«Түркілер Ұлы Тұран мемлекетін құрады!» – орыс саясаткерінің қаупі
Әлемдік саясаттағы мемлекетаралық қарым-қатынаста этникалық негіз, діни сенім ортақтығы деген мәселе назардан тыс қалған емес. Сондықтан Еуроодақ, Ислам конференциясы ұйымы секілді ірі халықаралық одақтардың құрылуына аймақтық, этникалық, наным-сенімдік факторлардың әсері болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұларды негізінен, саяси-экономикалық одақтар ретінде тануға болады. Ал әскери одақтардың құрылуына қатысты жағдай мен келісімдер саяси-экономикалық одақтан өзгерек.
Түркілердің әскери одақтастығы туралы әңгіме неге қозғалып жүр?
Бір кездегі Антанта (бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бастапқыда Англия, Франция мен Ресей мемлекеттерінің әскери одағы, кейін Германия коалициясына қарсы 20-дан астам мемлекетті біріктірген), Бағдад шарты (құрамында Ұлыбритания, Түркия, Ирак, Иран, Пәкістан елдері болған Таяу және Орта Шығыстағы соғыс одағы), Үштік одақ (1882 ж. құрылған Германия, Австрия-Венгрия және Италия мемлекеттерінің әскери-саяси одағы), Варшава келісімі ұйымы (1955 жылы достық, әріптестік және өзара көмек жөнінде Албания, Болгария, Венгрия, ГДР, Польша, Румыния, Чехословакия және КСРО арасында құрылған әскери-саяси одақ) секілді әскери одақтар құрылып, тарады. Бірақ олардың құрылуына этникалық не діни сенім емес, әскери-саяси мақсаттың болғаны белгілі. Сондай-ақ бүгінде әрекет етіп тұрған Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО, 30-дан аса мемлекеттер мүше), Ұжымдық қауіпсіздік келісімі (1992 жылы 15 мамырда құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының әскери-саяси ұйымы. Қазір оның құрамында Ресей, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Тәжікстан, Армения бар) әскери одақтардың негізінде саяси бірлік бар. Ал таза этникалық тұрғыдан әскери одақ құру мүмкін бе? Қазірге дейін оның мысалында мынадай одақ бар деп бірнеше туыстас мемлекеттер құрған әскери одақты көрсету қиын. Бірақ уақыт талабы тудырған кейбір жайларға орай ондай біріккен әскери одақ құру идеясы да жоқ емес. Соның бірі, кейінгі кездері арагідік айтылып, құрылуы мүмкін деп болжанып жүрген түркі мемлекеттерінің әскери одағы туралы әңгіме.
Шынын айту керек, түркі мемлекеттерінің әскери бірлігі туралы әңгіме алдымен сол мемлекеттердің өзінен емес, олардың ынтымағын өздеріне қауіп тудыруы мүмкін деп санайтын елдерден шыққан сыңайлы. Нақтырақ айтқанда, мұндай болжамдар өткен ғасырдың соңында КСРО күйреп, әлем картасында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан секілді түркітілдес тәуелсіз мемлекеттер пайда болған соң жасала бастады. Сондықтан АҚШ, Қытай, Ресей секілді державалар, әлемдік саясатта зор әсер етіп отырған Еуроодақ та бұл елдерге түрлі жолдармен әсер етіп, ықпалын күшейтуге ұмтылды. Өйткені олардың қай-қайсысы да түркі мемлекеттерінің бірлігі артса, ол әлемдік саясатта санасуға тұратын күшке айналады дейтін секілді. Бірақ түркітектестер мемлекеттері арасында жақынға дейін тек мәдени-экономикалық байланыс жүргені болмаса, әскери-саяси мақсатта, анау айтқандай үлкен бірігу, кірігу үдерісі жүре қойған жоқ. Тек кейінгі кездегі Әзербайжан мен Таулы Қарабақтың заңсыз билігі арасындағы соғыс қимылдары түркілер бірлігі жайында әңгіменің қайта қозғалуына себеп болғандай…
Түркия-Әзербайжан бірлігі нені ұқтырды?
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қызыл империя құлап, әзербайжан, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен елдері өз алдына жеке отау тіккенше әлемде жалғыз тәуелсіз түркі елі – Түркия. Сондықтан ол жоғарыда халықтар азат мемлекетін құрып, тәуелсіздігін жариялағанда әлемде бірінші болып солардың тәуелсіздігін танып, үлкен қолдау көрсетті. Әсіресе, өзімен шекаралас Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатуды бастады.
