«Жалақыны 50% көтеруді сұраймыз». Қарашығанақта 300-ден астам жұмысшы аштық жариялады

0

Шетелдік фирманың 300-ге жуық жұмысшысы сағат 11:00 кезінде жұмысты тоқтатып, жалақыны 50% көтерсін деген талаппен наразылық білдірді. Олармен сөйлесуге Бөрлі аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев келді. Алайда аудан басшысынан ресми мәлімет алу мүмкін болмады, деп хабарлайды mgorod.kz басылымы.

Артынша жұмысшылардың талаптары орындалмайынша ас-су ішпеуге бел буғаны анықталды. Олар өзінің талабын айтып видео түсірген.

«Біз Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін Bonatti компаниясының жұмысшылары бүгін жалақымызды көтерсін деген талап қойдық. Алайда біздің өтінішіміз қанағаттандырылмады, сол себепті аштық жариялаймыз. Сондай-ақ, бізді жұмыс орнында 3 сағат болмады деп шығарып тастамақ. Мұнымен келіспейміз, біз жұмыс орнын тастап кеткен жоқпыз, объектіде болдық. 300-ден астам жұмысшы түскі асын ішпеді, бірауыздан тамақтан бас тартамыз деп шештік», — делінген видеоүндеуде.

Әзірге дейін аудан басшысынан ресми пікір алуға мүмкіндік болмады. Қоңырауларға әкім Миржан Сатқанов та, оның орынбасары Алпамыс Көшкінбаев та жауап бермей отыр.