Сіз қателесесіз, министр мырза!

0

2021 жылдың 21 желтоқсанында астанада өткен Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» атты республикалық съезінде, бүкіл ұлттық орта мектептердегі білім берудің басты ауруына айналған «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасы туралы Қазақстан Республикасы, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов: «Жаңартылған оқу бағдарламасының» жалпы философиясы мен идеологиясы дұрыс», — деді.

«Жаңартылған оқу бағдарламасын» бірнеше жыл түрлі деңгейдегі мектептерде әртүрлі сынақтан өткізіп, «Жаңартылған оқу бағдарламасының» тиімді екеніне қапысыз көз жеткізген кісіше, тұп-тура дәл осылай деді.

Министрдің осы сөзіне орай, ширек ғасырдан астам педогогикалық жұмыс өтілі бар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі мұғалімі ретінде менің айтар сөзім мынау:

Сіз қателесесіз, министр мырза!

Орта мектепке арналған «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасында ешқандай да философиялық негіз жоқ! Ал, идеологиялық мағынасы біреу! Ол: қазақ баласын білімсіз мәңгүрт етіп, ұлт болашағына балта шауып, еліміз бен жеріміздегі табиғи қазба байлықтарға мәңгілік ие болу үшін жер иесі қазақ ұлтын білімсіз тобырға айналдыру! Ал, тобырды басқару – әрқашан оңай!

Бір мемлекетті басып алу үшін оған соғыс ашып, атом бомбасын тастап, әуре болудың еш қажеті жоқ. Ол үшін сол елдің білім жүйесін тас-талқан етсек болды,-деген ұстанымда болған шет елдік диверсиялық күштер, бір адамға табынып, жемқорлық жайлаған біздің авторитарлық жүйедегі парақор шенеуніктерді пара беріп сатып алып, «Қараев технологиясы», «Кембридждік оқу әдісі», бүгінгі «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформалары арқылы еліміздің қалыптасқан білім жүйесін тас-талқан етіп, ұлт болашағын жойып, тәуелсіздігіміздің тамырына балта шауып жатқандай болып көрінеді маған.

Несі бар? Ұлттың қауіпсіздігін сақтайтын комитеттің төрағасынан бастап, «Отанына сатқындық жасады» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатқан заманда, «мемлекеттік мүдде» деген ұғымның не екенін де білмейтін біздің жемқор шенеуніктерден бәрін де күтуге болады.

Өзіңіз ойлаңызшы, еліміздің болашағы жас ұрпақтың ұлттық психологиясының қалыптасуында жетекші күшке ие, ұлттық рух пен ұлттық кодымыздың негізі – әдебиет пәнін жүйелеп ғылыми негізде оқытпайтын, қазақ тілі пәнінің грамматикасын жүйелі түрде тереңдете меңгертіп, қазақ тілі пәнінен диктант жаздырмайтын, «дұрыс емес» деп оқушының қатесін түзетуге болмайтын, оқушыға ойын жазбаша түрде сауатты жеткізуге үйретпейтін «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасы: «Мемлекетті басып алу үшін, сол елдің білім жүйесін тас-талқан етсең болды»,-деген жоғарыда айтқан ойымыздың анық айғағы емес пе? «Білім жүйесін тас-талқан етсең болды»,-дегеннен шығады, жақында ғана, анықтап айтқанда 2021 жылдың 23 қараша күні өзім сабақ беретін үш 11-сыныптың сол күні сабаққа келген 48 оқушысынан жазбаша диктант алып, диктант соңына синтаксистік және морфологиялық талдауға бір сөйлем бердім. Үш сыныпта 61 оқушы бар. 13 оқушы түрлі себептермен сол күні сабаққа келмей қалыпты. Диктант жазуға қатысқан 48 оқушының бесеуі – «3», қалған 43 оқушы – «2», «4» не «5» — жоқ.

Міне, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасы нәтижесінің көрінісі!

