Қошановтың слесарьдан спикерге дейінгі мансап жолы

0

Қызмет жолының басым бөлігінде бұқара алдына шыға бермейтін лауазым атқарған аппаратшы Ерлан Қошанов осы айда мемлекеттік биліктегі үшінші қызметке тағайындалды. Президент әкімшілігін басқарған ол мәжіліс спикері бола сала депутаттар корпусының міндеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бастамаларын қолдау» екенін айтты. Азаттық Қошановтың Жезқазғандағы слесарь қызметінен Нұр-Сұлтанда жоғары лауазымдарға қалай көтерілгенін зерттеп көрді.

Бұл туралы kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Беймаза қыстың соңғы айының алғашқы күндері Қазақстан парламентінде жаңа депутат пайда болды. 1 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Ерлан Қошановқа депутат мандатын берді. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев оны ең беделді және ең көлеңкелі қызметтердің бірі саналатын президент әкімшілігі басшылығынан босаты туралы жарлыққа қол қойды. Бірнеше сағат өтер-өтпестен Қошанов төменгі палата төрағасы атанды. Оған дейінгі спикер Нұрлан Нығматулин төрағалықтан соның алдында ғана кетіп, оның депутаттық өкілеті тоқтаған.

«Мемлекет басшысының «жаңа Қазақстанды» құру жолында оған жоспарлы, ойлы және сапалы заңмен қолдау білдіруіміз керек» деді Қошанов палатаға келген күннің ертеңінде өткен отырыста.

Тоқаев «жаңа Қазақстан» құру жоспарын қаңтар оқиғаларынан соң жариялады. Елдегі саяси режимге қарсы өткен жаппай наразылық қантөгіс пен қырғынға ұласқан еді. Ал билік мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің алдын алғанын айтып, еш дәлел келтірместен тәртіпсіздікке «террористерді» кінәлады.

«Жаңа Қазақстанның» қандай болатыны, отыз жыл бойы құрылған бұрынғысынан немен ерекшеленетіні тек жалпылама айтылады.

Мәжілістің жаңа төрағасы қалай сайланды? Ақордадағылар «жаңа Қазақстанға» жету «кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформаларды жалғастыру» деп түсіндірді. Бұл ескі жүйенің сақталатынын меңзейтіндей. Бұған дейін билік реформа деп атаған өзгерістерді көбі көзбояушылық деп атаған еді. Мәжілісте де осындай жалпылама сөздерді қолданады: Қошанов парламент депутаттары қызметін «қайта ретке келтіруі керек» деді. Бірақ саясаттанушылар «нотариалды палата» деп атайтын, үкіметтің бастамаларын рәсімдеп отыратын парламенттің қалай «қайта ретке келуі» керегі тасада қалды.

ЖҰМЫСШЫ, КОМСОМОЛ, АСТАНАДАҒЫ ЛАУАЗЫМ

59 жастағы Ерлан Қошанов көбіне жұрт алдына шыға бермейтін қызметтерде болды. Бұл тізімге тек екі жыл бойы өзі туған Қарағанды облысының әкімі болған кездер ғана кірмейтін сыңайлы. Қарағандыда БАҚ өкілдерімен болған кездесудің бірінде, облыс басшысы қызметіне келгеніне жүз күн толғанда Ерлан Қошанов тілшілерге «журналист болуды армандағанын», бірақ тағдыры басқа жолға түсіргенін айтқан.

Қошанов партия мүшесі, совет жұмысшысы мен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Шет ауданында туған ол Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалын бітірген. 24 жасында «Жезқазғантүстімет» байыту фабрикасында слесарь болып жұмыс істей бастаған.

Қошанов жұмысшы орнында көп бөгелмеген. Көп ұзамай комсомол желісімен көтеріліп, Ленин коммунистік жастар одағы облыстық комитетінің инструкторы болған. СССР тарағанда сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі облыстық комитетте жұмыс істеп жүрген. 33 жасында жаңа екі палаталы парламенттегі ең жас сенат депутаттарының бірі болып, содан бері астанада тұрақтап қалды.

Ол парламенттегі үкімет өкілі, көлік және коммуникация вице-министрі, азаматтық авиация комитетінің басшысы, облыс әкімі қызметтерін атқарған. Бірақ Қошанов еңбек тәжірибесінің үштен бірін, жалпы алғанда 12 жылдан астам уақыт бойы премьер-министр канцеляриясында істеген.

