Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді әріптесінің бірі

0

Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді әріптесінің бірі.

Бұл туралы Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Біз Түркия Республикасы басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Бүгінгі сапарыңыз дипломатиялық қатынасымыздың 30 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Осы кезеңде екі ел арасында тығыз саяси диалог, өзара құрмет пен сенімге негізделген бауырластық қатынас орнады. Мәртебелі қонағымыздың бұл сапары да екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, нәтижелі әрі табысты болады деп сенеміз. Бүгінгі келіссөздер қазақ-түрік байланысын нығайта түсері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді әріптесінің бірі екенін баса айтты.

– Біздің елдеріміздің тегі, тілі мен рухани құндылықтары ортақ. Түркия мемлекеті республика ретінде даму жолын таңдағаннан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Осыған орай сізді және бауырлас түрік халқын тарихи белеске жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Еліңіз бұл межеге зор жетістікпен қадам басып отыр. Бүгінде Түркия саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолында орасан табысқа жетті. Өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша белсенді әрі табанды саясат ұстанып келеді. Соның арқасында әлемдік саясатта абырой-беделі жоғары мемлекет болып отыр. Режеп бей, Сіздің Анадолы елін биік белестерге бастай беруіңізге тілектеспін. Сонымен қатар екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық аясы кеңеюіне зор үлес қоса бересіз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.