Сонда, үлкен өмірге енді қадам басқалы тұрған уыздай жап-жас ұл-қыздарымыздың обалы кімге? Шындығына келгенде, қазіргі оқушылар өз ойын жазбаша жеткізу былай тұрсын, ауызша жеткізуге де шорқақ. Математика, тарих, физика не химия пәні оқушыға өмір бойы керек болмауы мүмкін. Бірақ, жазу жазбай тұра алмайтын мына заманда, ойын жазбаша түрде жеткізу үшін қазақ тілі грамматикасы кез-келген қазаққа өмір бойы керек қой! Осындай күнделікті қажеттілікті «Жаңартылған оқу бағдарламасы» қаперіне алмай, неге ескерусіз қалдырған?! Оның үстіне, мазақтағандай етіп, ҰБТ-да қазақ тілі пәнінен «Оқу сауаттылығын» қойып қойыпты. «Оқу сауаттылығында» грамматикалық сұрақтар мүлдем жоқ. Берілген сұрақтарға мәтін бойынша жауап бересің. Сұрақтардың жауабы көз алдыңдағы мәтіннің ішінде тұр. 11 жыл қазақ тілінде білім алған оқушыға «Оқу сауаттылығындағы» сұрақтарға жауап беру – еш қиындық келтірмейді. Өте жеңіл. Анығына келгенде, «Оқу сауаттылығындағы» сұрақтар – оқу жоспары бойынша «Мазмұндама» жаза алатын 3-4 – сынып оқушыларына арналған сұрақ. Осындай да ҰБТ бола ма? ҰБТ-дағы «Оқу сауаттылығынан» 20 сұрақтан 20 балл алып, ҰБТ-да «5» алған оқушы диктантты «5»-ті айтпай-ақ қояйын, «4»-ке не «3»-ке жаза алмайды. Жоғарыда мен жаздырған диктанттан «2» алғандардың көбі, ҰБТ-да «4» не «5» алары сөзсіз. Сонда, бұл қандай білім?

Бар ойы «Оқу сауаттылығынан» ҰБТ тапсырып, жоғарғы оқу орнына түсуді ойлаған оқушы қазақ тілі пәнінен грамматиканы меңгеруді ойламайды да. Ол тіптен қазақ тілі пәнін күнделікті өмірде еш пайдасы жоқ, өте жеңіл, оңай берілетін 2-3 – сортты пәндердің қатарына жатқызып қойған.

Құдай-ау, жоқ болса екен ғой… Аллаға шүкір, А.Байтұрсынұлы бастаған жүздеген тілші ғалымдарымыздың ғасырға жуық ғылыми еңбегінің арқасында, біздің қазақ тіліміз – грамматикасы қалыптасқан тіл болып есептелінеді. Мен ойлаймын, тіліміздің қалыптасқан грамматикалық заңдылықтарын ұлт болашағы – жас ұрпағымызға ғылыми негізде тереңдетіп оқытпай, оларды жоспарлы түрде сауатсыз ету – ұлтқа жасалған қастандық! Ұлт алдында бұдан өткен сатқындық болуы мүмкін емес!

Біз қазір ұлт болашағы – өз жастарымызды өзінің ұлты мен тілін менсінбейтін сауатсыз да надан, мәңгүрт-нигелист етіп өз қолымызбен тәрбиелеп жатырмыз. Бұл – теңдесі жоқ трагедия! Осындай ұлттық трагедиямыздың негізгі себепкері – Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мырзаның тілімен айтқанда: «Философиясы мен идеологиясы дұрыс»,- «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасы!

