Рамазан айы, Ораза айт наурызға түсіп тұр: 2025 жылдың діни күндер кестесі бекітілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2025 жылдың діни күндер кестесін бекітті.

2025 жылғы Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түсіп тұр.
Ораза айт – 30 наурыз. Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға келеді.
Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан мына сілтеме бойынша жүктеп алуға болады.
Рамазан айында қандай дұғалар оқу керек?
Ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар: «Ораза ұстаушының ауыз ашқанға дейінгі, әділ басшының және жәбірленушінің дұғасы қайтарылмайды» деген. Осы ретте Оразада ең жиі оқылатын дұғаларды назарыңызға ұсынамыз:
- Ауыз бекітетін кезде оқылатын дұға. Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә». Бұл дұғаның мағынасы мынадай: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
- Ауыз ашар кезде оқылатын дұға: Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә Зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла». Мағынасы мынадай: «Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».
- Қадір түнінде оқылатын дұға. Бұл дұғаны Рамазан айының соңғы он күнінде көбірек оқыған абзал. «Уа, Алла! Расында, сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!». Бұл дұға былай оқылады: «Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни».
Кімдер ораза ұстамаса болады?
- Науқас адам. Егер мұсылман адам ауырып, ауыз бекіте алмаса, онда оразасын тоқтата тұрса болады. Бірақ қазасының орнын міндетті түрде толтыруы керек. Сонымен бірге қатты шөл не аштық қысып, соның себебінен өліп қалуы мүмкін болған жағдайда оразасын тоқтатып, кейін қазасын толтырса болады. Бұл жерде ескеру керек маңызды жайт: шыдауға болатын, елеусіз бір ауру болған жағдайда тоқтатуға тыйым салынған.
- Сапарда жүрген адам. Жолға шыққан адамның жағдайына, не сапарының қиын-жеңіл болғанына қарамастан оған аузын ашуға рұқсат етілген. Жолы жеңіл, еш қиындықсыз болса да сапардағы адам намазын қысқартып оқып, ораза ұстамаса болады. Бірақ жолдан келген соң басқа күндерде оразасының санын толтыруға міндетті.
- Қарт адам. Ораза ұстауға шамасы келмейтін, жасы келген адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оны өтемесе де болады. Дегенмен ораза ұстамаған әр күні үшін бір кедейді тамақтандыруы керек делінген. Бұл жазылмайтын дертке шалдыққандарға да қатысты.
- Жүкті және бала емізетін әйелдер. Егер әйел ауыз бекіту өзіне, не баласына қауіпті деп ойласа, онда оразасын тоқтата алады. Бірақ ұстай алатын болса, қаза қылуға тыйым салынады. Ұстамаған жағдайда кейін қазасын өтеуі керек.
- Жас балалар мен ақылынан адасқан адамдар. Жаман істерді жазатын періште баланың кәмелетке толғанынша, ұйықтап жатқан адамның оянғанша және ақылдан адасқан адамның есі жиылғанша істеген істерін жазбайды. Ораза да осы себепті бұл қатарға кіретін адамдарға парыз емес.
- Хайызы келіп жатқан және жаңа босанған қыз-келіншектер. Босанғаннан кейінгі қан не етеккірі келіп жатқандар оразадан босатылады. Қазасын кейін өтейді.