Ресей Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай неге сыйлық жасамайды?

0

Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшілігі, еліміздің Люксембургтегі Құрметті консулдығы мен «Eurasian Resources Group» компаниясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Люксембургте мерейтойлық пошта маркаларын шығару бастамасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пошталық маркада Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының логотипі бейнеленген. Шығарылған пошта маркалары күнделікті хат-хабарларда, сондай-ақ кәдесый өнімдері ретінде пайдалануға болады.

Люксембург өзінің пошта маркаларын алғаш рет 1852 жылы 15 қыркүйекте шығарды, ал алғашқы ұлттық пошта маркаларының көрмесі 1946 жылы 28-29 шілдеде Дюделанж қаласында ұйымдастырылды.

Мерейтойлық марка «Post Luxembourg» ұлттық пошта компаниясының қолдауымен шығарылды. 170 жылдан астам уақыт ішінде «Post Luxembourg» жоғары стандартты қызметтерді ұсына отырып, ел тұрғындарының өмірінде маңызды рөл атқарады.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» логотипі бар марканың алғашқы даналары Люксембург Ұлы Герцогтігінің мемлекеттік құрылымдарының, ұйымдарының, компанияларының, сондай-ақ Люксембургтегі «Қазақстан-Люксембург» Қазақтар қауымдастығының өкілдеріне берілді.

Сондай-ақ жуырда Түркия Қазақстанның 30-жылдық Тәуелсіздігіне орай арнайы монета шығарған болатын. Аталған монетада «Қазақстан Түрік Қағанаты мен Алтын Орданың мұрагері. Түрік дүниесінің жүрегі» деп жазылған. Бауырлас Түркия Түрік Қағанаты мен Алтын Орданы еске түсіре отырып, Қазақ еліне ниеттес екенін аңғартты. Ал өзіміздің құдайы көршіміз әрі одақтасымыз Ресей Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай неге сый жасамайды?

Мәселен Бельгия Корольдігі мен Түркия секілді мерейтойлық пошта маркаларын немесе арнайы монета шығаруға болар еді ғой. Өкінішке қарай «одақтасымыз» Қазақ елінің Тәуелсіздігіне салқын қарайтын секілді. Бұл енді түсінікті нәрсе. КСРО-ның құлауын «ХХ ғасырдағы гое-саяси апат» деп білетін Путин барда, Ресей Қазақ елінің Тәуелсіздігіне құрмет көрсетпейді. Сондықтан да мұндай елмен одақтас болмай, керісінше алшақтай түсу керек.

Серғали Асланбек