Өзім сынап отырған «Жаңартылған оқу бағдарламасындағы» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің негізгі кемшіліктері неде? Енді осыған келейік. Бұрын да айтқанбыз, тағы да қайталаймыз! Оқулықтардың ең басты кемшілігі – «Жаңартылған оқу бағдарламасындағы» қазақ тілінің де, әдебиет пәні оқулығының да жазу стилі өте төмен, оқушыға түсініксіз нашар тілде жазылғандығында! Тақырыпқа оқулықта берілген тапсырма сай емес. Бұл – бір! Екіншіден, ең бастылары: «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-10 – сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығының біз байқаған кемшіліктері мына төмендегісінше:

1. 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығында Тіл білімінің грамматикасын бар деп те, жоқ деп те айта алмайсыз. Себебі, «Жаңартылған бағдарлама» бойынша жазылған қазақ тілі оқулықтарында белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы: қазақ тілінің «Фонетика», «Лексика» бөлімдері 5-сыныпта да, 8-сыныпта да берілген. 5-сыныптың Қазақ тілі оқулығында тіл білімінің салалары «Фонетиканың» да, «Лексиканың» да, «Морфологияның» да басын бір жерге қосып, қойыртпақ быламық жасап жіберген. Тіл білімінің күрделі үш саласын 5-сынып оқушылары қалай бірден меңгермек?

2. Оқулықтар ғылыми негізде жазылмаған. Мектеп оқушылары тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салаларын жеке-жеке бір-бірімен араластырмай, мектеп оқушыларының жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай кезегін бұзбай оқыту керектігін оқулық авторлары ескермеген.

3. Қазақ тілі оқулықтарындағы грамматикалық ережелер мен анықтамалар ғылыми тілде жазылмаған. Мысалы: Бастауыш атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіреді. Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімім? Нем? деген сұрақтарға жауап береді, – деп, өте қарабайыр тілде жазылған (8-сынып. Қазақ тілі,124-бет) Біз оқушыларға ғылыми тұжырым мен ғылыми тілде сөйлеуді мектеп қабырғасынан бастап үйретуіміз керек.

4. Оқулық жазуда ғылыми жүйе мүлдем ескерілмеген әрі оқушылардың жас ерекшеліктері де ескерусіз қалған.

5. Қазақ тілін және оның грамматикасын басқа ғылым түрлерімен бірге меңгертеміз,- деген ой ұстанымда болған авторлық ұжым, оқулыққа басқа пәндердің тақырыптарын енгізу арқылы оқушылар ойын негізгі қазақ тілі пәнінен мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген. Нәтижесінде мектеп оқушыларына Қазақ тілі пәнінің грамматикасы екінші, үшінші кезектегі мәселе секілді болып көрініп қалған.

Ең бастысы, «Жаңартылған білім бағдарламасының» оқулық авторлары орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ тілі пәнінің грамматикасына жете мән бермегені былай тұрсын, қазақ тіл грамматикасы мектеп оқушысына не үшін қажет екенін түсінбейтін де секілді.

Ал, енді «Жаңартылған білім бағдарламасындағы» Қазақ тілінен соң Қазақ әдебиеті пәні туралы ойласам: «Самарқанда бір апам бар, ол менен де өткен сорақы»,- деген сөз есіме түседі. Ең бірінші айтпағымыз: Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің ұлттық көрінісі баяндалатын біздің бай ауыз әдебиетіміз бен оның түрлері және олардың жанрлық ерекшеліктері туралы «Жаңартылған оқу бағдарламасында» бір ауыз сөз жоқ. Ұлттық әдебиетіміздің негізі болған, «Халық ауыз әдебиеті» деген әдебиет бізде болмаған секілді.