Көбі канцелярияны хат қабылдап, құжатпен жұмыс істейтін орынға ұқсатады. Бірақ премьер-министр канцеляриясына одан да маңызды міндеттер жүктелген. Бұл орган үкіметке түскен хаттар мен шағымдарды қарастырып қана қоймайды. Сондай-ақ Үкімет отырысының күн тәртібін жасайды, заң жобалары мен қаулыларды сараптамадан өткізеді, үкімет басшысына әлеуметтік экономикалық жағдай жайлы материалдар дайындайды, премьер-министрдің баспасөз құралдарымен байланысын жүзеге асырады. Міндеттердің көп болуы біршама құқыққа да жола ашады: канцелярия мемлекеттік органдардың кез келген базасын, оның ішінде құпия базаларды да қолдана алады. Сондай-ақ канцелярия президент актілерінің, үкімет қаулылары мен премьер-министр тапсырмаларының орындалу мерзімін бақылайды.

Қошанов 2001 жылы канцелярияға басшы орынбасары болып келген. 2012 жылы канцелярия басшысы болып, осы қызметте 2017 жылы Қарағанды облысының әкімі болғанша отырған. Канцелярияда істеген кезде үзіліс те болған: 2005-2007 жылдары көлік және коммуникация министрлігінде жоғары лауазымда істеген.

МӘСІМОВПЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА?

Қошанов премьер-министр канцеляриясында жұмыс істеген 12 жылдың жетеуі үкіметті Кәрім Мәсімов басқарған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Көп жыл басшы орынбасары болған Ерлан Қошановты бәрі танығанына қарамастан, 2012 жылы Мәсімов Twitter’де канцелярия ұжымына жаңа басшыны таныстырғанын жазған. Ол кезде Қошанов пен Мәсімовтың таныстығына да біршама болған.

2012 жылғы 2 ақпан. Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада), премьер-министр канцеляриясының жетекшісі болып тағайындалған Ерлан Қошанов (сол жақта), канцелярияның бұрынғы жетекшісі Ғабидулла Әбдірахимов.
2012 жылғы 2 ақпан. Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада), премьер-министр канцеляриясының жетекшісі болып тағайындалған Ерлан Қошанов (сол жақта), канцелярияның бұрынғы жетекшісі Ғабидулла Әбдірахимов.

2016 жылы «Новое поколение» газетінде «Менің досым Азат» деген мақала шықты. Оның авторы ретінде партия-совет жетекшісі марқұм Болат Қошымбаев көрсетілген. Материалда ол 1970 жылары Мәскеуде Совет одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің Жоғары партия мектебінде оқыған кездерін есіне алады. Қошымбаев Қазақстаннан Мәскеуге 14 тыңдаушы кеткенін, оларды қатарында Жақан Қошанов пен Азат Машуров болғанын жазады.

«Біз өзара дос болдық, әрқайсымыздың өміріміздегі оқиғаларды бірге атап өтетінбіз. Мен Жақан Қошановпен екі жыл бір бөлмеде тұрдым. Бұл жайлы оның ұлы әкесінің құрметіне шығарған кітаптағы естеліктерімде жаздым. Азаттың бөлмесі біздікінің жанында болатын, сондықтан үшеуіміздің жұбымыз жазылмайтын, бір-бірімізге тартып тұратын. Мәскеуге балаларымызды ертіп жұбайларымыз келгенде бір-бірімізге ерекше қамқор болатынбыз. Жақан екеуіміздің отбасымыз қасымызда болғанда, ет асатынбыз. Ал Азаттың отбасы келгенде ол өте дәмді шығыс палауын пісіретін» деп жазады автор.

Материалдан Мәскеуден Қазақстанға оралған соң да партия мектебінің тыңдаушылары жақын байланыста болғанын байқауға болады. Алматы облысы Панфилов ауданының басшысы Азат Машуров кейін қызы Диляраны жас шығыстанушы Кәрім Мәсімовқа тұрмысқа береді. Ал Жақан Қошановтың отбасында ұлдары өсті.

Партия қайраткерлері отбасымен дос болып, балалары араласты деп дөп басып айту қиын, бірақ ашық дереккөздердегі мәліметтер Мәсімов пен Қошановтың жолы жиі түйіскенін көрсетеді.

2019 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің посткеңестік елдердегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының сайты «Ақорда VS «Кітапхана»: кадр саясатындағы басымдық кімнің жағында?» деген мақалада Қошановтың мансабы Мәсімовтікімен бірге өсіп отырғанын жазады.

