Домой Басты тақырып Түріктердің алдында ұяттан жер болдық (видео)

Түріктердің алдында ұяттан жер болдық (видео)

0
20042

Біраз уақыттан бері етене жақын араласып жүрген түркиялық досымыз Қазақстанға келмек ниетін айтты. Қазақстанға қыдыруға емес, өте маңызды шаруамен келетінін жеткізгенде, елең еткеніміз рас. Бұл оқиғаның басталу қақпасы да осы тұста ашылды. Түрік бауырларымыз Қазақстанға нендей маңызды шаруамен келгенін мақаланың келесі жолдарынан танысып, біле аласыз.

«Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне тиесілі құнды жәдігер (төменде фотолары берілді) бір замандарда қолды болған екен. Атадан баланың қолына көшіп отырған ол жәдігер дәл қазір Қазақстанның күнгей аймағында бір адамның қолында. Саф алтыннан құйылған кішкентай кітапшаның ішінде қолмен жазылған Құран сүрелері бар. Парақтағы сүрелерді оқудың да өзіндік тәсілдері бар. Міне, осы жәдігер бұл күнде Түркияда өздерін Ясауи ұрпақтарымыз деген кісілердің ұйқысын қашыра бастады.

Құнды жәдігерді қолға түсіріп, Еуропа тарапына миллиондаған еуроға сатуға жанталасып жатқандар бар»,- деді әңгімесін әріден бастаған стамбулдық бауырымыз Барыш Текбудак. Сұхбат иелерінің сөзінен түсінгеніміз, сөз болып отырған жәдігер Қазақстанда. Ал қолды болған жәдігер не? Аса құнды жәдігерге іздеу салынды ма? Қайда, кімнің қолында? Бұл сұрақтарға Түркиядан осы жәдігерге байланысты арнайы келген Барыш Текбудак былай деп жауап берді:

«Құнды жәдігер туралы 2018 жылы Қазақстанға келгенімде білдім. Ол кезде Қазақстан тарапы стамбулдық Исметулла Ясауиді арнайы бір конференцияға шақыртқан болатын. Исметулла Ясауи – өзін Қожа Ахмет Ясауидің 27-ші ұрпағымын деп, Ясауи мұраларына қатысты шаруалармен айналысып жүрген адам. Сол Исметулла Ясауимен Қазақстанға бірге келгенімізде, бізді арнайы іздеп, бірнеше адам келді. Исметулла Қожамен оңашада кездесіп, сөйлескен әлгі кісілер отырған бөлмеге кіргенімде, ерекше бір нәрсені айналдырып қарап отырғандарын көрдім.

Кейін бұл заттың өте құнды жәдігер екенін білдім. Келген кісілер Ясауи ұрпағымын деп жүрген Исметулла Қожаға сол жәдігерді сатпақ болыпты. Сонымен қатар олар бұл жәдігерді бір француздың 20 млн еуроға алмақ болғанын да тілге тиек етті. Бірнеше рет жәдігерді сатпақ болғандарын да жасырмады. Ясауи ұрпақтарына бұл жәдігерді небары 20 мың долларға сатытын емеурінін білдірді. Алайда сатушының сұраған 20 мың долларын сол сәтте бере алмаған Исметулла Қожа бұл сауданы кейінге қалдырды. Сонымен қатар жәдігерді Қазақстан шекарасынан алып шығу қаупінен де қорықты. Түркияда Ясауи халықаралық қорын құруды жоспарлап жүргенін алға тартқан Исметулла Қожа бұл жәдігерді сол қорға алатынын айтты.

Түркияға оралғаннан кейін Исметулла Қожа жедел және белсенді түрде жәдігерді сатып алатын адам туралы қарастыра бастады. Әлгі сатып алушы француз неге екені белгісіз, кейін сөзінен айнып, жоқ болды. Сатып алушы болмаған соң, Исметулла Қожа Түркия президентіне айтып, бұл жәдігерді Түркияға жеткізу керегін сөз етті.  Сол шақта «Қазақстанның жәдігері, қазақ топырағына тиесілі дүниенің қазақ топырағында қалуы керек. Түркияға әкелетін болсаңыз, екі елдің арасында түсініспеушілік орын алуы мүмкін» екенін ескерттім.

