QazVac авторы: Қазіргі уақытта вакцинаны екі-үш жыл сынап жүрудің қажеті жоқ

0

QazVac екпесі бүгіннен бастап жаппай вакцинациялауға жіберілді. «Азаттық» тілшісіне сұхбат берген QazCovid-in екпесін жасаған ғалымдардың бірі, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетов вакцинаның қауіпсіздік деңгейі, жасалу технологиясы жайлы айтып берді.

«Әлемде 100 пайыз тиімді вакцина болмайды. 80, 70 пайыз болса да өте тиімді деп есептеледі. Қазақстандық вакцинаны адамға егіп сынау былтыр қыркүйекте басталған. Бірінші деңгейінде 44 адам таңдалып, оның 22-сіне екпенің өзі салынды, тағы 22 адамға плацебо, яғни, физиологиялық ерітінді салдық. Салыстырып қарасақ, сол 22 адамның бәрінің қан құрамында иммунитет пайда болды. Екінші кезеңде тағы 200 адамға ектік. Оның бәрінің ағзасында иммунитет пайда болды. Бұл әрине, кең ауқымды қолдану емес. Бірақ сынақ кезінде тиімділігі осындай болды» дейді Л. Құтымбетов.

Тілшінің сынақ мерзімі туралы сұрағына: «Пандемияның әр күні қаншама адамды өмірден алып кетеді, қаншама зияны тиеді. Экономикамыз да күн сайын құлдырап барады. Халық қиналады. Ондай кезде вакцинаның қауіпсіз, тиімді екені белгілі болса, жаппай қолдануға шығара беруге болады. Қазіргі уақытта вакцинаны екі-үш жыл сынап жүрудің қажеті жоқ. Оның технологиясы бұған дейін әбден зерттелген. Бұрын тұмау вирусы боса, қазір оның орнына Covid вирусын қойып, дайындап жатырмыз» дейді маман.

QazVac вакцинасының басқа әлемдік екпелерден айырмашылығы туралы: »

QazCovid-in вакцинасы өлі вирустан жасалады. Бұл баяғыдан келе жатқан технология. Мұның құрамында кәдімгі сол Covid ауруының залалсыздандырылған вирусы бар және оған иммуностимулятор қосылған. Құрамы осы екеуі. Одан бөлек кәдімгі су мен аздаған тұз бар. Мысалы, Sputnik V – векторлы вакцина. Онда тасымалдаушы ретінде басқа вирусты алады. Олар аденовирусты алған.

Ресей ғана емес, басқа да елдер де солай істейді. Яғни, аденовирусқа Covid вирусының аз ғана бөлігін жапсырады. Бірақ ондай вирустың пайдалы әсері әлемде әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан қандай боларын ешкім әлі айта алмайды. Америкалық вакциналар – геномдық вакциналар. Оны қолданған кезде -70 градуста ұстау қажет. Ресейдікі де тірі вирус болған соң оны бұзылып кетпеу үшін -20 градуста сақтау керек. Ал біздің вакцинаны тоңазытқышта қатты қатырмай алып жүре беруге болады. Осы түрлі вакцинаның ішінде Қазақстан вакцинасы – толық залалсыздандырылған вирустан дәстүрлі жолмен жасалған екпе. Өзгелерден артықшылығы да осы. Қорықпай сала берсеңіздер болады. Аллергиясы бар адамдар ғана дәрігердің бақылауында біраз отыру керек. Мұндай жолмен Қытай мен Ресейде де екпе жасайды» дейді ғалым.

Вакцинаны дайындауға жүзге жуық ғалым қатысқан. Оның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелгенін айтты.