Егер біз, бүкіл тарихымыз бен мәдениетіміздің өзегі – ауыз әдебиетімізді оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап, ғылыми негізде, жүйелі түрде оқытпасақ, жас ұрпақ-мектеп оқушыларын елін, жерін, ұлтының әдебиеті мен мәдениетін сүйетін патриот етіп қалай тәрбиелейміз? Екіншіден, әдебиет – ғылым. Әдебиет ғылым ретінде «Әдебиет тарихы», «Әдебиет сыны», «Әдебиет теориясы» деген үш бөлімнен тұрады. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылған қазақ әдебиеті оқулықтарында жоғарыда аталған үш бөлімнің ешқайсысы да ғылыми негізде толық қамтылмаған. 10-сынып әдебиетінде әдеби жанрлар мен әдебиет көркемдегіш құралдарына автор шығармасымен байланыстырмай жеке-жеке түсінік бергенімен, оқулыққа енгізілген авторлар шығармаларына тарихи-әлеуметтік тұрғыдағы сын және теориялық талдау жасалынбаған. Шығармашылық тұлғалардың өмір сүрген уақытына қарай, әдебиетті кезең-кезеңге жіктей отырып, әдебиет белгілі жүйемен ғасыр-ғасырға бөлініп топтастырылмаған. (Мысалы: «XIX-ғасыр әдебиеті», «XX-ғасыр әдебиеті» деген секілді.) Әдебиетті ғылым ретінде оқытуда қалыптасқан осындай әлемдік үрдісті авторлық ұжым ескерусіз қалдырған. Бұл жерде де, әдебиет пәні бойынша өтетін тақырыптарда оқушының жас ерекшелігі ескерілмеген. Мысалы: 5-сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті оқулығында (Авторлары: С.Ч.Тұрсынғалиева, Р.Зайкенова) «Әдебиет теориясы» айдарымен «Повесть туралы түсінік», «Тақырып», «Идея», «Әңгіме жанры», «Сюжет», «Сюжеттік байланыс», «Теңеу», «Эпитет», «Композиция» туралы айтып өткен. Ең қызығы, әдеби-теориялық терминдер «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамасында қалай жазылса, авторлық ұжым «Энциклопедиялық анықтамалықтың» бір сөзін де өзгертпей, дәл сол қалпында қиып алып, 5-сынып «Әдебиет оқулығына» енгізген де жіберген. Күлесің бе, жылайсың ба?…

«Жиендік жасапты» деп ойлап қалмасын деген болу керек, авторлар тобы әдеби-теориялық ұғымдар алынған дереккөздерді 5-сынып «Әдебиет оқулығында» көрсетіп те қойыпты.

Айналайындар-ау, «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығын 5-сынып оқушысы түгілі, арнайы ғылыми дайындығы бар үлкен адамның өзі әрең түсінеді.

Жалпы, «Әдебиет теориясы» бастауыш сыныптан кеше келген, 5-сыныпта оқитын 10-11 жастағы оқушы балаға не үшін керек? Тақырып оқушының жас ерекшелігіне мүлдем сәйкес келмейді. Жарайды, мұғалім айтқан соң түсінбесе де, осы әдеби-теориялық ұғымдарды оқушы жаттап алды делік. Жаттанды білім кімге, не үшін керек?

Жаттап алған білім мектептің табалдырығынан аттай бере естен шығады да ұмытылады. (Ә.Бөкейхан, Серуен жасап зерттеу әдісі. Ғылыми мақала. Таңдамалы, 256-бет. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы, 1995 жыл)

Аксиомаға айналған осы ғылыми-педагогикалық тұжырымды оқулық авторлары қаперіне неге алмаған?!

Ең бастысы, мектеп окушыларына әдебиет пәнін ғылым ретінде оқытуды авторлық ұжым мақсат етпеген. Бұл – оқулықтың мазмұны мен сапасына үлкен нұсқан келтіріп, оқулықты түкке алғысыз, жарамсыз етіп көрсетіп тұр. «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған қазақ тілі және әдебиеті пәні оқулық авторларының ұстанған ең негізгі басты қағидасы, ол – жаңа оқулықтарды бұрынғы оқулықтарға барынша ұқсатпауға тырысқан секілді. Оқулық авторларының бұл әдісі – оқулықтың ғылыми негізіне үлкен нұсқан келтіріп, оның білімділік сапасын сын көтермейтін өте төменгі дәрежеге түсіріп жіберген.

Тоқсан ауыз сөзді бірер сөзбен түйіндесек: «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-11-сынып аралығындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтары,пән мұғалімдерін былай қойғанда, мектеп оқушыларының қарапайым сұранысына да жауап бере алмайды.

