«Құдай жоқ!» деген де, «Кәпірсің» деген де жауапқа тартылуы керек пе?

0
174

Қазақстан заңнамасына «дінге сенбейтіндер құқығы» түсінігін енгізу жоспарлануда  деп хабарлайды Kznews.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді. Ал заң жобасы қашан қаралатыны әзірге белгісіз.

«Біз әлемдік  тәжірибеге сүйене отырып, дінге сенбейтіндердің құқығы сияқты тұжырымдаманы көтеруді жоспарлап отырмыз. Біз зайырлы мемлекетпіз, заң әрқашан дініне, конфессиясына, ұлтына қарамастан бірінші орында болмақ»,  – дейді комитет төрағасы Ержан Нүкежанов.

Осы мәселеге байланысты бірқатар азаматтарымыздың пікірін сұрап, төмендегідей жауап алдық. Ал сіз не дейсіз, діндар мен атеистің құқығы толық қорғалуы керек пе?

Мейірбек ХҰСАЙЫН, сатушы: «Қазақстанда дін ұстанған азаматтың көбін ескерсек, атеистерге арнайы құқықтық қолдаудың қажеті не дер едім. Біздің елде мұсылмандар көп. Соңғы кездері мұсылмандар қауымына қатысты жаңсақ пікір мен жалған ақпараттарды таратуда арамыздағы санаулы атеистер ерене еңбек етіп жүр. Сондай атеистердің кесірінен ұлы дініміз мазаққа қалып, киелі Құран сөздері табанға да тапталуда. Меніңше, атеистерді қорғайтын емес, атеистерге тыйым салатын заң керек».

Алмагүл БЕЙСЕНҚЫЗЫ, философия ғылымдарының докторы: «Өте дұрыс бастама дер едім. Себебі, қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң, дінді жақтағандар мен даттағандардың арасындағы даудан аяқ алып жүре алмайсыз. «Сен кәпірсің, намаз оқы, хиджаб ки, ораза ұста» деген сынды пікірлерін тықпалағандар тіпті, кейде ашық агрессияға да жол беріп жатады. Ал енді дінді емес, ғылым, білімді меңгеру керек дегендерді «тәңіршілдер» деп аяусыз сын тезіне алатыны тағы бар. Мен көзі ашық азамат ретінде діни сенімді әр адамның жүрегінде сақталуға тиіс жеке мәселесі деп қараймын. Адам ең алдымен дінді емес, білімді меңгеруге тиіс. Ал енді осындай түсініктегі адамдардың заңдық тұрғыдан қорғалуы қажет-ақ. Қорғалмаса, соңғы кездері мүфтиятқа шағымданушы мұсылмандар көбеюде. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Сондықтан дінді жақтаушы да, дінге қарсы адам да құқықтық тұрғыдан бірдей қорғалуын дұрыс деп санаймын.»

Самал МӘДИБЕК, дінтанушы: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл Ата заңымызда анық көрсетілген. Яғни, елімізде дін саласы саясаттан аулақ болуы керек. Алайда қазіргі кезде діннің кірікпеген жері қалмады. Балабақшадан бастап, мектеп, университетті былай қойғанда, биліктің өзін діндар азаматтар шырмап, матап, орап барады. Бұл қауіпті құбылыс. Дін әр адамның жеке мәселесі. Дінге сенбейсің деп бір-бірінің бетін тырнап, жаға жыртысатын қауым пайда болды Қазақстанда. Бұл абсурд! Надандық! Осы надандыққа заңмен тыйым салатын уақыт жетті деп санаймын. Діндар да, дүмше де, атеист те осы қоғамның азаматы. Олай болса, бәрінің құқығы теңдей қорғалуға тиіс.»

Асыл БАЛАБИ.