Үйленбей тұрып ажырасу жағын ойлайсыз ба?

0

Неке шарты ұғымы қазақ қоғамына да сыналап ене бастағалы аз болмады. Неке шарты дегеніміз не? Неке шартының қажеті бар ма? Бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын мұндай шарттың пайда болу тарихын қарастырғанымыз дұрыс шығар.

Басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да үйлену мен ажырасу сынды құбылыстар әр күн сайын болып тұрады. Үйлену мен ажырасудың арасын байланыстыратын бірден бір құжат неке куәлігі десек, ал неке шарты осы куәліктің діңгегі іспеттес екен.  Әлемнің көп елінде екі жас үйленбей тұрып, алдымен неке шартын түзеді. Неке шартында егер ажырасу орын алған жағдайда кімнің қалай әрекет етуі мен екі адамға тиесілі дүниенің қай бөлігі кімнің меншігінде қалатынына дейін көрсетіледі. Мысалы, үйленгенге дейін күйеужігіттің астында көлігі, басында баспанасы болды делік.

Егер жігіт қаласа, осы дүниелерін неке шартында «ажырассақ, әйеліме көлігімді қалдырамын» деп көрсетуі мүмкін. Немесе керісінше, «өзіме тиесілі мұлік өзімде қалады» деуі мүмкін. Сонымен қатар, отбасылық өмірден кейін әйелін материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында өзара жиған дүниелерінің белгілі бөлігін немесе аз ғана бөлігін беруді көрсететін шарттар да осы неке шартында көрсетіледі. Қорыта айтқанда, неке шарты «отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп кетпесек» деген күмәннен туындаған құжат іспеттес. Әйтпесе, қай қазақ үйленейін деп жатып, ажырасу туралы, ажырасқанда дүниені қалай бөліп аламын деп ойланып, бас қатырмаса керек-ті. Сонымен қатар негізінен неке шарты деген дүние мол ақша қоры, дүние-мүлкі көп байшыкештерге арналған құжат екені сөзсіз. Десек те, қазіргі жастарымызға үйленбес алдын болашақ жарымен белгілі бір шарт жасасқаны дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ көлеңдейді.

Майра ӘБУОВА, АХАЖ бөлімінің маманы: «Қазіргі кезде арнайы неке шартын толтыратын жұптар аз емес. Неке шартында тек дүние-мүлікке иелену ғана емес, ажырасқан жағдайда кімнің қандай позицияда болатынына дейін көрсетіп жатады. Мысалы, таяуда бір жұп өздерінің неке шартында «ажырассақ та, қандай жағдай болмасын, дос болып қаламыз» деп көрсеткенін оқып, таңғалдым. Жұбайлар не себепті ажырасатыны әлі белгісіз. Соған қарамастан, «дос болып қалғысы» келеді. Әрине, неке шартында негізінен дүние-мүлікке қатысты бөлісу шарттары көрсетіледі. Алайда біз қазақ болған соң, той үстінде ажырасу туралы ойламауға, жаман ырым шақырмауды көбірек ойлайтыны анық. Дегенмен, қазіргі жастар арасында үйленбес бұрын неке шартын түзуді жөн санайтындар жетерлік».

Асылбек НОҒАЙБЕКҰЛЫ, такси жүргізушісі: «Ондай шарттар байлардың арасында болатын шығар. Өз басым ешбір шартсыз үйлендім. Егер ажырасып жатсақ, заң бойынша дүниеміз екіге теңдей бөлінбей ме? Неке шарты деген нәрсе шетелдіктердің ойлап тапқаны дер едім. Қазақ ажырасам деп емес, үй боламын, өсіп, өнемін деп үйленеді ғой».

Тұрсынай АРҒЫНБЕК, ІТ маманы, бойдақ: «Қос қолмен қолдаймын. Неке шартын әрбір үйленуге жоспар құрған жастар жасасқаны дұрыс. Мәселен, бізде қалай? Ең алдымен некені молда қияды. Сол кезде «махр» яғни әйелдің қалыңмалы сұралады. Өкінішке қарай, молданың алдында болашақ жарының сұрағанын «алып беремін» деп уәде еткен жігіттердің көбі сол уәдесін орындамайды. Әпкеме жездем неке қию кезінде «екі білегіне екі алтын білезік саламын» деп уәде беріпті. Үйленгендеріне 30 жылдан асса да, жездем сол уәдесін орындамады. Сондайда ойлаймын, егер ауызша айта салмай, заңды құжат жүзінде уәдесін бекіткенде, отыз жылда сөзінде тқрып, сыйлығын бере ме еді деп. Егер тұрмыс құратын болсам, мен де болашақ күйеуіммен неке шартын жасар едім».

Сая КЕНДЕБАЙҚЫЗЫ, сауда менеджері: «Біз неке шартын жасастық. Құдай сездірді ме, жасағанымыз да дұрыс болған екен. Айрандай ұйыған отбасымыз күйеуімнің суық жүрісінің кесірінен быт-шыт болды. Қызықтың көкесі ажырасатын кезде болды. Ондаған жыл көңілдесі болған келіншек күйеуімнің бүкіл дүниесін иемденгісі келіп, жанталасты. Төрт баламен мені далада қалдырмақ та болды. Бағыма қарай неке шартында «арада балаларымыз болған жағдайда, үйленгенге дейін де, үйленгеннен кейін де болатын барлық дүние-мүлікке әйелім ие болады» деп көрсетілген еді. Осылайша неке шартының арқасында балаларыммен далада қаңғып қалмай, бұрынғы күйеуім екеуміз жиған мал-мүлік менде қалды. Неке шарты екі жұбайдың сақтандырғыш құжаты деп санаймын. Өмірде түрлі жағдай болып жатады. менікі сияқты сырттан қызық іздеп, отбасын ойрандайтын еркекпен әрине ажырасуға мәжбүрсің. Міне, сондай кезде неке шартының көмегі зор».

Асыл БАЛАБИ, Kznews.kz ақпараттық порталы.