Түркия-Әзірбайжан арасындағы ынтымақты қарым-қатынас көптеген халықаралық платформаларда, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі, Қара теңіз Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Түрік Кеңесі және Ислам ынтымақтастық ұйымында табысты түрде жалғасып келеді. Сондықтан Түркия Әзербайжанға қай жағынан да сенімді стратегиялық әріптес саналады. Сондықтан болар екі елдің қарулы күштері арасында әскери ынтымақтастық жетілдіру мақсатында әр кезде біріккен әскери жаттығу ұйымдастырылып тұратын. Сондай әскери жаттығу биылғы жылдың мамыр айында Баку маңындағы әскери оқу базасында жүзеге асқан болатын. Оған екі елдің 1 000 әскері, 80 танк пен сауытты көлігі, 60 гаубица, 12 Mи-35 және Mи-17 операциялық жүк тікұшақтары және әуе қорғаныс жүйелері қатысып, әскери саладағы шеберліктерін сынап, тәжірибе алмасқан еді.
Негізінде, мұндай біріккен әскери оқу-жаттығу шаралары көптеген елдерде өтіп жататыны белгілі. Бірақ неге екені белгісіз, Түркия мен Әзербайжан бірігіп өткізген әскери жаттығудан секем алған Армения билігі бұған саяси астар беріп, бұл жаттығудың Арменияға қауіп төндіретіні жайында айтқан болатын.
Әлемге белгілі жайт: Әзербайжанға қарасты Таулы Қарабақ облысы КСРО кезінде басталған-ды. Оның себебі, 1985 жылдардан бастап КСРО-да басталған жариялылық пен демократия үрдісі кезінде Таулы Қарабақтағы халықтың 70 пайыздан астамын құрайтын армян диаспорасы өздерін Әзербайжаннан бөліп, Армения құрамына өткізуді талап ете бастады. Ақыры 1988 жылы жергілікті армяндар өздерінің көптігін және Армения тарапынан болған әскери көмекке арқа сүйеп, Таулы Қарабақтан әзербайжан ұлтының өкілдерін қуып шықты. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық әзербайжан азаматы қаза тауып, миллионға жуық халық босып кетті. Онымен қоймай, Армения Әзербайжан республикасына қарайтын бірнеше ауданды басып алып, өздерін тәуелсіз республика деп жариялаған Таулы Қарабақты Арменияға қарайтын аумақ деп мәлімдеме жасады. Алайда Арменияның басып алған жерлерін және Таулы Қарабақтың дербестігін әлемдік қауымдастық мойындаған жоқ. Міне, 30 жылдан аса осы даулы мәселе жөнінде Әзербайжан республикасы мен Армения әлі күнге келісе алмай, бірнеше рет шекара маңында бір-біріне оқ жаудырып, қан төгілген-ді. Ақырында биылғы жылдың 27 қыркүйегінде Таулы Қарабақта қарулы қақтығыс болып, оған екі тарап та бірін-бірі кінәлады. Ал ертеңіне екі ел де соғыс жағдайына көшті. Содан бері екі ел арасында бір-біріне ірі калибрлі қарудан оқ жаудырып, зымырандар арқылы шабуыл жасалып жатыр. Әрине, бұл соғыста шыңдалған және жақсы қаруланған әскері бар Әзербайжан жағының басымдылығы айқын байқалуда. Көптеген елдердің сарапшыларының айтуынша, Әзербайжан жағының күштілігі Түркиядан келген қару-жараққа байланысты болып отырған көрінеді. Израилдан, Ресейден және Түркиядан көптеген қару сатып алған Әзербайжанның армиясы – қазір Кавказдағы ең күшті армия саналады. Соғыс барысында Әзербайжан тарапы Түркиядан сатып алған Bayraktar TB2 атты орта биіктіктен соққы беретін оперативті-тактикалық ұшқышсыз әуе кемесін сәтті пайдаланып жатыр. Ол Таулы Қарабақтағы қарсыластарының адам күшіне және әскери техникасына зор шығын келтіріп жатыр. Міне, осының бәрі түркітектес екі ел одағының жемісі деп бағалануда.
Рас, Түркия тарапы қандай жағдайда да Әзербайжанның сенімді одақтасы, әскери ынтымақтасы екенін жасырған емес. Бірақ қазіргі жағдайда екі елдің әскерлері Арменияға қарсы бірігіп соғыс жүргізіп жатқан жоқ. Соның өзінде екі елдің одақтастығы талайдың үрейін ұшырып, ұйқысын бұзып жатқан секілді.
