Владислав Тен – Ең бастысы, «Мен қазақпын, ана кәрістен қай жерім кем?!» деген мотивация бере алдым
БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ ДЕП АРМАНДАЙМЫН
– Негізі, мен Ташкент қаласының тумасымын. Қазақстанға келгеніме он жыл, қазақ тілін үйрене бастағаныма үш жыл болды. Мамандығым – дәрігер. Сонымен қатар қазір тіл орталығының жетекшісімін. Сондықтан болар, мені көбісі полиглот ретінде таниды. Бірнеше тілде еркін сөйлеймін.
Қазақ тілін арнайы басқаларға үйрету үшін оқи бастадым. Қазақы ортада өскен жоқпын, сондықтан маған қазақ тілі шет тілі болды. Барлығын басынан, нөлден бастап оқыдым. Қазақстанға, елордаға ең бірінші келгенде, барлығы орыс тілінде екенін көріп, қатты таңғалдым.
Оған дейін Қазақстан туралы көп нәрсе біле бермейтінмін, барлығы қазақша сөйлейтін шығар деп ойлайтынмын. Әлбетте, оңтүстік өңірлерде тілдің ахуалы жақсы, бірақ солтүстік өңірлердегі жағдай аса күрделі екенін байқадым. Сондықтан да тіл орталығын ашамын деген шешім қабылдадым.
Алдағы уақытта қазақ тілін бұдан да тереңірек меңгеруге кіріспекпін. Грамматиканы, тілдің құрылымын толық білгеннен кейін орыстілді аудиторияға шет тілі ретінде үйрете бастаймын.
Қазір жергілікті кәрістер мен Кореядағы кәрістерге қазақша үйретіп жүрмін. Оқушыларымның қатарында ағылшын тілінде сөйлейтін америкалықтар да бар. Оларға қазақшаны ағылшын тілі арқылы үйретемін.
Қазір орталығымызға көп адам келеді. Қазақ тілін оқыту әдістемесін құрастырдым. Мен онда жалғыз емеспін, команда болып жұмыс істейміз.
Қазір қоғамда қазақ тілін меңгеру қиын деген түсінік бар. Орыс тілі оңай, оны тез меңгеруге болады, қазақ тілі өте күрделі деген әңгімені, меніңше, орыстілді қазақтар ойлап тапқан сияқты. Себебі олар үшін бұл – өте жақсы сылтау. Ал негізінен, әлем тілдерімен қатар алып салыстырсақ, қазақ тілі – үйренуге жеңіл тілдердің бірі. Ешқандай да қиындығы жоқ. Оған мен дәлел бола аламын.
Мен тілді қазақтілді ортасыз, өз бетімше үйрендім. Маған бағыт-бағдар сілтеп, үйрететін ұстазым да болған жоқ, менің жалғыз мұғалімім – ғаламтор, Google, YouТube еді. Ғаламторға кірсеңіз, бәрі бар. Қазақ тіліндегі ақпарат аз дейді, иә, ағылшын, орыс тіліндегі ақпаратпен салыстырғанда, шынымен аз, бірақ, мен таптым ғой. Күнделікті қазақ тіліндегі ақпараттарды оқып, тыңдап жүретінмін.
Яғни, бір сөзбен айтқанда тілді керек еткен адам міндетті түрде, еш қиындықсыз меңгеріп алады. Мен қазақ тілін оқып-үйренгеннен кейін, мен араласып жүрген, ең кемі елу қазақ азаматы қазақ тілін үйрене бастады; ал қазақ тілінен сабақ бере бастаған кезде олардың саны жүзге жуықтады.
Ең бастысы, «Мен қазақпын, ана кәрістен қай жерім кем?!» деген мотивация бере алдым. Мен бүкіл Қазақстан қазақ тілінде сәйлесе деп армандаймын. Соған кішкене болсын өз үлесімді қоссам, мен үшін үлкен қуаныш…
Владислав Тен