ҚҚС мөлшерлемесінің артуы: бюджет кірісін арттыру тетігі ме?

0

 

ҚР Парламент Мәжілісінде қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру және есепке қою шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету мәселесі талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс бюджет кірісін арттыруға ықпал етіп, әділетті салық жүйесін қалыптастыруға көмектеседі.

Салық төлеушілердің саны артады

Қазіргі таңда елімізде 2,4 миллион кәсіпкер тіркелгенімен, олардың небәрі 400-і ғана толық салық төлейді. Сарапшылардың айтуынша, салық саясатының тиімді жүргізілмеуі бюджет кірісінің төмендеуіне әсер етуде. Өткен жылы жиналған салық көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есе азайған.

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, кәсіпорындардың небәрі 4%-ы ғана ҚҚС төлейді. Кейбір кәсіпкерлер бизнесті жасанды түрде бөлшектеп, салықтан жалтаруға тырысады. Осыған байланысты есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Бұл шара салық жүйесін реттеуге және кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті теңестіруге бағытталған.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына әсер етпейді

Жауапты органдар ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етпейтінін алға тартады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бұл салықтан босатылады, ал денсаулық сақтау саласына 10%-дық жеңілдік қарастырылған. Құрылыс материалдарын сататын дүкендер де ҚҚС төлеуден босатылады.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, жаңа өзгерістер арқылы 300 мың кәсіпкерді салық төлеушілер қатарына қосу көзделуде.

Экономикалық тұрақтылық пен инвестиция мәселесі

Белгілі экономист, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің бюджет тәртібін сақтамауын сынға алды. Оның пікірінше, бюджет кірісі мен шығысы арасындағы сәйкессіздік сақталса, алдағы жылдары экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін.

— ҚҚС мөлшерлемесін арттыру салықтық әділеттілікті қамтамасыз етеді. Егер барлық кәсіпкер бірдей салық төлесе, шағым азаяды. Алайда, салық саясаты дұрыс жүргізілмесе, экономикаға кері әсер етеді. Өткен жылы жеке инвестиция көлемі небәрі 1,7%-ға артты, ал бұрын бұл көрсеткіш 10%-дан асатын. Инвестиция болмаса, болашақ та жоқ. Сондықтан Салық кодексі өте мұқият қарастырылуы тиіс, — деді экономист.

Жаңа салық саясатының тиімділігі алдағы уақытта жүзеге асатын нақты тетіктер мен олардың экономикаға әсеріне байланысты болмақ.