Жириновскийдің неге жан даусы шықты?
Түркітектестердің бірлігінен қауіптенетіндердің бірі солтүстіктегі көршіміз болуы мүмкін, бірақ БАҚ беттерінде кейбір ресейлік журналистер мен тәуелсіз сарапшылар болмаса, ол мәселеде мемлекет билігі аса бір жайсыз мәлімдеме жасап жатқан жоқ. Алайда кейбір танымал ресейлік тұлғалар «болашақта болуы мүмкін түркітектестердің одағын» өздеріне геосаяси қауіп төндіретін құбылыс көретіні әзербайжан-армян қақтығысы басталғалы бері белгілі болып жатыр. Мәселен, Ресей Мемлекеттік думасындағы федералды жиналысының ЛДПР фракциясының жетекшісі В.Жириновский өзінің соңғы мәлімдемесінің бірінде былай депті:
«Түркия армиясы – НАТО блогындағы ең күшті армия, миллионнан асатын армия. Ал немістерде – 300 мың. Немістерді енді әскер деуге келмейді. НАТО-ның құрлық күштерінің негізі түрік армиясынан тұрады. Енді бір 30 жылдың ішінде түркілер 150 миллион болады ұзамай. Ал біз ше? Иран 150 миллион болады. Ауғанстан мен Пәкістанды қосқанда – 200 миллион. Бұл дін жағынан біріккен 500 миллиондық аса ірі исламдық мемлекет деген сөз! Кеңестік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын, бұл – сан ғасырлық діни жақындық! Олар қазір мықты. Оларға Арменияны қылғыта салу түкке тұрмайды, керек болса Әзербайжанға қоса салады. Иранмен бірге Орталық Азияға басып кіреді де Ұлы Тұран атты түркі мемлекетін құрады. Түсінесіздер ме, олар бізге қарсы болғандықтан қуана-қуана бірігеді. Өйткені біз христианбыз, олар мұсылмандар! Оларды біріктіретін нәрсе бар: оларды тілдері біріктіреді. Түрік тілі деген ол – әзербайжандар, түрікмендер, өзбектер, қазақтар, татарлар, башқұрттар! Ол жақта кім орысша сөйлейді? Бұл – үлкен проблема! Оны түсіну керек!».
Әрине, қара аспанды түсіріп, ашық күнде төбесін бұлт шалып жүретін Жириновскийдің түркі халықтары жөнінде ылғи теріс пікір білдіретіні белгілі, бірақ осы жолы оның түрік-әзербайжан одағының жеткен жетістігінен қатты сескеніп қалғаны байқалады.
Негізінде, Әзербайжан мемлекетінің Армениямен соғысының басты себебі – олардың әскери күшке мастануы емес, 32 жылдан бері өзгенің өктемдігінен жат қолында кеткен жерін қайтарып алуы жолында жасап жатқан әскери іс-қимылы. Оны халықаралық қауымдастық көріп, біліп отыр. Сондықтан Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери іс-қимылдар діни не ұлттық өшпенділік себебінен емес, жауласушылардың біреуі екіншісінің жерін қасақана басып алғаны себепті туып отырған жанжал.
P.S.
Үлкен державалардың қай жерде соғыс болса сол жерде өз мүддесін көрсетіп, дауды өз қалауына байланысты шешкісі келетіні талай көрінген. Мәселен, кезінде Таулы Қарабақ облысының Әзербайжан мемлекеті құрамынан шығамыз деп сепаратизмге баруы және оларды сол жанжалға итермелеген Арменияның қақтығысты пайдаланып, көрші елдің біраз жерін басып алуы олардың қандай да бір күштерге арқа сүйегенінен көрінеді. Ал 1992 жылы Таулы Қарабаққа байланысты жанжалды тоқтату мақсатында құрылған «Минск тобы» да айтарлықтай жетістікке жеткен жоқ. ЕҚЫҰ құрған бұл ұйымды басқаруды мойнына алған АҚШ, Ресей мен Франция секілді елдер Арменияға Әзербайжаннан тартып алған жерін қайтаруды, сондай-ақ Таулы Қарабақтағы сепаратистік топтың іс-әрекетін тежеп, Әзербайжанның бөлшектенген жерін қайта қалпына келтіруге міндеттей алмады. Айналып келгенде, Әзербайжан мемлекеті өз проблемасымен жеке қалды. Сондықтан оның Түркиямен тығыз қарым-қатынаста болып күшеюі және өз жерін толығымен қайтаруға ұмтылысының нәтиже беріп жатқаны өзгелерге де ой салса керек. Демек, түркі мемлекеттері әскери салада ынтымақтастықты күшейтсе, әлемдік саясатта олардың мүдделері аяқасты болмайтыны байқалды деуге болады.
