Тоқаев тәуелсіздікті сатты ма

0
2122

ҚР Парламент Сенаты ратификациялап, Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған құжат бойынша ЕАЭО елдері ортақ зейнетақы қорын құратын болды. Сондай-ақ жаңа келісімге сәйкес одақтас мемлекеттер өзара несие тарихымен алмасады. Осы жылдан бастап іске асатын бұл шешім Қазақ елінің экономикалық мүддесіне қауіп төндірмей ме?

Белгілі экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, Еуразия экономикалық одағы аясында ортақ келісімдердің көбейуі Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан да ол ортақ келісім шарттардан бас тартып, дербес саясат жүргізу керек екенін есертті.

«Бұрынғы еңбек келісім шарты бойынша, бір елден екінші елге көшіп кеткен азаматқа бұрынғы еңбек еткен мемлекет зейнетақы беруі керек. Бұл бұрынғы одақтас мемлекеттерінің азаматтарына ыңғайлы әрі қажет дүние болатын. Ал қазір жаңадан зейнетақы қорын құрып, зейнетақы алу мәселесін қайта қарастыру ақылға сыймайтын дүние. Еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ие бола алмай отырғанда, ЕЭАО арқылы ортақ қор құрудың қаншалықты қажеттілігі бар? Өз қорымыздың ақшаларын Әзербайжанға аударып, оны кері қайтара алмай отырғанымыз белгілі. Негізі Еуразия экономикалық одағы аясында ортақ дүниелер көбейіп кетті. Бұл Путиннің жымысқы саясаты. Оның бар арманы одақты қалпына келтіру», – дейді ол.
Әрине, Кремль қожайынының арманы келмеске кеткен одақты тірілту екені белгілі. Алайда өзіміздің президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев неге бұған тосқауыл қоймайды?

«Саясаткерлеріміздің өзі орысшыл болса, одаққа қалай тосқауыл қояды? Барлық саясаткерлеріміз Ресейде білім алып, солардың қол астынан шыққан. Мәселен Ауыл шаруашылық министрі Солтүстік Қазақстан облысының 900 мың гектар жерін Ресейдің басқаруына беріп қойды. Өйткені аталған ведмоствоны басқарып отырған Сапархан Омарханов Мәскеуде білім алғаннан кейін көрші елге қызмет етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің саясаткерлер Кремльдің қас қабағына қарап, жұмыс жүргізеді. Билікте бұрын орыстан әбден қорқып қалған азаматтар отыр. Бұлар Тәуелсіздікті қорғап жарытпайды. Бізге басқа жақтан оқып келген жаңа кадрлар керек. Мысалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деп айтады. Шын мәнісінде еліміздің ұлттық та, экономикалық та мүддесі қорғалып отырған жоқ» – дейді экономист.

Қазіргі таңда елімізге Ресейлік банктер дендеп кіріп, арзан пайызбен несие беріп жатыр. Жеңілдетілген несие отандық банктерді омақа астырмай ма? Сондай-ақ ЕАЭО елдері арасында несие тарихын алмасу қаншалықты дұрыс? Азаматтардың дербес құпиясын өзге мемлекетке беру ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмей ме?
«Мен Еуразия экономикалық одағы аясында іске асып отырған келісім-шарттардың бірде біреуін қолдамаймын. Өйткені аталған одақ аясында іске асып отырған келісімдердің бәрі бізді қосымша қанаудың бір құралы ғана. Өйткені Путиннің бар арманы бұрынғы Кеңес үкіметін қалпына келтіру. Елцин Кеңес үкіметін ыдыратуға күш салса, Путин оны қалпына келтіремін деп жанталасып жатыр. Ортақ несие тарихы мысық табандан сол одақты тірілтудің мың қадамдарының бірі.

Ал жеңілдетілген кредит халыққа тиімді болғанымен ел экономикасына кері әсер етеді. Нақтырақ айтсам, бұл біздің кредиттік ұйымдарға қолбайлау болады. Кез келген нарықты жаулап алу үшін әуелі керемет жеңілдіктер жасау керек. Бәсекелесің шығаратын өнімді өз құнынан төмен бағада сатуға болады. Мұны экономика тілінде демпинг дейді. Өніміңді арзанға сатып, халықты үйретіп аласың. Содан кейін бірте-бірте бағаны көтересің. Алғашқы екі-үш жылда Ресейлік банктер арзан несие береді де, отандық банктерді жалпасынан түседі», – дейді Жангелді Шымшықов.

Сарапшылар Еразия экономикалық одағының саяси одақ екенін айтуындай-ақ айтып келеді. Алайда билік «Одақтан көл-көсіп табыс табамыз» деп бет бақтырмай келді. Қазіргі таңда одақтас елдің футболшылары екінші бір елде легионер болып есептелмейтіннен бастап, зейнетақы қорына дейін ортақ болып жатыр. Бұл ортақтастың салдары Тәуелсіздікке нұқсан келтіретіні бесенеден белгілі. Әйтсе де қазақ қоғамы мемлекет басшысының «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген әдемі сөзіне сеніп отыр. Шын мәнісінде президент қазақ қоғамын тәтті сөзбен алдарқатып, Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп жатыр.

KzNews.kz