Сағынтаев бекетке Бауыржанның атын неге бермей отыр?

0

Бір топ алматылықтар шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына «Абай мен Момышұлы көшелерінің қилысынан ашылмақ метроның бір бекетіне Б.Момышұлының атын беру керек» деп хат жазған болатын. Мұхтар Қапалбаев, Отар-Алы Көлжан, Тұрыс Бекжан сынды белді азаматтардың ұсынысына қала басшысы бір жылдан бері жауап бермей жүр. Бір қызығы әкім батырдың атынан гөрі метро станциясына «Дружба – Достық» деген атауды беруді қош көріп отыр.

Жас жазушы Қанат Әбілхайырдың айтуынша «Ұйғыр ұлтынын мекені» ретінде елге таныс «Дружба» (Достық) аты қайта жаңғыртылып, метро бекетіне берілмек. Қаламгер әкімдіктің бұл шешімі дұрыс емес екенін ескертті. Өйткені метро бекеті «ұлттар арасындағы достыққа» емес, батыдың атындағы көшеге барып тіреледі. Сондықтан бұл метро бекеті Алты Алаштың батыры Бауыржан Момышұлының атымен аталуы керек» деген пікірде.

«Қазір еліміздің әр облыс орталықтарында Достық үйлерін салып тастаған. Біздің Аламатының ішінде де достық үйі мен көше атауы бар. Ендігі жерде аталған көшелердің қилысындағы метро бекетіне «достық» атауын берудің қажеті қанша? Меніңше еш қажеті жоқ.

Біз демократиялық мемлекетте тұрамыз. Әркім өз пікірін ашық айтуға құқы бар. Біз де сол сияқты өз пікірімізді айттық. Халықтың көпшілігі бізді қолдап отыр. Расында да Бауыржан Момышұлы 200 жылда бір туатын тұлға. Ол кісі менің жеті атам немесе туысым емес. Бірақта қай жағынан қарасақ та метроның бекетіне қазақтың осындай азаматының есімін беруіміз қажет және көпшілікте осы пікірде деп ойлаймын», — дейді ол.

– Бір жыл бұрын жазылған хатқа тіл басқармасы немесе ономастикалық жұмыстармен айналысатын орындар тарапынан да жауап болмады ма?

Хатты біздің азаматтар бір жыл бұрын Алматы қаласының әкіміне жазған. Бірақ біздің Алматы қаласында Тілдерді дамыту басқармасы сияқты 3-4 құрылым бар екен. Олардың ішінде ономастикалық жұмыстармен айналысатын арнайы орын бар. Алайда олар жоғары жақтың пәрмені болмаса ештене шеше алмайтыны белгілі. Содан кейін барып бұл мәселені әлеуметтік желі арқылы халықтың қолдауымен қайта көтеруге тура келді.

Кез келген мемлекеттерде биліктің имиджі деген дүние болады. Былайша айтқанда халықтың алдындағы келбеті.  Мысалы біз бекетке берілмек болып жатқан атаудың қажетсіз екенін нақты мысалдармен яғни, көпшіліктің қолдауымен қазір дәлелдедік деп ойлаймын. Ал енді осы халықтың пікіріне әкімдік құлақ аспайтын болса, өз имидждеріне, өздерінің істеріне үлкен нұқсан келтіреді. Ал бұл нұқсан оларға аз соққы болмайтыны анық.

– Дружба аталатын аймақты «Ұйғыр ұлтының мекені» ретінде елге таныс» дедіңіз. Ол өңір қазақ халқының байырғы ата-қонысы емес пе?

– Алматы қаласында екі елді мекен бар. Біріншісі Сұлтанқорған деп аталады. Кезінде Әлихан деген сұлтан болған. Шығыс Түркістанды ұйғырлар мен дүнгендер қытайдан азат етіп толық босатқан уақыттан кейін яғни, 1869 жылы генерал-губернатор Колпоковсий Құлжаны басып алған. Оған Әлихан сұлтан қорықанынан Құлжаның кілтін тапсырған. Сұлтанды орыстар Алматы маңына алып келіп, жергілікті халық соқтықпасын деген мақсатпен қорған салып қоныстандырған. Ұйғырларды да ең алғашқы мәрте сол уақыттарда бірге алып келген. Одан кейін сол кездегі қаланың сырт жағына Дружба деген ауыл құрып, тағы да ұйғыр ұлтының өкілдерін қоңыстандырған. Бұл екінші елді мекен. Бүгінде Яссауи көшесі деп аталатын аймақ. Жергілікті халық та осылай атайды. Сондықтан да біз олардың бекетке берген атауын «Ұйғыр ұлтының мекенінің атауын» емес, қазақтың қайсар ұлы Бауыржанның есімін беруді сұрап отырмыз.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