Еліміздің білім саласында жасалған сансыз көп реформалардың бірде-біреуі оң нәтиже бермеді. Неге? Себебі, бұл «білім реформаларының» авторы біреу. Ол – билік. Күллі адамзатты өркениеттің биік шыңына жетелейтін демократиялық құндылықтардан жұрдай, әміршіл де әкімшіл жүйе – билік ойлап тапқан кез-келген реформа оң нәтиже бермесі хақ! Себебі, реформалық өзгерістер төменнен – халықтың қайнар ортасынан бастау алуы шарт! Мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, болашағымызды биік белестерге бастайтын білім саласы – биліктен тыс тұруға тиіс. Сондықтан да, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қабылданған Ұлттық демократиялық «Алаш» партиясының бағдарламасында: «… оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы; үкімет оқу ісіне кіріспеуі»,- керек деп, тайға таңба басқандай анық жазды. (Ә.Бөкейхан. Шығармалары. 256 бет, IX том «Сарыарқа» баспасы, Астана 2016 жыл) Шындығына келгенде, ғылым-білімді басқару атқарушы биліктен тыс тұруға тиіс. Себебі, кез-келген атқарушы билік – уақытша. Ал, ұлттың өркениетке жетуі мен даму стратегиясын айқындайтын ғылым-білім – мәңгілік. Уақытша билік арқылы ғылым-білімнің мәңгілік жолын басқара алмайсың. Дамыған мемлекеттердегідей ғылым-білімді дамытудың ғылыми жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өркениеттің биігіне жеткісі келген кез-келген мемлекет, ғылым-білімнің өсіп-өркендеуіне жағдай жасауға міндетті. Ал, білім негізі – орта мектеп қабырғасында қаланады. Бұл – аксиома.

Меніңше кез-келген реформа төменнен басталуы шарт. Ал, білім беру жүйесінің төменгі буыны болып саналатын орта мектеп бағдарламасы бойынша жасалынатын білім реформасын – білім жүйесін жетік білетін тәжірибелі мектеп мұғалімдері мен осы саланың белгілі ғалымдарын қатыстыра отырып, кең көлемдегі халық талқылауы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Түрлі «реформалардан» әбден шаршаған еліміздің білім саласының қазіргі таңда кезек күттірмейтін ең басты мәселесі, ол – білім берудің Ұлттық концепциясын жасау болып табылады.

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Мен сіздің азамат ретіндегі жеке өз басыңызға құрметпен қараймын. Алайда: «Жаңартылған оқу бағдарламасының» жалпы философиясы мен идеологиясы дұрыс»,- деген пікіріңізбен ешуақытта келісе алмаймын. Бұл «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформасымен не үшін келісе алмайтындығымды жоғарыда түсіндіріп бере алдым деп ойлаймын.

Әрине, түсінем. Сынау әр уақытта да оңай. Сондықтан да мен белгілі тілші және әдебиетші ғалымдармен қатар көп жыл мектепте үздіксіз жұмыс атқарған тәжірибелі педагог мұғалімдермен келісе отырып, өзім жасаған «Ұлттық мектептердегі жалпы білім берудің және қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың қысқаша тұжырымдамасын (концепциясын)» ұсынғым келеді.

Ұлттық мектептердегі жалпы білім берудің және қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың қысқаша тұжырымдамасы (Жоба)

Ұлттық мектеп қандай болу керек?

Ол үш сатылы:

1. 1-4—сынып бастауыш сынып.

2. 5-9—сыныптар негізі сынып.

3. 10-11—сынып жоғары сынып.

1-4—сыныптар аралығындағы бастауыш сыныптардың негізгі міндеті: балаға халқымыздың салт-дәстүрін таныстыра отырып, дұрыс ойлануға, (логикалық жүйеге) математиканың төрт амалын игере отырып, сауатты жазып, ойын дұрыс жеткізе алуға үйрету. Ол үшін:

