Шөкеев шеберге тиесілі 1,5 миллион теңгені бермей жүр

0

Әкімдікпен арадағы ауызша келісімге иек артып, кәдесый әзірлеп берген түркістандық шебер Нәзір Хамрақұлов екі жылдан бері уәде етілген қаржыға қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды kznews.kz сайты ratel.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістанның облыс атануына 1 жыл толуына орай жасалған кәдесыйға 1,5 миллион теңге ақы төлеу мәселесі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды.

Қолөнер шебері Хамрақұлов Түркістан облысының әкімдігі мен Түркістан қаласы әкімдігінің және мәдениет басқармасын сот берген.

Әңгіменің ұзынырғасы былай. Екі жыл бұрын Түркістан облысының құрылғанының 1 жылдың мерекесі тойланады. Сол жылдың маусым айында шеберге Түркістан облыстық мәдениет басқармасынан жауапты азамат хабарласып, мерейтойға арнап кәдесый жасау туралы «шұғыл» тапсырыс жасайды. Шебер екі сөзге келмей бар жұмысын жинап қойып, әкімдіктің тапсырыс орындауға кіріскен. Осылай мерейтой қарсаңында кәдесый да дайын болады. Оны салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ерен еңбегімен көзге түскен инвесторларға өз қолымен тапсырды. Ал «осы іске 1 миллион 520 мың теңге көлемінде ақы төлеу мәселесін қағазбастылыққа салмай-ақ шешеміз» деген әкімдігілердің сөзі құрғақ уәдеге айналды.

Екі жыл бойы Шөкеев басқаратын әкімдікке үмітпен мойнын созған шебер ақыры істің ақ-қарасын ажыратуды соттың еншісіне қалдырды.

Сотта берген жауабында әкімдік өкілдері жергілікті бюджетте кәдесый жасауға ешқандай қаражат қарастырылмағанын айтып ақталды. Өйткені мемлекеттік сатып алу порталында әкімдік пен шебер арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған.

Ал Хамрақұлов сотта 2019 жылдың 20 маусымынан кейін түркістандық шенеуніктерден алынған хаттарды айғақ ретінде ұсынды. Онда шенділер әкімдіктің шебер әзірлеген кәдесый үшін қарыз екенін көрсеткен. Алайда іске төрелік еткен судья Айгүл Сағындықова материалмен танысып шыққан соң шебердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Оған себеп жұмысқа ақы төлеу мәселелері ауызша жүргізілуі болды.

Жергілікті прокуратура мен Қаржы мониторингі комитетінің өкілдері де бұл істе заңға қайшы әрекет жоқ деп баға берді. Ал әкімдіктегілер Хамракуловпен кездесуден бас тартқанымен оған уәде етілген 1,5 миллион теңгені жақын арада беретіндіктерін айтыпты.

Болат Мылтық