Сейсембай: Бұрынғы билік кезінде менен 6 млрд долларға жуық актив тартып алынды

0

Президент Тоқаев Астанада ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Көптеген жақсы бастамалар көтерілді. Біз оның «Гегельді Бабельден» ажырата алмайтын «мықты» кәсіпкерлер туралы айтқан кезде оның кімдерді меңзеп тұрғанын жақсы түсіндік.

Өзі өндіреді, өзі қайта өңдейді, өзі банктерді басқарады деп монополиялар туралы айтқанда да, біз оның кімді айтып отырғанын жақсы түсіндік.

Әрине, барлық бастамалар жақсы, бірақ кемшін тұстар да жоқ емес. Көптеген тапсырмаларды іске асыру механизмі түсініксіз. Мысалы, аса ірі бизнесмендер өз табыстарының белгілі бір пайызын халық қорына қалай аударады? Қанша пайызын? Қандай жиілікпен? Оның негіздемесі қандай болмақ? Менің ойымша, бұл заңды схема емес, оны айналып өту, басқаша талдау, ақырында тіпті одан қашып құтылу оп-оңай.

Менің ойымша, егер оларда қандай да бір уағдаластықтар мен қауіпсіздік кепілдіктері болса, бұрынғы билікке жақын капиталды заңдастыру схемасы әлдеқайда түсінікті, әділ және тұрақты болар еді, яғни олар бір реттік, үлкен мүлік салығын төлейді де, заң аясында әдеттегідей жұмысын жалғастыра береді. Рақымшылықтың бір түрі. Бұл процедура үшін «Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру туралы» арнайы заң қабылдауға болады, оған сәйкес өткен билікке жақын барлық кәсіпкерлер өз капиталын заңдастыруға міндетті болсын. Бұл дұрыс, әрі заңды жол болар еді.

Қысқасы, менің түсінуімше, Тоқаевтың бүгінгі месседжі өз капиталын бұрынғы билік кезінде жинаған бизнесмендерге, сондай-ақ бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынас туралы жаңа қоғамдық шарттың декларациясына көбірек бағытталды.

P.S. Көбі менен осы кездесуге шақырылдыңыз ба деп сұрап жатыр. Жауабым — жоқ, мені шақырған жоқ. Олар мені ұсақ бизнесмен санайтын болар немесе мені өз капиталын бұрынғы билік кезінде жинаған бизнесмен деп есептемейді. Мұнысы рас енді. Бұрынғы билік кезінде менен 6 млрд. долларға жуық актив тартып алынды. Тарихи әділеттілік бір күндері осы мәселеге дейін де жетеді деп үміттенемін.

Маргулан СЕЙСЕМБАЙ