1. Халық ауыз әдебиеті үлгілері ертегі, аңыз, эпостық жырлар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жаңылтпаштарды кеңінен қолданып, бұларды балаға жаттатқыза отырып, баланы дұрыс ойланып, өз ойын ауызша және жазбаша жеткізе алуға үйрету. Бұл жаста балаға көп жаттатқызу керек. Ол баланың есте сақтау қабілетін күшейте отырып, дұрыс ойлануға, дұрыс шешім шығара алуға үйретеді. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін көп білу – өз ұлтының тілін, салт-дәстүрін, ұлттық психологиясына баланы жастай қанықтырып, отансүйгіштік қасиетке баулиды. Бастауыш сыныптарда баланы қызықтыра отырып, жасына лайықты әдеби кітаптар оқуға үйреткен жөн. Бастауыш сыныпты бітірген бала (4-сыныптан соң) оқыған кітаптарының мазмұнын ауызша және жазбаша сауатты түрде жеткізе алатын болу керек. Математика пәнінен төрт амалды игере отырып, көбейту кестесін жаттатқызып, «қызықты математика» секілді мәселе есептерді көп шығару керек. Шахмат ойнауға, сурет салып, қабілетіне қарай ұлттық аспаптарда ойнай алуға үйреткен жөн. Ескерту: Бастауыш сыныптарда шет тілін және компьютер оқытуға мүлдем болмайды.

2. Орта сынып, 5 – 9—сыныптар аралығында Қазақстан тарихы, Қазақ тілі және әдебиеті, Қазақстан географиясы және халқаралық ғылымдар: математика, химия, физика, биология, шет тілі, география секілді пәндер және сурет, сызу, еңбекке баулу, дене шынықтыру секілді пәндер жүруге тиіс.

3. 10-11— жоғарғы сыныптарда баланы бейіміне қарай оқытып, болашақ мамандығына қарай топтастырған жөн. Олар:

  1. Жаратылыстану.
  2. Қоғамдық пәндер.
  3. Кәсіптік техникалық мамандықтар.

Бұл сыныптарда өз бағдарламаларына сәйкес халықаралық ғылымдар (математика, химия, физика, биология, география) мен бірге Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан географиясы және шет тілі, компьютер, қоғамтану, абайтану, дене шынықтыру секілді пәндер жүруге тиіс. Айта кететін бір мәселе: Біз қазір керек, керек емес пәндермен баланың басын «қоқыс жәшігіне» айналдырдық. Баланың сабағы өмірмен тығыз байланысты жеңіл әрі қызықты болу шарт. Бала еркін өсуі үшін, бос уақыттар мол болып, сол кездерде спорт, музыка секілді бейімді секцияларға көп бару керек. Қоғамдық пәндер қазіргі «жаңартылған білім бағдарламасы» секілді емес, ғылымға негізделген ғылыми бағытта жүру керек. Мысалы: Қазақ тілі пәні, тіл білімінің салалары: фонетика, лексика, морфология, синтаксис секілді салалар бойынша, ал әдебиет пәні ауыз әдебиеті, 18, 19, 20-ғасыр әдебиеті деп, әдебиет тарихы, сыны, теориясы негізінде оқытылу керек.

«Қоғамтану» пәні туралы

«Қоғамтану» пәні – оқушыны өзі өмір сүріп отырған қоғамның ішкі заңдылықтарымен тереңнен таныстыра, оқушыны мектеп қабырғасынан бастап үлкен өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін: «Қоғамтану» пәнін «Отбасы» (Семья), «Қоғамның әлеуметтік жағдайы», «Өзін-өзі тану», «Экономика», «Финанс», «Банк жүйесі», «Мемлекеттегі заң жүйесі», «Әлеуметтік тұрмыстық жағдай» секілді түрлі бөлімдерге бөліп, оқушыны өзі өмір сүріп отырған қоғаммен таныстыра келе, оны үлкен өмірге бейімдей отырып оқыту – «Қоғамтану» пәнінің басты мақсаты болмақ.

