Соңғы сөзін айтуы керек болатын. Қуат Хамитов сот процесіне қосыла алмады

0

Алматы қаласында танымал ММА балуаны Қуат Хамитовтың соты өтіп жатыр. Бүгін сотталушы соңғы сөзін айтуы тиіс болатын. Алайда ол процеске қосыла алмады.

Осы жылдың 18 қаңтарында басталған сот отырысы онлайн өтіп жатыр. Бүгін өтіп жатқан процеске судья, сотталушының адвокаты, прокурор және журналистер қатысты. Айыпталушының өзі интернет байланысының нашарлығынан процеске қосыла алмады.

Қуат Хамитов бүгін сотта соңғы сөзін айтуы тиіс болатын. Адвокаттың өтінішімен сот мерзімі кейінге шегерілді. Әзірге соттың нақты қай күні өтетіні белгісіз.

Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін Қуат Хамитовтың үш жылға сотталуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

«Алмалы аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бөлігі 272-бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдіктелген Қуат Хамитовке қатысты қылмыстық істі қарады», – деп хабарлады Алмалы аудандық соты.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабы 3-бөлігінің (Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру, сондай-ақ азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру) санкциясы үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.