Өзара жазысқан бұл жазбаларымыз әлі күнге дейін менде сақтаулы. Өкінішке қарай, Исметулла Қожа француз 20 млн еуро деп бағалаған жәдігерді қазақ топырағында қалдырғысы келмейтінін ашық аңғартты. Ал болашақта құрылатын Ясауи халықаралық қорының осы жәдігерді сатқан ақшаға құрылатынын түсінгенімде, қордың жұмыстарынан да, Исметулла Қожадан да бойымды аулаққа салуға мәжбүр болдым».

Ал осы мәселеге байланысты сұхбатта Бурак Куртпен арадағы сұрақ-жауап төмендегіше өрбіді:

  • Егер француз әлгіндей миллиондаған еуроға бағаласа, бұл жәдігерді неге сақтап отырған адамның өзі сатпаған?
  • Сақтап отырған адамның әкесі де, өзі де сатпақ болған кезінде. Алайда жәдігермен байланысты тылсым ба, белгісіз, әр кез сатуды қолға алған сәтте ең жақын адамдары ажал құшыпты. Содан кейін жәдігерді сату ойынан айныған екен. Сонымен қатар бұл жәдігердің тиісті құжаттары жоқ. Оны шетелге сату үшін арнайы құжаттары болуға тиіс. Исметулла Қожаның қолын байлаған да осы олқылық еді.
  • Енді, сіздердің Қазақстанға келудегі мақсаттарыңызды айтып өтсеңіз?
  • Жәдігер тақырыбы екі жылдай жабылып қалды. Содан Исметулла Қожа райынан қайтқан екен, қазақтың дүниесін қазақта қалдыруды ойлаған екен деп сендік. Биыл тағы да Ясауи қорын құруға құлшына бастаған Исметулла Қожа жәдігерді қолды етуге жан-жақты кіріскенін естіп-білдік. Бұл жолы халықаралық қорды құруға барынша білек сыбанып кіріскен Исметулла Қожа енді жәдігерді де алдыртуы бек мүмкін.
  • Өйткені Ясауи халықаралық қорын сол жәдігерді сатқан ақшаға құрылатыны әу бастан жоспарланған. Осыны естіген күні досым Барыш екеуміз ұзақ сөйлестік. Не істеуге болады? Қалай етсек болады? Ойлана келе, қазақстандық журналист ретінде өзіміз танитын сізге хабарласып, жәрдем етуіңізді сұрап, қалтамыздағы ең соңғы ақшамен Қазақстанға келдік.

P.S Түрік бауырларымыздың осындай тілекпен хабарласқаны рас. Өз тарапымыздан қолдан келгенше жәрдем етуге біз де сөз берген едік. Кезінде Ясауи кесенесіне тиесілі Тайқазанның елге қайтарылуынан өте жақсы хабардармыз ғой. Сол себепті біздің топыраққа тиесілі жәдігердің «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенін» қаламадық. Ә дегеннен еліміздегі Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдадық.

Жауап болмады. Бәлкім көрмей қалған болар деп, тағы да жолдадық. Өкінішке қарай, екі айға жуық уақыт өтсе де, Мәдениет және спорт министрлігінен кері байланыс болмады. Бәлкім, Ясауи мұражайы үшін бұл жәдігердің құны бар шығар деп, мұражайдың электрондық поштасына хат жолдадық. Өкінішке қарай, бұл жақтан да кері байланыс болмады. Не істеуге болады?

Ясауи кесенесі Түркістанда, ал Түркістан облысын Өмірзақ Шүкеев басқарып отыр. Бәлкім, Өмірзақ Шүкеевке хабар берсек, құнды жәдігердің өз топырағымызда қалуына қол ұшын созар деген үмітпен Шүкеевпен байланыстырады-ау деген кісілерге хабарластық. Өздеріңізге мәлім, біздің елде шенді-шекпенділерге тікелей хабарласу қиямет-қайым. Бірнеше адамға хабарласып жүріп, әкім Шүкеевке «шыға алады-ау» деген бір кісіні таптық. «Бұл апта бос емеспін, келесі апта хабарласыңыз», деген сыңайдағы сыдыртпа жауаптарымен он шақты күнімізді осы шенеунікті күтумен жоғалттық.