Түркі елдерінің әскери одағы құрылуы мүмкін бе?
Намазалы ОМАШОВ, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Негізі, әскери одақ бұдан біраз жыл бұрын құрылу мүмкін еді. Өйткені әлемде бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан секілді алты тәуелсіз түркітекті мемлекеттер бар ғой.
Шындығына келгенде, діни негізі бір арабтардың, славяндардың түрлі одақтары бар ғой. Бірақ бізбен шектесетін Ресей, Қытай секілді ірі елдер арғы дәуірдегі Шыңғыс ханның шабуылынан қорқып қалған, әлі ұмыта алмаған. Сондықтан тарихында талай жеңімпаздық салтанатын құрған тарихы терең, ерекше мәдениетке ие елдердің бірігуі оларға қай жағынан да тиімсіз сезіледі. Десе де, дәуір, заман тудырған қажеттілік пен қарым-қатынас заңдылығындағы даму үрдісі оған қарай ма?
Әрине, түркітектестердің әскери-саяси жағынан бірігіп кеткен ештеңесі жоқ, дегенмен оларды мәдени-рухани жағынан жақындататын түрлі ұйымдар бар. Мәселен, Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы, Түрксой, Түркі академиясы секілді ұйымдар түркі халықтарын мәдени, әдеби, өнер, ғылым жағынан жақындатуға арналған, олар өз жұмыстарын лайықты жүргізіп жатыр. Бірақ қазірше саяси-әскери блок құрыла қойған жоқ. Оның түрлі объективті, субъективті жағдайы барын жоғарыда айттық, бірақ уақыты келгенде болмайтын нәрсенің өзі болмаса керек.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған түркілер бірлігі, біріккен түркі қарулы күштері жайында үнемі айтып, соны құруға деген құлшынысын көрсетіп жүреді. Оның мұндай ұйым құруда қандай мақсаты бар екенін өзі білер, бірақ осындай күшті одақ құрсақ басымыз бірігіп, кез келген қиындыққа төтеп берер едік, үлкен державалардың ықпалында кетпей, әлемге өз мүддемізді көрсетіп, басқаларды өзімізбен санастырар едік дегенді ашық айтып жүреді. Ал мәселеге қазақстандық мүдде тұрғысынан қарасақ, Қазақстан Президенті әлемде болып жатқан барлық үдерістерді жақсы білетін ойы терең саясаткер, сондықтан ол жан-жақты ойланып, жалаңаш қолмен от көсеуге бармайды.
Жалпы, түркітектестердің әскери одағын құру керек пе, жоқ па деген мәселеде кейбір пікірлер сорабы қазіргі Әзербайжан мен Армения арасындағы текетіреске барып тірелетіні жалған емес. Кезінде Армения Таулы Қарабақтағы армян диаспорасының қолтығына су бүркіп, олардың бөлініп шығуына себеп болғанда және біраз жерін оккупациялап алғанда Әзербайжан ол проблемамен жалғыз алысты, ал Арменияның арқа сүйер мемлекеттері болды. Сондықтан осыларды саралай келгенде, түркітектес мемлекеттердің арасындағы әскери одақтың құрылуы да біраз оқиғаның алдын алып, кейбір қиындықтарды болдырмауға себі тиер еді деп ойлаймын.
Шәкір ЫБЫРАЕВ, профессор, түркітанушы:
– Түркі мемлекеттерінің әскери одағы туралы айтсақ, мұндай одақ құрылуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда, алдымен халықтың қалауы ескерілсе, содан мемлекеттердің билік жүйесі бір-бірімен келіссе, бір-бірінің құқығына нұқсан келтірмейтін, тек қана олардың түпкілікті мүддесіне қызмет ететін келісімшарттар негізінде одақ құруға болады. Әскери одақтың басты шарты түркі халықтарының мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, тұтастығын қорғау үшін бір-біріне жәрдемге келетіндей болуы керек. Ол – одақтасы өзге бір елмен сәл нәрсеге келіспей жанжал шығарып жатса, соны қорғап жабыла кету емес, келісімшарт негізінде одақтас елге түрлі жағдайда көмектесетін ұйым болуы керек. Бүгінгі таңда оған қандай да бір кедергі бар деп ойламаймын, тек оған мемлекеттердің арасында әбден талқылаудан өткен, пісіп жетілген келісімдер негізінде бару керек.
