Талғат Басуфинов шәкірттері Финляндияны ұта ала ма?

0

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпинатының іріктеу кезеңі аясында Украинамен тең ойнады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

Матч Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды. Қонақтар бірінші болып есеп ашты. Екінші минутта «Бенфиканың» шабуылшысы Роман Яромчук әдемі соққы жасап, Стас Покатиловты қапыда қалдырды. Бірақ 74-минутта Асхат Тағыбергеннен тамаша пас алған Руслан Валиуллин гол соғып, есепті теңестірді. Ал ойынның 90+3 минутында алаңға тыңнан шыққан Даниил Сикан айып алаңындағы қарбаласты өз пайдасына жаратып, Украина құрамасын алға шығарды. Алайда біздің жігіттер соңына дейін берілмеді. 90+6 минутта Руслан Валиуллин ойындағы екінші голын соғып, таразы басын тағы да теңестірді. Нәтижесінде екі құрама да бір-бір ұпай еншіледі. Осылайша, Қазақстан құрамасы Д тобында екі ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Ал төрт матчта да тең түскен Украина екінші орында тұр.

Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Украинамен болған матч жайлы пікір білдірді.

– Жаттығу процесін онлайн жүргізуде қиындықтар болды ма?

– Бейне қоңырау мен дайындық тұрғысынан ешқандай қиындықтар болған жоқ. Мен үшін бұл ыңғайлы болды. Себебі жаттығуды жоғарыдан бақыладым. Біз Украина құрамасына қарағанда ертерек жиналдық. Бұл үшін ҚФФ мен ҚКФЛ-на рахмет. Менің жаттығуларға қатыспауым Украина құрамасының мүмкіндіктерін теңестірді. Өйткені олар көп жаттығу жасаған жоқ. Сонымен қатар жаңа бас бапкер тағайындады. Әрине, біз мұның бәрін ескердік. Кеше командамен бірге қонақүйде болдым. Ойыншылармен әңгімелестім. Бүгін де жаттықтырушы ретінде ойынды алаң жиегінен бақыладым. Жігіттер бәрін жақсы түсінеді. Біз олармен жыл басынан бері біргеміз. Жылдам жіберіп алған голды есептемегенде, үлкен қателіктер болған жоқ. Сол голдан кейін біз өзімізге келе бастадық. Екінші тайм тактикалық жағынан жеңіл болды.

– Шушеначевтің алғашқы минуттан бастап алаңға шығуы оның еурокубоктегі ойынымен байланысты ма? Әлде басқа себептер болды ма?

– Біріншіден, ол біздің қазақстандық футболшылар арасындағы ең үздік сұрмерген. Екіншіден, біз жауапкершіліктің қандай дәрежеде екенін түсіндік. Дегенмен, ол бірінші ойынын Украина сияқты байсалды командаға қарсы өткізді. Біз оны бүкіл команда болып қолдадық. Жеке әңгімелестік. Кейбір сәттерде ол біз ойлағандай ойнаған жоқ. Біз оған мынадай мысал келтірдік: егер ол «Қайратта» Вагнер Лавпен ойнаса, бізде тәжірибелі Азат Нұрғалиев бар. Бұл жас шабуылшы үшін қалыпты жағдай.

– Зайнутдиновтың екінші таймда шығуы оның 90 минут бойы ойнауға әлі дайын емес екенін білдіре ме?

– Өте дұрыс айтасыз. Бұл ойынды өз қақпамыздан алшақтату үшін жасалған алмастырулар. Дәл осындай ойындарда қорғаныс шебінде бір нәрсені өзгерту өте қауіпті. Қорғаныс шабуылдан басталады. Сондықтан шабуыл шебінде жаңа ойыншылардың арқасында допқа таластық.

– Финляндиямен болатын алдағы ойынға не дайындап жатырсыз?

– Білесіз бе, біз үш матч өткіздік: француздармен және Украинамен екі ойын. Наурыздағы кездесулерден кейін біз өзіміздің басты міндетіміз — ойынды тұрақтандыру деп айттық. Бір стильді таңдап алып, заманауи футбол ойнауға тырысу керек. Біз команданы сары аймаққа көтердік және осы деңгейде ұстап тұрмыз. Бұл өте керемет. Допты бақылау тұрғысынан ойынды тұрақтандырдық. Бірақ командалық ойын, жеке шеберлік тұрғысынан қарсылас бізден бір бас жоғары болды.

Ермұхамед Мәулен