Сапарбаевтың сөгісі 2 айда ризашылыққа айналды
2 ай бұрын ғана Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін оның вакцина өндірісін жолға қоюдағы еңбегі үшін алғыс айтты. Сапарбаев жақында ғана өңірде болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да қошеметіне бөленген еді.
Ал Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған Президент алдында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Тараз қаласын дамыту және инвестициялық жобаларды іске асырудың барысы туралы баяндама жасады.
Баяндаманы тыңдап болған соң Президент өңірді дамытудың басымдықтарына тоқталды.
«Сіздің баяндамаңыз қабылданды. Жалпы аймақ жақсы дамып келеді. Дамумен бірге шешімін күткен мәселелер бар. Сіздің ұсыныстарыңыз қаралады. Мен оны жеке бақылауыма аламын. Келесі жылдың басында облысқа келіп, нақты мәселелерді талқылаймыз. Вакцина өндірісіне қатысты айтатын болсам Қазақстан Жамбыл облысының арқасында әлемдегі жетекші елдердің қатарына енді. Мен сіздің жасаған жұмысыңызға ризамын», – деді Тоқаев.