Қазіргі әлемдегі жағдайды бәріміз көріп отырмыз, уақыты келгенде түзеле ме десек, керісінше күн өткен сайын қиындауда. Неше түрлі кикілжің, соғыс көбейіп барады. Соғыс ашу, жаулап алулар алдымен Араб әлемінде басталды, одан шығысқа қарай көшті, енді міне ТМД аумағына да келді. Қарап отырсақ, халықаралық жағдайдағы түрлі оқиғалар көңіл көншітерліктей емес. Демек, осындай жағдайда жай бақылап, бейқам қарап отырғаннан гөрі шындыққа тіке қарап, мемлекеттің тұтастығына зиян келтірмеудің алдын алатын шаралар қабылдап, белгілі бір жағдайда өзіңе жақын, дос ниетті мемлекеттермен одақ құруға қол қойып, келісім жасаудың артығы жоқ.
Дегенмен мұндай келісімге көрші мемлекеттер қарсы болатыны, қауіптенетіні анық. Бірақ бұл бұрын-соңды болмаған нәрсе емес қой, әлемде не түрлі әскери одақтар бар. Бірақ соның қайсысына түркі мемлекеттері қарсы шығып, бұларың не, кіммен соғысқалы жатырсыңдар деп қарсылық білдіріп жатқан жоқ қой!
Әрине, түркітектестердің бірлігін қаламайтындардың бары анық және олар көп болуы мүмкін. Бірақ соған қарап түркі мемлекеттері өздерінің мүдделерін қорғамауы керек пе? Ендеше империялық пиғылдағы державалардың да түркі мемлекеттерінің құқығын таптап, мүдделерін аяқасты етпеуі үшін, күштеп тақымға басып кетпеуі үшін олардың қарулы күштері арасында бірлік болуы, одақтас болуы керек деген пікірдің батыл айтылуын дұрыс деп есептеймін. Демек, біз айтып отырған мемлекеттер әскери, саяси одақтас болғысы келсе, ол қияли емес, реалды нәрсе. Тіпті, қажет!
Былайша қарағанда, егер сенің тәуелсіздігіңе қауіп төнбейтін болса, тұтастығыңа ешкім көз алартпаса, ішкі саясатыңа араласпаса іс жүзінде әскери одақтың қажеті де болмауы мүмкін. Бірақ тым қамсыз отыру, бірдеңе бола қалса кезінде көрерміз деген оймен отыра беруге болмайды. Себебі бүгінгі әлемде ештеңеге кепілдік жоқ, сондықтан бейқамдықты қойып, үнемі сергек, сақ қимылдауымыз керек. Әскери одақ құрғанда біз де, біздің айналамыздағы түркі мемлекеттері өзге елдерге күш көрсетіп, жерін тартып алатындай жағдайда жетуге ұмтылмайды, бірігу – бәріміздің өзгелерден қорғануымыз үшін қажет.
Қайсы мемлекет болса да, көршілермен шектен тыс санасып, шекаралас елдердің көңіліне қарай берсе, өз мүддесіне көлеңке түсіріп алуы мүмкін. Мемлекет өз позициясын айқын қорғай білсе ғана өзгелерді өзімен санасуға мәжбүрлейді. Сондықтан қайсы бір елде болып жатқан оқиғаға, жағдайға өз мүддесіне сай көзқарасын білдіріп отыруы тиіс. Ретті жерінде шындыққа тура қарап, өзіңе ниеттес елдерді қорғамасаң, күндердің күнінде сенің де ешкім сөзіңді сөйлемейді. Сол үшін өзімізге дос, ниеттес елдерді көбейту керек. Сонда халықаралық деңгейде біздің де сөзімізді сөйлейтін, қолдау білдіретін елдердің қатары көбейеді. Айналып келгенде, түркітектестердің бірлігі бәрімізге пайдалы нәрсе болмақ. Бұл әрдайым естен шықпауы тиіс. Түркі мемлекеттерінің әскері ортақ болып, алып бір мемлекетке айналады деген утопия, олар жеке-жеке тұрып та күшті. Бірақ араларында бірлік, достық болса, ол өте жақсы нәрсе.