Сауатсыз уағыз жұртты діннен бездіруде
Интернеттегі әлеуметтік желілерді қазір ашып қалсаңыз, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп, кейде тіпті ойдан құрастырып уағыз айтқандарды көресіз деп жазады kznews.kz. сайты Democrat.kz-ке сілтеме жасап.
Осыған байланысты ресми тыйым салынсын деп қазақстандық азамат үндеу жолдады.
Бұл туралы ТикТоктағы Airan.kz өз парақшасында жариялады. Видеоүндеу жолдаған жігіт қазіргі кезде қаптап кеткен уағыз айтушылар қисынсыз дүниелерді айтып, жұртты адастыра бастады дейді.
«Белгілі ресми рұқсаты жоқ адамның әлеуметтік желіде діни миссионерлікпен айналысуына тыйым салуды талап етуіміз керек» дейді ол.
Осыған байланысты біз де өз тарапымыздан бірнеше кісіні сөзге тартып, пікірін сұрап көрдік.
«Бала-шаға отыратын түрлі әлеуметтік желіде діни уағыз айтушылар миды ашытып бастады. Дін деген осы екен деп, әлі ақыл тоқтатпаған жастар теріс ағымның жетегіне еріп кетіп жатыр да. Бұл өте — қауіпті. Қазір тоқтау салмасақ, ертең кеш болады»,- дейді тарихшы Алмас Ермаханұлы.
«Әрине, заңмен тыйым салу керек уағыз айтушыларға. Шектен шығып кетті ғой!
«Бір тал шашы көрінген қызды еркек зорлайды», «намаз оқымасаң, ақшасын төле», «о дүниеде жәннатта 77 хор қызын құшып жатасың», «3-4 әйел алуың керек» деген сыңайдағы уағыздардың тәрбиелік мәні бар ма?
Меніңше, кім көрінгеннің уағыз айтуынан жұрт қазір діннен безе бастады. Уағыз айтуға заңмен тыйым салынуы керек»,- дейді шымкенттік зейнеткер Зүлфия Молдыбайқызы.
«19 жасыма дейін жұма намазынан қалмай, әр ұстаздың уағызын ұйып тыңдайтынмын. Өзімді нағыз мұсылман деп санадым. Ұстаздарымның айтқанын орындасам, Аллаһқа жақындаймын деп ойладым. Уақыт өте келе дінді зерттей бастадым.
Түсінгенім, ұстаз, имам дегеннің бәрі біз ойлағандай білімге ие емес екен. Әлемнің үлкен төрт дінінің кітаптарын оқып шығып, дін атаулыдан бездім.
Иә, бір жаратушы күш бар. Алайда дінді адам ойлап тапқан деген қорытындыға келдім. Қазір уағыз айтқан кісіні көрсем, бар болғаны аяушылық, жеккөрініш сезімім оянады»,- дейді алматылық Қанат Бақытжанұлы.
Дін туралы сөз қозғасақ, атеист, кәпір, тәңірші деп шығатын надан тобыр бар. Алайда дінде шаруамыз жоқ, бар болғаны уағыз айтушы мен тыңдаушы өздерін сырттай бір қарап көрсе екен.
Қисынға келмейтін бос сөздермен қарын тойдырмай, қолға күрек алып еңбек ету керек емес пе? Ескі заманның аңыз, әпсанасын тыңдамай, кітап оқып, білімін жетілдірсе, адамға пайда берері сол емес пе?
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.