Енді, «Абайтану» пәні туралы

Халықымыздың күллі тарихы мен әлеуметтік жағдайын, психологиясын, тілінің көркемдік жүйесін Абай шығармашылығы арқылы оқытуға керек. Сондықтан да, «Дінтану» пәнінің орнына «Абайтануды» кіргізіп, әлемдік діннің тарихына Абайдың діни көзқарасы арқылы кеңінен тоқтала отырып, түсіндіру шарт. «Абайтану» пәнін орта мектептерде жеке пән ретінде оқыту керек. Қазіргі таңда «Абайтану» пәні қоғамдық сыныптарда ғана мектеп әкімшілігі шешімімен қосымша-факультатив сабақ ретінде жүреді. Бұл – үлкен қателік! Осы қателіктің орнын жоятын мезгіл жетті.

Орта мектеп бағдарламасындағы Қазақ тілі пәнін оқыту тұжырымдамасы

Орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ тілі пәні оқушыны дұрыс ойлануға үйрете отырып, ойлаған ойын жазбаша түрде сауатты  жеткізу үшін, тіл білімінің Фонетика, Лексика, Морфология, Синтаксис, Стилистика салаларын ғылыми негізде, грамматиканы алдыңғы орынға шығарып, өткен тақырыпқа байланысты жаттығулар жаза отырып оқыту керек. Меніңше, орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ тілі пәнін оқыту сағаты мына төмендегісінше болу керек.

Қазақ тілі пәні:

5—сынып—Фонетика —102 сағат, аптасына үш рет.

6—сынып—Лексика—102 сағат, аптасына үш рет.

7—сынып —Морфология —102 сағат, аптасына үш рет.

8—сынып – Морфология —аптасына екі рет.

9—сынып —Синтаксис —68 сағат аптасына екі рет.

10—сынып – Стилистика —34 сағат, аптасына бір рет. (Бұл оқу курсында оқушының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыра отырып, шешендік сөздерге, мәнерлеп сөйлеуге, сахна тілі мен көпшілік алдында сөйлеп үйренуге үйреткен жөн.)

11—сынып —Стилистика —34 сағат, аптасына бір рет. (Бұл курста оқушының жазу стилін қалыптастыра отырып, іскерлік қағаздар: Өтініш, Еңбек шарты, Түсінік жазу секілді іс-қағаздарын жазуға және Эссе, мақала, ой-толғау, Шығарма жазуға үйрете отырып, өз пікірін ауызша және жазбаша қорғай білуге үйрету керек.

Орта мектеп бағдарламасындағы Қазақ әдебиеті пәнін оқыту тұжырымдамасы

Орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы негізгі мақсат—оқушыны халқымыздың тіл-өнері, этно-мәдениеті, салт-дәстүрі және тарихымен тереңнен таныстыра отырып, оқушыны ұлтын сүюге тәрбиелей келе, оқушыға өз ойын ауызша және жазбаша түрде жеткізіп және оны қорғай отырып, белгілі тақырып бойынша «Шығарма», «Эссе», «Ой толғау» жаза білуге үйрету керек. Меніңше, орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ әдебиеті пәнін оқытудың қысқаша жылдың жоспары мына төмендегіше болу керек.

5—сынып. 68 сағат. Аптасына екі рет. Бұл сыныпта баланың тілі мен ұғымына жеңіл, Халық ауыз әдебиеті үлгілері: Ертегілер, Мақал-мәтелдер, Аңыз әңгімелер, Жаңылтпаштар және ұғымға жеңіл балалар ақындарының өлеңдері мен Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа» повесін оқыту керек.

6—сынып. 68 сағат, аптасына екі рет. Бұл сыныпта «Қобыланды батыр» жыры, Ертегілер, Абай өлеңдері мен Жыраулар поэзиясындағы 6—сынып оқушысының ұғымына лайық өлеңдерді жаттатқыза отырып, бүгінгі балалар әдебиетінің өкілдері Тынымбай Нұрмағанбетов, Сайын Мұратбеков тағы басқа сол секілді жазушылардың шығармаларын оқыту керек.

