Сапасыз жол кесірінен апатқа ұшыраған оралдық жүргізуші әкімдіктен ақша өндіріп алды
Орал қаласының тұрғыны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен материалдық залал өндіру жөнінде сотқа жүгінді.
Орал қаласының №2 сотында қаралған іс материалдарынан белгілі болғанындай, Әбілқайыр хан даңғылы мен С.Датұлы көшесі жолдарының талапқа сай болмауы салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, тұрғынның көлігіне зақым келген.
БҚО сотынан түскен мәліметке қарағанда, осыған орай талапкер жауапкердің жолдарды күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамауынан келтірілген залал сомасын 787 948 теңге көлемінде бағалады.
«Сот істі зерделеген кезде жолдарды күтіп ұстау талаптарының бұзылу фактісі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарымен расталған. Дегенмен сарапшы қорытындысына сәйкес талапкердің автокөлігін жөндеп-қалпына келтіру жұмыстарының құны 603 680,31 теңге болды. Осыған байланысты сот талапты ішінара қанағаттандырды. Аталмыш мемлекеттік мекемеден талапкердің пайдасына 603 680 теңге мөлшерінде материалдық залал және 6 037 теңге мемлекеттік баж төлеу бойынша сот шығысы өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 5 млн теңге алимент төлемеген тұрғынның сотталғанын жазған болатынбыз.