Мәсімов пен Қошанов үкіметке шамамен бір уақытта келген. Мамандығы бойынша қытайтанушы Мәсімов көлік және коммуникация министрі болған. Ол бұл ведомстводан кеткен соң инженер-механик Қошанов вице-министр қызметіне барған. Ал Мәсімов премьер-министр болғанда, Қошанов оның канцеляриясында істеген. Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кеткенде, жарты жылдан соң Қошанов әкім болып тағайындалған.

Бірақ кейінгі жылдары олардың жолы екіге кеткен. 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде Тоқаев Кәрім Мәсімовты комитет төрағалығынан алып тастады. Көп ұзамай Назарбаевтың жақын серігі болған шенеунік қамауға алынды. Мәсімовке мемлекетке сатқындық жасамақ болды, қызметін асыра пайдаланды, билікті күштеп басып алмақ болды деген айып тағылды. Жыл басынан бері Назарбаевтың туыстары мен оған жақын тағы бірнеше адам лауазымды қызметінен айырылды. Бұл Тоқаев пен Назарбаев арасында тартыс болып жатыр деген әңгімеге арқау болды. Бірақ қазіргі және бұрынғы президенттер шиеленіс барын жоққа шығарды.

Қошановтың спикер болуы Тоқаевтың оған сенетінін көрсетеді.

– Қошанов аман қалған аз адамдардың бірі: ол Назарбаев кезінде де, Тоқаев кезінде де қалды, екі жақтың да көңілінен шықты, – дейді Азаттыққа Қошанов еңбек жолын бастаған Жезқазғаннан шыққан белсенді Берік Жағыпаров. – Бұл оның соңғы қызметі емес деп шамалаймын. Ол алысқа шабуы мүмкін. Көп сөйлемейді, бірақ керек нәрсені әбден ойланып барып айтады. Икемді адам.

2021 жылғы 22 тамыз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) пен президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі Ерлан Қошанов (оң жақта)
2021 жылғы 22 тамыз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) пен президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі Ерлан Қошанов (оң жақта)

«МЕНІҢ БАЛАЛАРЫМ». ҚОШАНОВТЫҢ ОТБАСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Қарағанды облысының әкімі болып жүргенде Қошанов жеке өмірі туралы ақтарылып, іс-шаралардың бірінде «бақыт» деп нені түсінетінін айтқан. «Бақыт деген менің отбасым деп ойлаймын. Қыздарымның бақыты. Менің екі бүйрегім бар. Олар бақытты болса, мен де бақыттымын. Мен үшін бастысы – отбасым мен балаларым», – деді ол.

Ашық дереккөздерде Қошановтың Мәскеу тау институтының түлегі, жоғары оқу орнының оқытушысы Гүлжан Абауоваға үйленгені айтылады. Олардың 29 және 24 жастағы қыздары әкесінің тегін алмаған. Қазір Мөлдір Жақанова мен Алтынай Жақанованың немен айналысатыны белгісіз. Үлкен қызымен толықтай аттас Жақанова Мөлдір Ерланқызының есімі 2009 жылы «Болашақ» президент стипендиясы иегерлерінің тізімінде кездеседі. Мөлдір Жақанованың мамандығы «Қоршаған ортаны қорғау» деп көрсетілген.

Қошанов үйінде жалғыз бала емес. Оның ағасы Ғазиз Қошанов «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясының трансформация жөніндегі бас директорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген. 2020 жылы ұлттық компанияның жанармай құю орындары желісіне жауап беретін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» серіктестігі таратылды. Содан бір жыл бұрын жанармай құю станцияларының акциясы толығымен жеке адамға 60,5 миллиард теңгеге сатылған. Қазір желі иелерінің бірі Назарбаевтың күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев бақылайтын компания деп көрсетілген.

Ғазиз Қошанов – 1998 жылы Жезқазғанда тіркелген «Мағжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Компания қызметі «нақтыланбаған тауарлар ассортиментінің көтерме саудасы» деп көрсетілген.

ОБЛЫС ӘКІМІ БОЛҒАНДА НЕ ІСТЕДІ?