Үкімет пен биліктен үмітімізді үзіп, тарихи жәдігерлерді жинақтаумен айналысатын бірнеше адамға қоңырау соқтық. Тағы да өкінішке қарай, хабарласқан кісілер «егер ондай құнды жәдігер бар болса, оны сату керегін» алға тартты. Құнды жәдігерді мемлекетке өткізу үшін не істесек екен деп жүргенімізде, арада бір айға жуық уақыт өтті. Жәдігерді сақтап отырған адамға тікелей баруымызға да болар еді. Алайда олай етсек, жағдай ушығып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Оның үстіне біз хабарласқан адамдардың бәрінде де жәдігерге қатысты «расымен бар дүние ме?» деген күдік алдыңғы орынға шығумен болды. Көзбен көрмеген соң, бізде де күмән пайда болғанын жасырмаймыз.

Осылайша айға жуық уақыт шенді-шекпенділерге хабарласа алмай, сандалып жүргенімізде, бір күні билікпен етене жақын байланысы бар бір адаммен кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Біздің  көзімізше жоғары жақтағы бір кісімен жәдігер туралы сөйлесті. Міне, осы тұста күтпеген бір дерек бізді еріксіз таңғалдырды. Бұл жәдігерден біраз «үлкен кісілердің» хабары бар екен. Қайда, кімде тұрғанын да біледі екен! «Ең дұрысы, егер түріктер жәдігерді алып бере алса, сатушы тауып берсе, сата салу керек қой.

Өйткені талай жылдан бері мемлекеттің өзі керек етпеген жәдігерді қазір тиісті орынға тапсырсаң, әрі кетсе, бір мақтау қағазын берер, бітті»,-деді әлгі дөкей кісі. Бұл әңгімеден кейін бірдеңе деудің өзі артық еді. Сонымен қатар біз хабарласқан адамның бәрі Стамбулдан жәдігерді Қазақ мемлекетіне қайтаруға ықпал ету мақсатымен келген Бурак пен Барышқа сенбеді. Кейбірі мысқылмен түйреп: «Түріктердің де көздеген мақсаты бар ғой. Миллиондап ақша аламыз деп келгені анық қой» дегендер де болды.

Бір айға жуық жәдігер мәселесімен сандалған Барыш Текбудак пен Бурак Курттың көздегені ақша болса, «жәдігерді шығарып бер,сыйақы ретінде 100 мың доллар берейін» деген ұсынысты қабыл етер еді. Мұндай сұмдық сауданы естіген сәтте екеуі де: «Егер Қазақстан тарапы үшін Ясауи кесенесіне тиесілі, атақты Ақсақ Темірдің құнды сыйлығының көк тиындық құны болмаса, бізге кері шегінуден басқа амал жоқ»,- деп кесіп айтты. «Біздің Түркияда осындай жағдай болғанда, билік әлдеқашан аяқтан тік тұрып, біздің топырақтың затын біздің топырақта қалуына жағдай жасар еді. Өкінішке қарай, Ата жұртымыздан мұндай қозғалысты көре алмадық»,- деген Барыш пен Бурактың өкініші намысымызға тигенін жасырмаймыз.

Мақала жарыққа шыққанға дейінгі уақытта құнды жәдігердің жағдайы түрлі өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Өйткені жәдігер оқиғасынан ондаған адам хабардар екені мәлім.

Мақала барысында ешбір шенді-шекпендінің атын атап, түрін түстемедік. Себебі, сізге де, бізге де белгілі. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – аса құнды жәдігердің неге бүгінге дейін өзіне тиесілі кесенеге қайтарылмай отырғанын білу. Қайтаруға ешкімнің құлшыныс танытпай отырғаны қалай? Әлде, жәдігердің «Ясауи ұрпағымын» дескен әлдекімдердің сауда таразысына түскенін күтіп отыр ма? Әлде Қазақстан үшін құнды жәдігердің көк тиындық құны жоқ па? Сұрақтарымызға тиісті мекемелерден нақты жауап аламыз деген сенімдеміз.

Меруерт ХУСАИНОВА, Kznews.kz ақпараттық порталы.