7 және 8—сыныптағы әдебиет пәндері де аптасына екі рет, жылдық оқу жоспары 68 сағаттан болу керек. 7-8—сыныптарда оқушы әдебиет пәнінен бүгінгі Қазақ әдебиетінің классиктері : Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, С. Торайғыров, С. Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Т. Әбдіков, М. Мағауин, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржекеев секілді жазушылар мен ақындар Абай, Мағжан, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов тағы басқа сол секілді ақын-жазушылардың 7-8—сынып оқушыларының ұғымына лайық шығармаларын оқыту керек.

9—сынып. 68 сағат. Аптасына екі рет. Бұл сыныпта әдебиет пәні, «Халық ауыз әдебиетінің» барлық түрлері, жанрлары, ғылыми негізде, әдеби-теориялық тұрғыдан талдана отырып оқытылу керек. Сонымен, 9—сынып әдебиеті пәні түгел «Халық ауыз әдебиеті» және олардың  түрлеріне яғни ұлтымыздың фольклорына берілу керек.

10—сынып. 68 сағат. Аптасына екі рет. Бұл сыныпта ұлтымыздың әдебиеті халқымыздың тарихымен байланысты оқытылып, Қазақ әдебиетін дәуір-дәуірге бөліп оқыту керек. Мысалы: Қазақ әдебиеті 1) Ислам дәуіріне дейінгі әдебиет;  2) Ислам дәуірінен кейінгі әдебиет деп үлкен екі топқа бөлген жөн. 1. Ислам дәуіріне дейінгі әдебиетке Ерте Түркі дәуіріндегі әдебиет (Орхон Енисей жазбалары). 2. Ислам дәуірінен кейінгі әдебиет: Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Қожа—Ахмет Яссауи, Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет және жыраулар поэзиясын (15—19 ғасырлар) оқыту керек.

11—сынып. 68 сағат. Аптасына екі рет. 20—21 ғасырдағы қазақ әдебиеті; а) 20—ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет; ә) Әдеби бағыттар мен ағымдар; б) Кеңес дәуіріндегі әдебиет; в) 60—90 —жылдардағы әдебиет; г) Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет.

Әрине, орта мектеп бағдарламасындағы әдебиет пәнін түрлі дәуірлер мен ғасырларға жіктеп, бөле отырып оқытқанда, оқып жатқан ғасырдың барлық әдеби өкілдерін түгел қамту мүмкін емес. Әдебиет пәнінің орта мектеп бағдарламасындағы оқу жоспары үшін ол шарт та емес. Ең бастысы, сол әдеби дәуірдің «Тарихи-әлеуметтік жағдайын» оқушы ұғымына сай етіп, «Қазақстан тарихы» пәнімен байланыстыра отырып, әдеби формада тереңнен талдай келе, сол дәуір әдебиетінің ең талантты деген өкілдерінің ғана шығармаларын мектеп оқулығына енгізу керек.

Әрине, бұл тұжырымдама – жоба. Мүмкін, белгілі ғалымдар мен тәжірбиелі мектеп мұғалімдерін қатыстыра отырып, бұл жобаны ұлттық мүдде тұрғысындағы түрлі ұсыныстармен толықтыра келе, көпшілік халық болып талқылауымыз керек. Бұл алдағы күннің еншісіндегі кезек күттірмейтін шаруа екендігі анық. Қалай десек те, білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» қабылдайтын кез жетті, министр мырза!

Ұлт болып ұйымдасып, білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» бүгін қабылдамасақ ертең кеш болады. Біз, қазақтар өмір бойы «Тарих көшінен» кенже қалып, кешігіп жүрген халықпыз. «Тарих көшінен» кенжелеп қалуымыздың да негізгі себебі: «Ұлттық білім жүйесін» қалыптастыра алмағандығымызда екенін мойындауға тиістіміз. Дәл осы жолы білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» жасаудан кешіксек, келер ұрпағымызды өз қолымыздан «мәңгүрт» етіп, оларды мәңгілік құлдыққа байлап береміз! Ата-бабамыздың рухы алдында қарабет болған біздерді Тарих мәңгі кешірмейді! Ойланайық, ағайын! Пікір білдіріп, ақыл қос!

Нұрғали Махан,

Жоғарғы санатты «Шебер-педагог»

Abai.kz