Қошанов облыс басшысы болғанда шиеленіс аз болмады. 2017 жылы Қарағанды облысында «»АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтерлері ереуілге шықты. Олар еңбекақыны өсіріп, зейнетақы жасын түсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Жұмысшылар щахтадан шығудан бас тартып, жер астында бес күн отырды. Қошанов шахтаға түсіп, келіссөз өткізуге шақырды. Кей талаптар ішінара орындалып, басқасын шахтерлер әлі де көтеріп келеді.

2017 жылғы 14 наурыз. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырып отыр.
2017 жылғы 14 наурыз. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырып отыр.

2019 жылғы қаңтарда «Ежелгі Рим» мейрамханасында жаппай төбелестен бір адам қаза тапты. Бұл Кавказ елдерінен шыққан адамдар иелігіндегі көңіл көтеру орындарын талқандауға ұласты. Күдіктілердің шетелге қашып кеткені жайлы әңгіме тарап, Қарағандыда толқулар басталды. Қошанов наразыларға шығып, оқиға тергелетінін, кінәлілер жазаланатынын айтты.

Қошанов әкім болып тұрғанда Атасу кентінен шыққан белсенді Ғалы Бақтыбаевты өлтірді (істің нүктесі әлі қойылған жоқ, кінәлілер жазаланбады), Жайрем ауданында ауыл тұрғындары мен шетелдік жұмысшылар арасында қақтығыс болды, елдегі ең ластанған қала саналатын Теміртау тұрғындары астанаға «қара қар» жайлы петиция жіберді. Бұл жағдайлардың бәрі Қошановтың имиджіне әсер етпегенге ұқсайды. Ол туған жеріндегі жұмысынан соң астанаға оралып, Тоқаев әкімшілігін басқара бастады.

– Ол Назарбаев жүйесінің бірі мүшесі. Басқа адамдардан жақсы да, жаман да емес. Мұндай өткір мәселелер әкімдердің бәрінде болады, Қошановтың кезінде де болды. «Ежелгі Рим» ісі мен шахтерлердің наразылығын алайық. Әкімдердің бәрі бірдей әрекет етеді. Олардың негізгі мақсаты — өзін құтқару, басқа ештеңе де емес. Уәдені үйіп төгеді де, ұмытады. Қошанов та сондай. Одан кейінгісі де, болашақта да сондайлар болады. Себебі жүйе сондай. Облыс әкімдері ешкім жағдайдың нашар екенін, жұмыс жоғын, әділдік жоғын, жалақы аз екенін айтпайтындай халықты уысында ұста деген тапсырма алады. Ал Қошанов немесе басқа адамдар жүйенің «қолшоқпары», – дейді Қарағандыдағы азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов.

Президенті әкімшілігіне ауысқан соң Қошанов Twitter’дегі аккаунтын жүргізбей кеткен. Парақшаны ол облыс әкімі болып жүргенде ашқан (басшылықтың жария үлгісін көрсетуге тырысқан болар). Ол 2019 жылғы наурызды соңында, Тоқаев президент болғанда пост жаза бастаған. Тоқаев дәл осы әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Микроблогында Қошанов жиналыстардағы, елді мекендерді аралаған кездегі суреттерін салған. 2019 жылғы қыркүйектен бері 572 адам жазылған парақша бір де бір рет жаңармаған. Мәжіліс спикері жариялылықты меңзейтініне қарамастан, Қошанов жаңа қызметке келген соң да парақша «тірілмеді».

Қошанов мәжіліске келген соң Қазақстан парламентінің екі палатасы да Тоқаев әкімшілігінен шыққан адамдардың қолына өтті. 2020 жылы сенат спикері де жылдам ауысып, бұл қызметке бұрын президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Мәулен Әшімбаев келген еді. Тоқаев оны экс-президенттің қызы, депутат мандатын тоқтатқан Дариға Назарбаеваның орнына қойған. Ал Әшімбаев депутат мандатын алған күні сенат төрағасы болды.

Енді Тоқаевқа кез келген бастамасын парламенттен өткізу қиын болмайды. Жуырда депутаттар Нұрсұлтан Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айырып, онымен ішкі және сыртқы саясаттағы бастамаларды міндетті түрде бекіту нормасын алып тастады. 7 ақпанда Тоқаев бұл өзгерістерге қол қойды. Елдегі және шетелдегі сарапшылардың көбі қаңтар оқиғаларынан соң Тоқаев билігін нығайтқанын айтады. Кейінгі апталарда Қазақстанда «Кітапхана» туралы сирек, Ақорда туралы жиі айтыла бастады.