Құлыбаевтың вилласынан шыққан дау, Мәсімовпен кездескен Байденнің ұлы

0
991

Тимур Құлыбаевтың жақын серігі делінетін үнді миллиардері Арвинд Тику экс-президенттің күйеубаласының мүлкі жайлы есеп жариялаған компанияны не себепті сотқа берді? Оған Саннингхилл Парк зәулім сарайының иесі Тимур Құлыбаевтың қатысы қандай? АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден не себепті Кәрім Мәсімов пен Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы 120 миллион доллар келісім-шартқа ара ағайындық жасауға тырысты? 

Бұл туралы kznews.kz сайты azattyq радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ЗӘУЛІМ САРАЙЫ ЖӘНЕ СОТҚА ШАҒЫМДАНҒАН ҮНДІ МИЛЛИАРДЕРІ

Британ басылымдары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Ұлыбритания ханзадасы Эндрюдан 15 жыл бұрын сатып алған Саннингхилл парк вилласына тағы назар аударды. Бұған Батыс басылымдары Тимур Құлыбаевтың «жақын серіктесі» деп атап жүрген үнді бизнесмені, миллиардер Арвинд Тикудың S-RM Intelligence атты компанияның үстінен Ұлыбританияның жоғары сотына түсірген шағымы себеп.

Британдық Times басылымының жазуынша, Тикудың сотқа шағымдануына S-RM Intelligence компаниясының Тимур Құлыбаевтың Эндрю ханзададан Саннингхилл парк зәулім үйін 15 миллион фунт стерлингке сатып алғаны туралы есебі түрткі болды. S-RM Intelligence есебінде бұл вилла “Қазақстандағы мемлекеттік активтерді сатудан түскен ақшаның ізін жасыру үшін сатып алынған болуы мүмкін” делінеді. Есепте Арвинд Тику Тимур Құлыбаевтың «сенімді өкілі» деп көрсетілген, оның сотқа арыздануы осы мәлімет негіз болған. S-RM Intelligence компаниясын «жеке деректерді қорғау» заңын бұзып, өзінің ар-намысына нұқсан келтіргені үшін сотқа тартып, 50 мың фунт стерлинг өтемақы талап етіп отыр.

Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.
Саннингхилл-парк, Бакхерст-роуд, Аскот, Беркшир аймағы, Англия.

Тикудың адвокаттары S-RM Intelligence есебі құқық қорғау органдары әлдеқашан тексеріп, теріске шығарған айыптауларға негізделгенін алға тартады. Олар есепте Тику туралы жазылған жайттар жалған екенін айтып, үнді бизнесменінің еш уақытта Құлыбаевтың «сенімді өкілі» болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ Тикудың қорғаушылары ол Саннингхилл парк сарайын сатып алуға көмектесу арқылы ақша иемденбегенін және қаржының ізін жасырмағанын жеткізді.

Йорк герцогы Эндрю ханзаданың бес жыл бойы өтпей тұрған Саннингхилл парк зәулім сарайын Тимур Құлыбаев 2007 жылы сұралған бағасынан 3 миллион фунтқа қымбатқа сатып алған.

Times-тің жазуынша, герцог пен Құлыбаевтың өкілдері бұл келісімшарттың таза коммерциялық және заңды жолмен жасалғанын айтқан. Құлыбаев қандай да бір заңбұзушылық болғанын үнемі жоққа шығарып келді. Ал оның адвокаттары «ақшаның ізін жасыру» бойынша айыптау негізсіз, «Құлыбаевтың Саннингхилл паркті заңсыз ақшаға сатып алды деген тұжырым жалған» екенін мәлімдеген.

Тику мен S-RM Intelligence арасындағы дау британдық Daily Mail таблоидының да назарына ілікті. Басылымның жазуынша, Құлыбаевтың адвокаттары «оның процеске қатысушы тарап емес екенін, бірақ сенімсіз және тексерілмеген дереккөздерге сүйенген айыптауларға қарсы екенін» жеткізген. Бұл сот процесіне Йорк герцогы Эндрю ханзаданың куәгер ретінде шақырылуы мүмкін дейді басылым.

«БАЙДЕННІҢ ҰЛЫ КӘРІМ МӘСІМОВ ПЕН ҚЫТАЙ КОМПАНИЯСЫНЫҢ АРАСЫНДА ДЕЛДАЛ БОЛУҒА ТЫРЫСҚАН»

Британдық Daily Mail таблоиды мен АҚШ-тағы New York Post басылымы АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден экс-премьер-министр, қазір “мемлекетке опасыздық жасады” деген айып тағылған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен АҚШ санкциясы салынған Қытайдың CNOOC мұнай компаниясы арасындағы 120 миллион долларлық келісімге делдал болуға ұмтылғанын жазады.

Daily Mail-дің жазуынша, «Хантер Байденнің ноутбугіндегі электронды хаттар оның Мәсімовпен бірігіп, АҚШ санкциясы салынған Қытайдың мемлекеттік CNOOC энергетика компаниясымен «өте тиімді, мерзімі шектелмеген» келісімшарт жасауға тырысқанын көрсетеді».

Басылым Мәсімовке қазір тағылған айыптың бұл келісім-шартқа қатысы бар дегенді көрсететін дәлел жоқ екенін келтіреді.

Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов қытайлық әріптесімен бірге Пекиндегі салтанатты шаралардың бірінде. 2015 жыл.
Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов қытайлық әріптесімен бірге Пекиндегі салтанатты шаралардың бірінде. 2015 жыл.

Хаттар шамамен 2014 жылдың сәуірінде жазылған. Хаттарда Хантер Байден мен оның сол кездегі бизнес серіктесі Девон Арчер Қытайдың China National Offshore Oil Corp компаниясына «инвестициялық мүмкіндіктер» табуға көмектесу туралы ұсынысты талқылайды. Бұл уақытта Байден де, Арчер де украиналық Burisma Holdings энергетикалық компаниясының директорлар кеңесіне мүше болған.

«Егер CNOOC-пен Bursima-ны өзара байланыстыра алсақ, онда мұны мәңгілік ете алар едік» дейді Арчер 2014 жылдың 8 сәуірінде Хантерге жазған хатында.

Оған Байден: «Бұған тосқауылдар бар, бірақ…» деп жауап береді.

Кейінгі хаттарда Байден бұл мәмілеге мұнайға бай Қазақстанды тартып көрсек қалай деп жазады. Оған Арчер «бұл туралы ойланғанын, «бүгін Мәсімовтің ұлымен сөйлесетінін», «нәтижесін хабарлайтынын» жеткізеді.

Бір айдан кейін, 7 мамыр күні Хантер Burisma-ның атқарушы директоры Вадим Пожарскийге жазған хатында «CNOC пен Burisma арасындағы әріптестікті талқылау үшін Пекинге қонғанын жазады».

Тура сол күні Арчер де Пожарскийге хат жазып, Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен келесі аптада кездесетінін», «кездесуде Қазақстандағы жоғары сапалы қоры бар кен орындарымен қамтамасыз ету» талқыланатынын айтқан. Сонымен қатар Арчер артынша жанындағы «Алекс» есімді адаммен Қазақстаннан Пекинге Қытайдағы серіктестерін ақпараттандыру үшін ұшатынын жеткізген.

Хантер мен Девонның хаттарынан олардың Қазақстан үкіметі CNOOC компаниясына бұрғылау құқығын берсе, бұрғылау қондырғылары мен ұңғыманы басқару құқығы Burisma компаниясында өтсе деген мақсатты көздегені көрінеді. Девон «бұл мәміле оларды өмір бойғы пайдаға кенелтеді» деген.

2015 жылдың сәуірінде Хантердің Қытайдың Bohai инвестициялық компаниясындағы серіктестермен алмасқан хатында Қазақстандағы «мақсатты инвестиция» көлемі 120 миллион долларға жететін «Кармен жобасы» сөз етіледі. Бұл соманың 40 миллион долларын қытайлықтар қаржыландыратыны айтылады.

Daily Mail Хантердің электронды хаттарынан ол көздеген келісім-шарт жасасқан-жасаспағаны белгісіз дейді. «Дегенмен Bohai мен өзге қытайлық компаниялармен келісімшарттары арқасында Хантер мен оның отбасы кемі 31 миллион долларға қол жеткізді, ал Burisma компаниясының директорлар кеңесіне кіргені үшін ол ай сайын 83 миллион доллар алып отырған».

Басылымның жазуынша, Хантер Қазақстанда Мәсімовпен кездескен тұста, ол екінші мәрте премьер-министр қызметіне тағайындалған. Хантер электронды хаттарда Мәсімовті «жақын досым», ал оның ұлы Ескендірді «өте жақсы досым» деп атаған. Хантер өзінің серіктесі Арчер де Мәсімов пен оның ұлымен «аса жақын» болғанын келтіреді.

2015 жылдың сәуірінде Хантер әкесі Джо Байден АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқарған тұста қазақстандық үш бизнесмен, ресейлік миллиардер мен Мәскеудің «жемқорлыққа батқан» бұрынғы мэрін Вашингтондағы кафеге әкесімен ас ішуге шақырған. Бірақ кәсіпкерлер мен ресми тұлғаларды әкесімен кездестірген Хантердің басы кейін дауға қалып, оған «бизнесін реттеу үшін әкесін пайдаланады» деген сын айтылды.

Қызығы, кездесу болатын күні таңертең Арчерді «Уиллард» қонақ үйіндегі Мәсімовтің нөміріне онымен таңғы ас ішуге шақырады. Бұл Мәсімовтің көмекшісінің Арчерге жазған хатынан белгілі болды.

Бертінде ақпарат құралдарында Кәрім Мәсімов, Кеңес Рақышев, Хантер мен Джо Байдендердің бірге түскен суреті жарияланды. Бұл суреттің рас я жалған екені белгісіз. Дегенмен суреттегі адамдардың ешқайсысы оны теріске шығармады.